ЕРКЕГІ ҚАНДАЙ, ӘЙЕЛІ СОНДАЙ!

Қазақ, қыз баланы ұяңдыққа тәрбиелейді. Әдепті болсын дейді. “Кісі отырғанда кірме, күлме, көзіне түспе”-деп, жат көздерден қызғанады. Қорғайды. Расымен де ұяң, әдепті қыз өседі, нәтежиесінде. Айтуға ұялады. Сұрауға ұялады. Барлық эмоциясын ішінде сақтайды. Қалауын айтпай-ақ түсінетіндерге арқа сүйейді.
Тұрмысқа шығарда да қазақ қыздары ұяңдығымен өтеді. Әсіресе, шетелдің еркектерінің қызығатыны содан. Үлбіреген, үнсіз жымиятын қыз неге ұнамасын?!
Өмір-алапат күрес қой. Бірде ыстық, бірде суық. Бірде бар, бірде жоқ. Бірде қуаныш, бірде қайғы. Толған парадокс. Адам баласы осы кереғар процестердің бәрін өз көкірегінен өткізіп, өз кеудесімен көтереді. Еркек те, әйел де. Мұндай өмірге дайын болмасаң, қиын!
Өте қиын!
Шаттанасың… Құлазисың… Шарықтайсың… Құлдырайсың… Көп!
Әйелдің жаны нәзік. Жағдаяттарды жүрегімен қабылдайды. Әсершіл жаратылыс. Кем-кетік, салқындық, “бір кем” жанын ауыртады. Бірақ, ол үндемейді. Төзуге тырысады. Өзін-өзі жейді. Мүжіп тастайды. Үнсіз. Ішінен.
Қашанғы шыдайды?
Сыздауық та сыздап жүріп, бір күні жарылады ғой. Әйелдің де шыдамы таусылғанда, жарылады. Айғайлайды. Жылайды. Түңіледі.
Сен оны жетесіне жеткізіп сүйе алмасаң, сүйдіре алмасаң, ол сенің ата-анаңды, бауыр-туғаныңды қалай сүйеді? Олар, оған жат. Сен арқылы бауыр басып, сыйлап, жақсы көрмей ме?!
Мұны, қазақтың еркегі түсіне алмайды. Ұяң, жуас, біртоға деп алғаны неге өзгереді? Шошиды. Жерінеді. Безінеді.
Шаңырақ шайқалып, ошақтың оты жылпылдап, отбасын аяз шарпып кетеді. Өйткені, үйдің тыныштығы, берекесі, шаттығы — әйелдің еншісінде.
Бірте-бірте әлгіндегі әдепті, ұяң әйел бәдік, ұрысқақ, долы қатынға айналып кетуі де ғажап емес. Бір айтқан ауыз, екі айтады. Үш, төрт… Толып кеткен көкіректі босатып, тазалап, түбіне жете алмай арпалысады.
“Өй, әкеңнің! Саған не болған? Өзгергені несі, мынаның?”-деген пиғыл, әйелді ашындыра түседі. Ерегес, өкпе, кек, жиіркеніш асқына береді-асқына береді.
Стоп!
Қазақ әйелі, бала күніндегідей еркелеткенді, әр сөзіне мән беріп, мұқият тыңдағанды, шашынан сыйпап, маңдайынан сүйіп, аялай, риясыз тап-таза махаббатпен қарағанды қалап жүр деп ойламайсыз ба? Қай жасқа келсе де, әйелдің ішінде “қыз” өмір сүреді. Сырты есейгенмен, іші есеймейді әсершіл жанның. Нәзік, қияли қыз отыр онда. Сүйегі қурап қалған ата-әжесінің, өліп қалған әке-шешесінің мейірімді дауысын, жұмсақ алақанын сағынып жүр, байғұс. Үйін, балалық шағын аңсап жүр. Жалғызсырап жүргелі қашан! Ал, сен оған: “Қонағымды күт!”; “Кірімді жу!”; “Тамағымды жаса!”… “Мен, шаршап жүрмін!” … “Сендерді бағайын деп…”-деген базынаңды тықпалайсың. Міндетсінесің. Ол енді естімейді,сені. Сол себепті түсінбейді.
