Еркектерімізді қай зобалаңда жоғалтып алдық?
«Тәңірім-ау, қан сасып жаудан келетін, тер сасып малдан келетін, ошақ қасы, шаңырақ астында ақ дегені алғыс боп, қап дегені қарғыс боп күркіреген, жанұясын ғана емес, мұқым әулетін арыстандай ақырып, жолбарыстай жусатып отыратын баяғының алдаспан-еркектері қайда? Оларды қай зобалаңда, қандай топалаңда жоғалтып алдық?..» Болжам көп. Дөп басу қиямет. Қазақ: «Заманақыр жақындағанда жалған данышпандар қаптайды» деуші еді, біз де солардың қатарын көбейтіп көрелікші.
СЕРКЕ АЗАМАТТАРЫМЫЗ, ТҮЙСІКТІ КЕЛІНШЕКТЕРІМІЗ ҚАЙДА?
Еркек те, әйел де анадан туады. Сол ананың тәрбиесі арқылы әйел бала етек жабады, ұл бала ержетеді. Етек жабу — ұят, ардың әліппесі. Ержету дегеніміз — бой түзеу емес, ой түзеу. Нағыз азамат болу. Ертеректе шаңырақ тізгіні ерлердің ашса алақандарында, жұмса жұдырықтарында екен. Еркектер сырттан мал кіргізсе, үйдегі әйелдер оны іс қылыпты. Әйелдердің басты кәсібі әулетке ұрпақ әкелу, ұл мен қызға тәрбие беру болыпты. Ошақ басының береке-бірлігін ұйытуды әйелдер өз мойындарына алған көрінеді. Құдай-ау, қазір сол мың сан қол бастап «Абылайлап» жауға шаппаса да, ошақ басын тырп еткізбей ұстайтын, пәленбай әйелінен туған боқташақтарын тентіретпей, ешкімге алақан жайғызбай асырайтын серке азаматтарымыз қайда? Азаматының айтқандарын орындамауды үлкен күнә, шариғатқа деген алапат қарсылық деп түсінген түйсікті де сүйкімді келіншектеріміз қайда? Оларды қай қоғамдық формация жұтып қойды? Қай топалаңда айырылып қалдық? Мектеп те, балабақша да, жоғарғы санатты тәрбиешілеріміз бен ұстаздарымыз да, пенденің кірпік қағысынан ішкі жан дүниесі кілтипандарын тап басып ажырата аламын дейтін психологтарымыз да, адамның іші мен сыртын, алды мен артын, қарабақайы мен әр тал шашын микроскоп табақшасына шалқасынан салып зерттеп жатқан институттарымыз бен профессор-академиктерден кекіріп отырған университеттеріміз де жыртылып айырылады. Алайда…
Ұрпақтарымыз неге азып барады? Тірлік көзі, пенделердің іс-әрекеттері неге ғана жағымпаздық пен жәдігөйлікке, аярлық пен азғындыққа, тұтастай алғанда адами моральға мүлдем қарамақарсы бағытқа көш түзеді? Бағанағы азамат деп ат қойып, айдар тағып, үкілеп отырған еркектеріміз осы былыққан, ылыққан дүниенің — драма трагедияның басты кейіпкерлері. Ошағы ойран болып, қатыны сайран көріп жүргенінде шаруасы да жоқ. Қатынына қой деп, іштен шыққан шұбар жыланына өй деп жақ аша алмайды. Айтып көрсін! Қатыны тылағын аузына тосып, баласы бетін тырнап алады. Сөйте тұра, басшы, депутат болудан үміті бар әлгі неменің. Болып та жүр. Кереғар дүние деген осы, ағайын. Не боп кетті бұл заман?!
