Ерке Ертістің жағасындағы серуен
Павлодар қаласының шырайын енгізіп, қала қонақтары мен тұрғындары үшін сүйікті демалыс орнына айналған Ертіс өзенінің жағалауында «ЕrtisPromenade» жазғы маусымы басталды. Ерке Ертістің жағасындағы төменгі жағалауда жазғы сахна құрылып, ол жер ән мен күйдің, би мен думанның ордасына айналды.
Жағалаудағы алғашқы мерекелік шара 1 маусым – балаларды қорғау күніне орайластырылды. Мереке күні бұл жерде елордамыз Астана қаласының 20-жылдық мерейтойына арналған балалар мен жасөспірімдердің музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің «Сәлем саған, Астана»шеруі өтті.
Шеруге облыс орталығындағы мектептер мен колледждердің оқушыларынан құралған үрлемелі, соқпалы аспаптар оркестрлері қатысты. Жалпы қатысушылардың саны 4 000 адамды құрады.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша Астананың 20 жылдығына арналған шеру өңіріміздің барлық аудандары мен қалаларында бір уақытта өтіп жатыр.
— Бұл — республикалық деңгейде ұйымдастырылып жатқан шара, — деді Дінислам Болатханұлы. -Облыс бойынша мерекелік шеруге 183 білім беру мекемесінен 12 мыңнан астам бала қатысып жатыр.
«ЕrtisPromenade» орталық сахнасы үлкен іс-шаралар кешеніне айналып, облыс басшылығының қолдауымен жаз бойы қала тұрғындары мен қонақтарына тамаша көңіл-күй, керемет демалыс сыйлайтын болады.
Дәл осы күні кешкі уақытта «ЕrtisPromenade» сахнасында аймағымызда дәстүрге айналып, осымен екінші рет өткізіліп отырған «Джаз палитрасы» ІІ Халықаралық фестивалі өтті. Кеште жергілікті өнерпаздармен қатар, арнайы шетелдік қонақ – АҚШ-тың Калифорния штатынан келген Шола Адиза-Фаррар өнер көрсетті. Шола Адиза-Фаррар қазіргі таңда Парижде өнер көрсетіп, еуропалық тыңдармандарды тәнті етіп жүр. Сондай-ақ, джаз кешінде ҚР Мәдениет қайраткері Виктор Шейкин басқаратын облыстық джаз оркестрі тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды.
Екінші маусым күні «ЕртісПроменад» сахнасында қазақ халқының сүйікті ұлдары – әйгілі «МузАрт» вокалдық триосы тыңдармандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбековтің айтуынша Төменгі жағалаудағы сахнада жаз бойы қазақстандық және павлодарлық өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік кештер өткізіледі. Алдағы уақытта Ертістің жағалауындағы сахнада Ертіс-Баян өңірінен түлеп ұшқан әншілер Меруерт Түсіпбаева, Ринат Малцагов, Роза Мұқатаева және барша Қазақстанға танымал эстрада жұлдызы Қайрат Нұртас пен «Жігіттер» квартеті ән салатын болады.
Әлихан Рахметоллаұлы