​Ересек адамның есеюіне көмектесетін 9 әрекет

Біз ұсынған осы 9 әрекетті орындаңыз!

Көпшілік арасында «бойы өссе де ойы өспей қалған» деген теңеу бар. Бұл ересек жасқа келсе де есеймеген адамдарға айтылады. Психологияда бұны бала позициясы деп атайды. Өкінішке орай, бала позициясындағы үлкен адам көп. Олар ересек позициясына қалай өту керек? Алдымен екі позицияның айырмашылығын біліп алған жөн. Бірге талдап, саралайық. Бала позициясындағы ересек Ақша жинай алмайды; Тәуекелге баруға қорқады; Қарны тоқ болса — бақытты, басқа қажеттіліктерге бас қатырмайды; Ұйқыны жақсы көреді; Өз ақылымен ешнәрсе істей алмайды, басқалардың сөзіне ереді; Мәселелерін өзгелер шешіп беруі керек деп ойлайды; Қызыққұмар; Өзін қорғансыз, әлсіз санайды. Айналасындағы адамдардан көмек күтеді; Өз пікірі, таңдауы жоқ. Қырсық, қыңыр; Өкпелегіш, тез ренжиді; Жылауық; Өзіне не керек екенін білмейді; Мақсаты жоқ; Қиялшыл. Үй, көлік ол үшін арман күйінде қалады; Алданып қала береді. Ересек позициясындағы адам Ересек позициясындағы адам ақылға қонымды, логикалық, бейтарап әрекет етеді, шынайы жағдайды объективті түрде бағалайды. Фактілерге сүйенеді; Проблемалардың шешу жолдарын іздейді; Эмоцияларға емес, дәлелдерге сенеді; Өз өміріне жуапкершілікпен қарайды; Мақсаты бар; Әр қадамын ойланып басады; Уақыты жоспарлы; Кінәні өзінен іздейді, қателіктерін қайталамайды; Таңдау жасай алады. Жалпы адам күнделікті өмірде бала және ересек позицияларын алмастыра отырып әрекет етеді. Мысалы қызметте жетістігі көп, қаншама істі қатар дөңгелетіп отырған адам алданып қала береді делік. Ол сол қателігінен сабақ алмайынша ересек позициясынан бала позициясына ауыса береді. Осы секілді көп мысал келтіруге болады. Ересек адам екі позицияның тепе-теңдігін сақтауы керек. Қажет жерде бала позициясынан шығып, өзін-өзі қолға ала білгені абзал. Немесе өз-өзімен жұмыс істеу арқылы үнемі ересек позициясында қалуға болады. Әрине ол уақытты, тәжірибені талап ететін процесс. Бұл процесті мына әрекеттер жылдамдатады. 1. Жауапкершілік алу Адам өз өміріне жауапкершілік алу арқылы ішкі мотивациясын күшейтіп, өзін-өзі түсінеді. Сондықтан ең әуелі шешімдеріңіз бен әрекеттеріңіз үшін жауапкершілікті толық қабылдаңыз. Бұл сіздің өміріңізде не болып жатқанына қатысты ересек ұстанымды қалыптастырады. Сонымен бірге жалқаулықтан құтылыңыз. Өйткені әрекетсіздік пен жалқаулықтан арылу – жауапкершілікті қабылдаудың бір бөлігі. Есте ұстаңыз, сәтсіздіктер үшін басқа біреуді кінәлау – жауапкершіліктен қашу болып табылады. Әрбір таңдауыңыз сіздің болашағыңызды қалыптастырады. Жақсы өмір сүру, көлікті және баспаналы болу, әдемі сымбат, сәнді киіну, білімді болу, көп табыс табу, бақытты болу — таңдау. 2. Мақсат қою және жоспарлау Нақты мақсаттар қойып, соларға жету жолын жоспарлау – ересек позициясының белгісі. Ең бірінші өмірде не қалайтыныңызды айқындаңыз. Сонда нақты, қол жеткізуге болатын, әрі уақытпен шектелген мақсаттар қою жеңіл болады. Жылдық, айлық, апталық жоспарлар құрыңыз. Бұл мақсаттарды кішкентай қадамдарға бөліп, сол қадамдарды біртіндеп жүзеге асыруды бастауды оңайлатады. Жоспарды қадам-қадаммен орындау арқылы мақсатыңызға қарай тоқтамай ұмтыла беріңіз. 