«САУЖОЙ» ЖӘНЕ ҚАЗАҚТЫҢ МОМЫН ӘЙЕЛІ
Еркек неге ез, қазақтың момын әйелі қалай ғана алдаспан болып кетті? Өткен ғасырларда қазақ отбасында еразаматтың орны биікте болғаны ертегі емес. Шындық. Ол сол дәуірлердегі әйелдер жаман, ақылдары шолақ болған деген сөз емес. Мұсылман тәртібіне бағынған. Шариғат жолын қатаң ұстанған. Пайғамбар хадистері әрбір мұсылман пендесі үшін Ата Заңнан да жоғары тұрған. Моральдық кодекс. Сондықтан әйел жұрағаты ерлерімен бет-бедел, абырой жарыстырмаған. Әманда соның тілеуін тілеген. Алдын қиып өтпеген. Қысқасы, ерінің айтқаны қазақ әйелі үшін заң болған.
Заман озды, ел де, әдет-ғұрып та тозды. Қоғамдық формация ауысты. Беліне наган байлап, қолына найзалы мылтық ұстап, тұяғы тиген жерін қып-қызыл қанға бөктіріп большевиктер шықты сахнаға. «Құдай жоқ, ендігі құдайларың да, сөз ұстайтын пайғамбарларың да біздерміз» деп көпірді. Көнбегендерді атты, асты, қырды. Әйелдерге теңдік әпереміз деп лепірді. Сондағы теңдіктерінің басты баптары: еріңнің тілін алма, ә десе, мә де, ол іштен тепсе, сен бастан теп, ұстаған жеріңде қолың, тістеген жеріңде тісің қалсын, балаңның тәрбиесін үкіметке тапсыр, сен білегіңді түріп тастап еркекпен жағаласып қызмет қыл, егер күйеуің қол көтерсе, біздерге айт, біз оларды әкесіне танытамыз» т.б. Жаңа қоғам қазақ әйелінің көзін, сауатын осылай ашты. «Саужой» (сауаттылықты жою) осылай басталды. Осындай мазмұнды, адамзатты аздыруға, шайтандық ісәрекеттерге (арақ ішу, темекі шегу, жезөкшелік, сайқалдық т.б.) насихаттайтын кинолар келді өмірге. Кинофильмдер коммунистік билік идеологиясының басты құралына айналды. Биліктің сойылын соқты. Оның ұлы өнер екендігі соңғы қатарға ысырылды. КСРО деген алып империя тырдай жалаңаш қалған ұятын социалистік реализм деген жабумен бүркемеледі. Сол кинолардың саяси астарын бір төбе десек, «тәлімі мен тәрбиесі» бір төбе еді. «Мосфильм» мен «Ленфильмнің» өткен ғасырдың 30-жылдарынан бергі кино шежіресіне зерделеп қарасаңыз: қазақ әйелі неге ардан безді, неліктен бұзылды, қазақ қоғамындағы адами моральдің іргетасы неге іріп-шіріді, пәленбай ғасырлардың тезіне төтеп беріп әбден үстіріктелген, шымырланған, шыңдалған әдетғұрпымыздың кешені неліктен тоз-тозы шықты дегендей мың сан сұрақтарыңызға татымды жауаптар аласыз. «Қазақфильмнің» жайы белгілі, аты бар да, заты жоқ мекеме. Көзімізді ашып сүйсінгеніміз, санамызды айтақтап түйсінгеніміз — Ресей фильмдері. Орыстардың кез келген киносын алып көріңізші, ылғи бір күйеулерін жерден алып, қайтара сол жерге қазық етіп қағып, ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып қарғапсілеп, беттерін тырнап жатқан әйелдер. Тіпті балаларға арналған фильмдеріндегі титімдей қыздарының өздері ұлдардың шаңын қағып, сілкілеп жатады. Мұрындарын шырт-шырт тартып, сүмірейіп тұрған еркектер…
Қазақтың қызы да, әйелі де әлгі киноларды көріп «қанаттанып» шығысты. Ұяттан безген, безген емес-ау, жеті аталарынан бері ұят туралы түсініктері болмаған ұлт іс-әрекеттерін өздеріне үлгі-өнеге етісті. Апыр-ау, мәдениет дегеніміз осы екен ғой десіп, етпеттерінен түсті. Биліктің өздерінің сойылын соғатынын жақсы біледі. Момын әйелдерімізге жал бітті. Тамырларында күйеулеріне деген қарсылық қаны тасыды. Желікті. Желіктірді. Қазақ еркектерінің «тақтан түсу» ойынының бір парасы дүниеге осылай келгенін өтірік деңізші. Айта алмайсыз. Әкесін «сілкілеп» жатқан шешені қөрген қыз кейін тұрмысқа шыққаннан соң әлгі «технологияны» әрі қарай дамытатыны қаны сорғалаған шындық…
ҰЛЫҢ ҚҰЛҒА АЙНАЛСА, ОДАН НЕ КҮТЕСІҢ?
