«ЕРКЕ СЫЛҚЫМ» ЕЛОРДА ТӨРІНДЕ

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының концерт залында жерлесіміз, күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», 2 дәрежелі «Достық» «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақ ұлттық өнер университетінің Құрметті профессоры, облысымыздың, ауданымыздың құрметті азаматы Әбдімомын Желдібаевтың 85 жас мерейтойына арналған «Күмбірле, күйім, елімде» атты концерті өтті.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен еліміздің мәдениет саласына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар қатысты.
Ал Әулиеата өңірінен облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбековпен бірге арнайы барып, облыс әкімі Н.Нұржігітовтың құттықтауын жеткізіп, қазақы дәстүрмен абыз қариямыздың иығына шапан жауып, сый-сияпатын табыс етіп, құрмет көрсеттік.
Концертте Ә.Желдібаевтың бірқатар туындылары орындалса, өнердегі төлқұжатына айналған атақты «Ерке сылқым» күйі шырқалғанда көрермендер құрмет көрсетіп, орындарынан тік тұрып тыңдады. Бұл да жерлесіміздің күй өнеріндегі құдіретін білдірсек керек-ті.
Ауданымызбен қатар, тұтас еліміздің мақтанышына айналған біртуар күйші бар ғұмырын күй өнеріне арнағанын жұртшылық жақсы біледі. Жерлесіміздің ел мәдениетіне қосқан үлесі де ұшан-теңіз. Ол ауданда жүріп-ақ «Шу еркесі» халықтық ән-би ансамблінің негізін қалап, ансамбльдің республикалық, облыстық фестивальдерге қатысуына тікелей себепші болды. Ә.Желдібаев сексеннің сеңгіріне шықса да өңірдің мәдениет саласына әлі күнге дейін үлес қосып, артынан ерген шәкірттеріне жол көрсетіп келеді.
Аталған мерейтойға қатысты іс-шаралар легі алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Сәкен Арубаев, Шу ауданының әкімі