ЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІКТЕГІ БАЛАЛАРДЫҢ АТА-АНАЛАРЫ ДА ТЫС ҚАЛМАДЫ
«Nur Ai-Plaza» бизнес орталығының конференц-залында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Жамбыл облысынан сайланған депутаттары Ильяс Буларов пен Гүлдара Нұрымова аудандағы мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған ата-аналармен жүздесіп, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдады.
Кездесуді ашқан аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова анықтама ретінде ауданда мүмкіндігі шектеулі балалар үшін бір педагогикалық-психологиялық-медициналық түзету кабинеті мен бір оңалту орталығы жұмыс істейтінін айта кетті.
Кәріқорған ауылының тұрғыны Шарханбек Қожаназар аутизмге шалдыққан немересін апарып жүрген педагогикалық-психологиялық-медициналық түзету кабинетінің ғимараты ескі әрі тар екенін, балалармен жұмыс істеу үшін кең, жайлы ғимарат, сонымен бірге шалғайдан балалар тасымалына бір «Инватакси» қажет екенін алға тартты. Ол сонымен бірге депутаттар назарын республикалық оңалту орталығына аутизм диагнозымен әр өңірден бір жылға тек бір ғана квота бөлінетініне аудара отырып, осы квотаның санын ұлғайтуға ықпал етуін сұранды.
Екі мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ана Гүлфия Жұмағалиева медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясының мүгедектік мерзімін бір жылға беретінін, балаларға санаторийларға жолдама алудың қиындығына шағымданды. Ол осы ретте «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына жүгініп, баласын емдетуге қалай көмек алуға болатынын сұрады. Көпбалалы ана Гүлнұр Сартбаева баласының бір айлығында инсульт алып, церабралды сал ауруына шалдыққанын айтып, «осы санаттағы балаларға арналған үйірмелер ашылса» деген ұсынысын жеткізсе, жалғыз басты ана Бану Қалмырзаева баласы киетін ортопедиялық аяқ киім сапасының өте нашар, әрі тар болып келетініне шағым білдірді.
Ата-аналардың шағымдарын мұқият тыңдаған Парламент Мәжілісінің депутаттары Ильяс Буларов пен Гүлдара Нұрымова мүмкіндігі шектеулі балалардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін кездесуде айтылған барлық сын ескертпелердің назарға алынатынын айтты.
Кездесуге қатысып отырған аудан әкімі Олжас Қаржауов мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсететін мекемелердің ғимаратына қатысты сұраққа жауап берді.
ЖУАЛЫ АУДАНЫ