Құрым шайды іше берсең, тамырларыңды сор жауып, қан да өтпей қалады. Холестерин — жүректі жығып тынады. Әйелдің тамырын холестерин жауып қалған. Қайдан естиді? Пайдалы, емдік “суспензияны” ішкен жоқ.
Бір зиянға бір пайдалы, бір шипалы, бір емді болмай ма?! Қыз кезінде оған ауыртпалық көрсеткен жоқ. Барды алдына тосты. Ұлды емес, алдымен қызды киіндіріп, қызды бұлаңдатты. Содан да ол саған үлбіреп, жадырап, қан тамырлары тап-таза күйінше бұйырған.
Әйел-үй шаруасын тындыратын аппарат емес!
Әйел-қалай бұрасаң, солай майысатын темір де емес!
Әйел-жұп. Жар. Дос. Махаббат.
Оның бары-сен ғанасың!
Саған сеніп, қолыңнан ұстап, өміріңе келді. Қонаққа келген жоқ. Мәңгілікке келді. “Ақтық демім, алақаныңда шыққанша”-деп келді.
Құлдыққа келмеді!!!
Сені “қорғаным” “сезімім” “жартым” деп келді!
Сен оны өткен өмірінен, тәтті қиялынан, бар әдетінен айырсаң әділеттілік пе? Тоңмойын болсаң адамдық па?
Сенің әйеліңді қазақы әдеппен тәрбиелеген. Ол, кемін, керегін айтудан, сұраудан ұялады. Өзің сұра. Тап. Толтыр…
Жан қалауын да, тән қалауын да ескер! Аш! Бар құпиясын аш! Жүрегінің кілтін бұра!
Еркелет. Тыңда. Жақта
(Қате болса да! Әйел, өз қателігін біледі. Тек, ішін босату үшін айтады. Сен жақтасаң, ол іштей ұялады. Басылады. Түзеледі)
Серуендет. Қызған.
(Қызғану-ұрып-соғу емес! “Өзге еркектің саған үңілгенінен қызғанамын”-десең, ол сенің сезіміңе лайық болғысы келіп, жайнай түседі. Сенің қызғанышың жанын жылытып, тәнін қытықтайды. Мақтанады)
Сыйлық сыйла.
Бір тал гүлге де қуанады, нәзік жан иесі. Сол гүлмен сезімін, жүрегін ұсынып тұр деп ойлайды. Ғашық болады. Сүйеді. Сенеді.
Сүйген әйелден ғаламат энергия бөлінеді. Енді ол сенің энергияңды жұтпайды. Жалмамайды. Сені қуаттандырады. Энергияңа энергия қосылса, күнде қуаттанып отырсаң күшің тасып, көңілің көтеріліп, тәнің сергиді. Жаның рахаттанады.Жолың болады! Рахатын өзің көресің!
Әйел, не алса, соны қайтарады. Еселеп қайырады. Баққа бақ. Кекке кек. Сезімге сезім.
Оның “ең сұлу” әйел екеніне сендір. Ол-сенгіш!
Оның “ең сүйікті” әйел екенін сезіндір. Ол-сүйгіш!
Мұндайда, сен ең бақытты еркекке айналасың. Ақшасыз да, дүниесіз де! Әйелге сенім мен сезім ғана керек! Онсыз, сенің ақшаңа да, дүниеңе де пышқырмайды. Лашықта да сүйе алады қазақ әйелдері. Сен сүйсең!
Сен сүйсең, ол сенсе қандай тау болса да қопаруға бейіл. Күресуге ниетті, қазақ әйелі.
Сен үшін!
Әйел, сенің айнаң!
Еркегі қандай, әйелі сондай!
Еркектің қандай екені әйелдің көзінде жазулы тұрады.
“Қатыным ақшаға тоймайды”-деп шатаспа!
Оған ақша емес, сен керексің!
Мейірімің, сезімің, сенімің, ыстық құшағың керек!
Қазақтың отбасы бұзылмасыншы! Ошағы қирамасыншы! Шаңырағы шайқалмасыншы, жігіттер!
Қазақ әйелі жыламасыншы!
Өтініш!
Елдігімізді сақтап қалайық!

Самал Зікірияқызы Шаймерденова