Біз ұлдың тәрбиесіне тым қатты қараймыз. Отырма, жатпа, тұрма, өйтпе, бүйтпе деп, шақшадай басын шарадай етеміз. Ойлауына, ойлануына, өзіндік шешімдер қабылдауына мүмкіндік те бермейміз. Сондай қатаң қалыптан шыққан ұлдарымыз бара-бара тек орындаушы рөлінде қалады. Оның бұл қанына сіңген әдеттен үйленген соң да ада-күде арылып кетуі неғайбыл. Әйелінің айтқанынан шыға алмайтын, ол түшкірсе зәре-құты қалмайтын, қайын жұртынан басқаны тануға талпынбайтын, ары қарай ма, тіпті он ойлап бір кесетін, зерделі де білгір, басшы шықпайтын азаматтарды өздеріміз «тәрбиелеп» жатқанымызды білсек қане. Ошақ басына билігін жүргізе алмайтын еркектен ұлт жоғын жоқтайтын, руханиятымызды түгендейтін тұлға шықпайтыны, бесенеден белгілі. Ал шешесінің әкесіне деген «шалт» қимылдарын, одағай қарым-қатынасын бойына сіңірген қызға, әлгіндей әлжуаз күйеуді игеру аса қиындық туғызбайды. Оның үстіне қазақ қыз тәрбиесіне жеңілдеу қараймыз: «Қыз жат жұрттық» дейміз, «Қыз — қонақ» дейміз, әйтеуір қыздарымызды бетінен аса көп қақпай, еркіндеу өсіреміз. Еркіндік — ойлау қабілетін арттыруға молынан ықпал ететін фактор. Қыздарымыздың өткірлеу, өжеттеу, ұшқыр ойлы, кез келген мәселеде жарқылдап көзге түсетіні сондықтан. 1986 жылғы желтоқсанда жігіттерімізді алаңға жетектеп жеткендер де, тәуелсіздіктен кейінгі «Азиялық дағдарыс» аталған кезеңдегі қиынқыстауда қатты белсенділік танытқан да қазақ қыздары. Дағдарыста бұрыннан да босбелбеу ерлеріміз дағдарып, алаңдап, абыржып қалды да, әйелдер естерін тез жинады: Қытай. Түркия, Қырғызстан, Ресейге шапқылап, киім-кешек, таңдайымызға басар талқан әкеліп, мұқым ұлтты жоқшылық батпағынан сүйреп шығарды. Өтірік пе? Тағы да қаны сорғалаған шындық. Ал жанұяны әлеуметтік жағынан қамтамасыз етіп отырған жанның сол шаңырақтағы абыройы үстем болатыны да ақиқат. Соны біле, көре отырып, «әйелге еріңді сыйла, алдынан қия басып өтпе, оның сөзі саған заң» деп талап қоюдың өзі кереғарлық па деп қаласың. Жанұяны әйел асырап отырса, еркек ас ішіп, аяқ босатушы арамтамақ болса, оған екінші әйел әперіп, не жыны бар әйелінің. Сондықтан қазаққа екінші әйел алу керек пе, жоқ па деген мәселені газеттерде, электронды ақпарат құралдарында көтеріп те қажеті шамалы.
