Ердәулеттің жеңісі

Оралдық тоғыз жасар Ердәулет Нұрадин «balapan» телеарнасы жариялаған «Менің Қазақстаным» атты республикалық патриоттық бейнебайқауының жеңімпазы атанды.

Байқау шарты бойынша, үміткерлер өзін таныстырып, елінің дамуына қосып жүрген үлесі, алға қойған мақсаты, болашақтағы арманы, өнер-білім, спорт саласындағы жетістіктері, қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі туралы ойларын бір минуттық бейнеүзікке сыйғызып жолдау керек болатын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен 7-12 жас аралығындағы 500-ден астам бала қатысқан. Олардың ішінде еліміздің орталық, шығыс аймақтарынан қатысушылардың белсенділігі жоғары екен. Дейтұрғанмен, байқау қорытындысы бойынша, облыс намысын жалғыз өзі арқалаған Орал қаласындағы №46 мектептің 3 сынып оқушысы Ердәулет Нұрадин да іріктеліп алынған 16 жеңімпаздың қатарынан табылыпты.
Ердәулеттің жеңісіне ерекше қуанған жандардың бірі — оның сынып жетекшісі Бөлекбай Базаров.
Сан салалы спорт әлемінде жанына каратэні серік еткен менің кішкентай кейіпкерімнің қол жеткізген табыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Белгілі бапкер Сұңғат Жолданов жаттықтыратын каратэ үйірмесінің табалдырығын бес жасында аттаған Ердәулеттің бүгінде дипломдары мен кубоктарын есептемегенде, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарда жеңіп алған 18 алтын, 5 күміс, 3 қола медалі бар.
Сөйтіп, біздің Ердәулет «Менің Қазақстаным» патриоттық бейнебайқауының жеңімпаздарымен бірге жазғы демалыста «balapan» арнасының бағдарламаларына қонақ ретінде шақырылып, Астананың мәдени нысандарымен танысып, бас қаланың көрікті жерлеріне саяхат жасау мүмкіндігіне ие болды.

Айгүл Ахметова