3. Эмоционалдық бақылау Эмоцияларды бақылау және қиын жағдайларда сабырлы, ұстамды болу – ересек адам қасиеттерінің бірі. Эмоционалдық интеллектті дамыту арқылы, сіз шиеленісті жағдайларда ақылға қонымды шешімдер қабылдай аласыз. Кез келген шешімді жеті рет өлшеп, содан соң қабылдвңыз. 4. Өзін-өзі дамыту Адам өз-өзіне сенімді болғанда және өзін-өзі танығанда ешкімге жалтақтамайды, өзіне не керек екенін біліп мақсаттарына ұмтылады. Ол үшін әрине ең алдымен өзіңізді танып, күшті және әлсіз жақтарыңызды мойындаңыз. Бұл – жеке өсу жолындағы алғашқы қадам. Содан соң күшті жақтарыңызды жетілдіріп, білім алуға, жаңа дағдыларды үйренуге талпыныңыз. Ересектерге тән белсенділікті, өзіңіздің жаңа мүмкіндіктеріңізді ашуға көмектесетін дағдыларды қалыптастыру жеке тұлғалық дамуға септігін тигізеді. 5. Өткеннен сабақ алу Балалық, жастық кезеңде кеткен қателіктерді талдаңыз, қайтадан жол бермеуге тырысыңыз. Өткен қателіктерден үйреніп, болашақта соларды қайталамау үшін қандай қадамдар жасау керектігін жоспарлау – ересек адамның ұстанымы. Өткен шақтағы қателіктер мен өкініштерден арылып, оларды өзіңізге сабақ ретінде қабылдаңыз. Бұл орайда өзіңізді және басқаларды кешірудің маңызы зор. Бұл өміріңізде жаңа парақты ашуға, есеюдің жаңа деңгейіне көтерілуге мүмкіндік береді. 6. Шешім қабылдауда дербестік Басқа адамдардың пікіріне тым қатты тәуелді болмау, өз шешімдеріңізге сеніммен қарау өте маңызды. Бұл өзіңіздің өміріңіздегі басты тұлға екеніңізді мойындауға көмектеседі. Өз бетіңізше шешім қабылдаған сайын өміріңізге жауапкершілігіңіз артады. 7. Уақытты басқару Уақытты тиімді пайдалануды үйреніңіз. Уақытты тиімді пайдалану дегеніміз — өз міндеттеріңізді уақытында орындау. Бұл өзіңізді ретке келтіруге, өнімді болуға, жоспармен жүруге және жұмысыңызды дер кезінде орындауға көмектеседі. Сондықтан әрбір күнге жоспар құрып, сол жоспарды орындауға бар күшіңізді салыңыз. 8. Өзін-өзі қадағалау Ойларыңызды, мінез-құлқыңызды бақылап, ішкі уәждеріңізге сәйкес әрекет етуді үйреніңіз. Бұл өз мінезіңізді түзеуге, кемшіліктерді күзеуге және өзіндік бақылауды қалыптастыруға, тәртіппен өмір сүруге үйретеді. Ал өзін-өзі бақылау мен тәртіпке үйрену өмірде табысты болуға көмектеседі. Өсу жолыңызға үнемі назар аударып, әр түрлі жағдайларда өзіңізге сырт көзбен, сын көзбен қарап, кемшіліктеріңізді түзетіп отырыңыз. 9. Құрбан күйінен шығу Үнемі шағым айту, жақын адамдарды жамандау, өміріне налу бұл — құрбан адамның күйі. Осы уақытқа дейін жеке мәселелеріңізді айтқанмен, жарыңыз бен бауырыңызды, ата-анаңыз бен балаңызды жамандағанмен, ешкім өміріңізді өзгертіп бермейтінін түсінген боларсыз. Сырыңызды сыртқа шашып, мұңыңызды айта бермей, оны шешудің жолдарын іздеңіз. Бақытты, бай болуға, әрекетке көшіңіз. Позитивті, мәселелерді шешу жолдарын іздеп, «Мен мұны істей аламын» деген сенім қалыптастырыңыз. Сенім ішкі күмәнді, қорқыныштарды жояды. Біз ұсынған осы 9 әрекетті орындау арқылы сіз әрқашан, барлық жағдайда ересек позициясында бола аласыз.

Жазира Смағұлова, ERNUR.KZ

Фото: ашық дереккөзден алынды