«ЕРКЕ СЫЛҚЫМ» ЕЛОРДАДАН ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

Астана қаласында Германия мен Қазақстан бірігіп, би жарысын ұйымдастырды. Дүбірлі додада облысымыздан «Анаға тағзым» орталығының «Ерке сылқым» бишілер тобы қатысып, бағын сынап көрді.
Жас өрендер арасындағы байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен би топтары келіп қатысты. Халықаралық байқауда бақ сынағандардың жас ерекшелігі 7-18 жас аралығын қамтыды.
Талантты жастар сайысында «Ерке сылқым» хореография үйірмесінің орта және кіші топтары 5 би түрін мың бұрала орындады. «Неше күнгі тынымсыз дайындық өз жемісін берді. Өзара мықтыны анықтау барысында әр нөмірге жеке-дара баға берілді. Бас қаланы мойындатқан «Ерке сылқым» би үйірмесінің өнерпаздары бас жүлде және бірінші орын иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді», деп жазады орталықтың баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, «Анаға тағзым» биі – I орын, яғни олардың орындауындағы «Біз мықтымыз», «Үнді биі», «Киіз басу» билері бас жүлдеге бағаланды. Орталықтан барған 34 қатысушының әрбірі диплом және медальдармен марапатталды. Өнер өлкесіне қанат қаққан жеңімпаз бишілеріміздің республикалық байқауда жеңімпаз атанып, биік тұғырдан көрінуіне би жетекшісі Ұлжан Қадырбаева және кішкентайлардың ата-аналары зор үлес қосты.
Айта кету керек, ата-аналар мен «Анаға тағзым» орталығының ұжымы думандатып, жеңімпаздарды Тараз теміржол бекетінен күтіп алды.

Ажар Ниязбекова,
студент