Ерекше бала тәрбиелеп отырған ана өз кәсібін ашты
Атырау қаласының тұрғыны Әслима Абайқызы кәсіп бастауға ештеңе кедергі емес екенін дәлелдеп отыр. Ол кәдімгі гипстен түрлі заттар жасайды. Атап айтсақ, әшекей бұйымдар салатын қобдиша, жуынатын бөлмеге арналған жиынтық, шағын шкаф, тойбастарға қажет заттар және күнделікті тұрмысқа арналған ыдыстар. Адал еңбектің арқасында жетістікке жеткен көпбалалы ана үйде отырып ашқан кәсібінің қыр-сыры туралы Тurkystan.kz тілшісіне айтып берді.
Әслима Абайқызы бала күтімімен үйде отырған кезде ойына бизнес бастау туралы идея келгенін айтады. Әдеттегідей әлеуметтік желіні қарап отырып, заманауи кәсіп ашуға құлшысы ояныпты.
Ерекше бала тәрбиелеп отырған ана өз кәсібін ашты
«Егіздеріммен үйде отырғанда кәсіп ашқым келіп, білім алдым. Өзім көпбалалы анамын. Бір балам туғаннан жүрекпен ауырса, екіншісі микроцефалия диагнозымен дүниеге келді. Балаларым осылай ерекше болып туды. Соған көндіге алмай, күйзеліске түскен едім. Сөйтіп, уайымға батып жүргенімде гипстен түрлі зат жасауды үйрететін жарнаманы көріп қалдым. Бірден қызығушылығым оянып, оқып алдым. Гипспен жұмыс істеу аса қиын емес, керісінше миды тыныштандырады», – дейді кейіпкеріміз.
Әслима Абайқызы гипстен қалаған затыңызды құю үшін көп дүние қажет емес екенін айтады. Ең бастысы, адамда қызығушылық болуы керек. «Шын ниетпен жасалған жұмыс жемісін береді» дейді ол. Шебер қажет материалдарды еліміздегі дүкендерден сатып алатынын айтады.
Ерекше бала тәрбиелеп отырған ана өз кәсібін ашты
«Өнімді жасап шығару үшін бізге су жане гипс қажет. Әдейі гипстің мүсінге арналған түрімен құямын. Одан кейін затты 3-7 күн аралығында ыстық жерге жерде кептіремін. Ары қарай сыртқы қабатын бояп, клиенттің сұранысы бойынша әрлеп беремін», – дейді Әслима Абайқызы.
Кейіпкеріміз жасаған заттарына сұраныс жоғары екенін айтады. Әсіресе, туған күнге, тойға, құдалыққа, бесік тойға сыйлыққа алатындар көп екен.
«Әшекей заттарды салып қоятын қобдиша мен «ракушка» – қазіргі маусымның тренді. Ішіне шоколад салып, клиенттің қалауы бойынша ұсынамыз. Қобдиша – айнаның алдына қоюға таптырмас бұйым. Тойбастарға да тапсырыс көп түседі. Клиенттің айтуы бойынша сыйлыққа түрлі зат жасап беремін. Күніне 50-ден 250 данаға дейін жасаймын. Сонымен бірге гипстен ваннаға арналған жиынтық, мысалы сабын, щетка салғыш және түрлі зат салып қоятын ыдыстар да жасаймын. Бұл – күнделікті тіршілікке қажет заттар», – дейді шебер.
Ерекше бала тәрбиелеп отырған ана өз кәсібін ашты
Әслима Абайқызының ендігі мақсаты – үлкен кеңсе мен цех ашу. Онда үйге қажетті заттармен қоса, құрылысқа пайдаланатын декоративті дүниелер жасауды жоспарлап отыр. «Тынбай жұмыс істеп, алға ұмтылсақ, ол күнге де жетерміз», – дейді ол.
Ерекше бала тәрбиелеп отырған ана өз кәсібін ашты
Ерекше бала тәрбиелеп отырған ана өз кәсібін ашты
Эльмира Ағабек