Ердің анасы – елдің анасы

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде адамзат баласының асылы ана тақырыбын қаузаған оқырмандар конференциясы өтті.
Ұлы Дала иесі атанған ұлтымыздың арғы-бергі тарихында еріне адал жар, перзентіне ардақты ана болуымен ұрпаққа өнеге, отбасына ұйытқы, ұлтқа ұран болған аналарымыз аз емес. Шерлі шежіреміздің қай парағын ақтарсақ та тегі асыл аналарымыздың өнегелі ісі, айшықты жүзі мен ғибратты сөзінен нәр аласың. Өмірдегі шексіз мейіріммен, адамзатқа тіршілік нұрын төгіп, келешекке ақ сәуле, адал ниет нұсқап өмір сыйлаған асқақ құдірет иесі, адам сәулетшісі ол – Ана. Халық даналығындағы «Дүниеде үш нұр бар: біріншісі – күннің нұры, екіншісі – ақылдың нұры, үшіншісі – ананың нұры» деген терең мағыналы ұлағат тегін айтылмаса керек.

Осы ретте ұйымдастырылған шара оқу ордасындағы «Тәуелсіздік залында» кітап көрмесінен бастау алды. Кеш қонақтары арнайы бейнеролик тамашалап, басқосуды филология ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Көпбаева ашып, жүргізіп отырды.

Жиында әуелі ана тақырыбындағы шығармалар мен өзекті ойлар талқыланды. Кештің басты қонағы – халықаралық информатизация академигі, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Айтбай өзінің анасы туралы жазған «Түлкібастың Шынары» кітабы жайлы кеңінен әңгіме қозғады. Өз кезегінде оқу ордасының студенттері аталмыш шығармаға қатысты сауалдарын қойып, автордың жауабына қанықты. Сонымен қатар, жастар да өз аналарына арнаған өлең шумақтарын, эссе жазбаларын көпшілікпен бөлісті. Ана жайлы белгілі ақындардың сөзіне жазылған әндер шырқалды.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