«Ерке-Нұр» компаниясы қазақ халқының салт – дәстүрі мен қолөнерін қайта жаңғыртуымен ерекшеленбек
«Ерке-Нұр» кәсіпорны 1997 жылы құрылып, ұлттық киім және ұлттық киім үлгілерінің негізінде өркениет талғамына сай қазіргі заманғы киім тігіп келеді. Қазақстан жеңіл өнеркәсібінде өзінің ерекше бағыт бағдарымен танылған «Ерке-Нұр» компаниясы қазақ халқының салт – дәстүрі мен қолөнер шеберлерінің ежелгі әдісін сақтай отырып ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған жаңа стильдегі жоғары сапалы киім, әртүрлі арнайы жұмыс киімдері мен кәдесыйлар шығарады.
«Ерке-Нұр» компаниясының табыстары үкімет жағынан жоғары бағаланып, бірқатар марапаттарға ие болды.
Атап айтқанда, 2002 жылы Алматы қаласы әкімінің «шағын кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін» дипломына, 2005 жылы III, 2006 жылы II дәрежелі «Өнімнің жоғары сапасы үшін» дипломына ие болды.
2008 жылы Францияның Other Ways менеджмент және консалтинг Халықаралық қауымдастығы ұйымдастырған «Кемелді, жоғары сапалы және таңғажайып жұмысы үшін» берілетін Еуропалық «Алтын сапа»және «Платиналы түйреуіш» халықаралық сыйлығын жеңіп алды.
2008 жылы «Алтын сапа» өңірлік көрме-конкурсының «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша II дәрежелі дипломмен марапатталды.
2014 жылы «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсында мақтау граммотасымен марапатталып, II орынды иеленді.
Компания президенті Фарида Мерхамитқызы ел президенті Н.Ә.Назарбаевтың Республика Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай арнайы алғыс хатына, 2011 жылы Президент сайлауына белсене қатысқаны үшін Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталған еңбекқор жан. Сондай-ақ «Ата заңның 10 жылдығы», «Астананың 10 жылдығы», «Атамекен Одағы» ұлттық экономикалық палатасының III дәрежелі «Атамеккен» медалін және «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалін кеудесіне тақты. 2007 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласы кәсіпкерлері арасында «Ең үздік кәсіпкер әйел» атағына ие болды. 2008 жылы 30 мемлекеттің өкілдері қатысқан Оксфорд саммитінде «Ерке-Нұр» үздік кәсіпорын ретінде ең жоғары марапатқа ие болып, кәсіпорын президенті Фарида Мерхамитқызы Британдық жоғары «Queen Victoria» (Крест Королевы Виктории) марапатын иеленді.
Кәсіпорын жанында 2004 жылдан бері «Ерке-Нұр» сән театры жұмыс істеуде. Қазақтың ұлттық киімдері мен ұлттық киімдердің негізінде дүниеге келген бірнеше таңғажайып коллекциялары бар театр ұжымы Қытай, Түркия, Германия, Бельгия, Голландия, Америка елдерін аралап, қазақтың киім үлгілерін көрсетіп, үлкен құрметке ие болып қайтты. «Жыл таңдауы» байқауының қорытындысы бойынша «ең үздік сән орталығы» марапатына ие болды.
Қазақстан халықтары Ассамблеясымен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқан «Ерке-Нұр» 2004 жылы 5 желтоқсанда Ассамблеямен бірлесіп Республика сарайында қазақ халқының және Қазақстан халықтарының ұлттық киім үлгілерінен алғаш рет қойылым жасап, көрермендер назарына ұсынды. Дүниежүзі Қазақтарының III Құрылтайы кезінде Елбасының иығына жабылған көк шапан да «Ерке-Нұрдың» әйгілі өнімдерінің бірі болатын.
2007 жылдан бастап қыз-келіншектерге арналған «Ерке-Нұр» деп аталатын республикалық әдеби-танымдық сән журналы шығып келеді. 2008 жылы «Ерке-Нұр» сән театры компанияның 12 жылдығына орай «Керім-ау, айдай!» атты сән кешін өткізді. Онда 200-ден аса ұлттық киімдер мен ұлттық киімдер негізінде жасалған заманауи киімдердің үлгісі көрсетілді.
«Әсем киім – әйел көркі-2011» байқауының қорытындысы бойынша 22 киім үлгісін ұсынған «Ерке-Нұр» сән театры бас жүлдені иеленді.
2013 жылы компания президенті Фарида Мерхамитқызы «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» және «Мәдениет саласының үздігі» Мемлекеттік атағын алды. 2016 жылы Алматы қаласының мәслихат депутаты болып сайланды.
Сонымен қатар, осылай үлкен жетістікке жетуі ұжымның және сол ұжымды бірлікте ұстап отырған Фарида Мерхамитқызының арқасы деуге болады.
«ЕлАна» қоғамдық-танымдық сайты