АНА ТІЛІН «ҚОС ӨКПЕДЕН» ТЕПКЕН, ҚҰЛАҒЫ ТЫҒЫН, АУЗЫ САҒЫЗ ҚЫЗДАР-АЙ!..
Ерін тәңіріндей сыйлау, ошақ басының береке-бірлігін айрандай ұйыту, ұрпағына ұлттық тәрбие беру, ағайын-туғанды шаңырақ төңірегіне топтау, тағы да басқа әлеуметтік маңызға ие шаралардың барлығының өз деңгейінде болуы әйелдердің ақылы мен көргенділігіне тәуелді. Қазақ адамдардың моральдық деңгейлерін көргенді, көргенсіз деп жіліктейді. Көргенсіз деген — қарғысқа бергісіз сөз. Ал көргенді дегеннің ауқымы да, абыройы да тым үлкен. Жалпы, көргенді әйелдеріміз көп болса, мемлекетіміздің іргесі де мықты, ұлттық негізіміз де шымыр болар еді. Амал қанша!
Ұлттың бет-бейнесін айшықтайтын атрибуттардың бастысы тіл десек, дәл осы тұста жерге кірердей төменшіктейтініміз рас. Бұл мәселеде басқа ұлттардың беттеріне қарайтындай бет те қалған жоқ бізде. Қорланып біттік әбден. Тілді тербететін — ана. Әйел. Ана тілі деп ат қойып, айдар тағатынымыз сондықтан. Тіліміздің тағдыры әйелдердің қолында. Әрине, биліктің де ықпалы, тигізетін әсерлері бар шығар. Алайда оны мәңгіліктейтін — әйел-аналарымыздың тіліне, ұлтына деген сүйіспеншілігі… …Автобустамыз. Иін тірескен жұрт. Бет-аузын баттастыра бояған қазақ кемпірі. Жанында төрт-бес жас мөлшеріндегі бүлдіршін қыз. Немересі болар. Қыз бояубет апасының бүйірінен түрткілеп, орысша сөздердің қазақша баламасын сұрайды. Тапсырма берсе керек. Әлгі қара кемпір бүлдіршінге тәуір-ақ зіркілдеді. — Не мути мой голова. Русский язык знаеш и хватит! — деп көршілес отырған салиқалы орыс әйеліне қарап таңқылдай күлді. Анадан қостау күткені. Орыс әйелі теріс бұрылып кетті. Күлген жоқ. Ана қазақ кемпірінің бейшаралығын түсінген шығар. Автобустағы қалған қазақтар жер болдық. Тіпті әлгі кемпірдің талғамсыз боялған бетіне қарауға жиіркендім.
Тілімізге, жалпы руханиятымызға бүгінгі таңда әйел-аналардың қамқорлығы әсіресе қажет. Қыздарымыздың ана тілін қос өкпеден теуіп, оған шекелерінен қарап, жаппай орыс тілінде сайрап жүргені тым үрейлендіреді. Құлағы тығын, аузы сағыз қыздарымызда ойлануға мүлдем уақыт жоқ. Тым-тырақай шапқыласып барады. Ойсыз, толғақсыз. Ертеңгі күнімізді болашақ деп атар болсақ, анау шапқылап, орысша шүлдірлеп бара жатқандар — сол болашағымыздың аналары. Қазақстан болашағының аналары. Қазақ ұлтының аналары. Ұлдан нағыз нар тұлғалы азамат, ұлты үшін жанын садақалайтын кесек тұлғалар, халқы үшін бары мен бағын құрбандыққа шалып жіберетін қайраткерлер, қыздан абыз-ана құйып шығаратын ұста-зергерлер де, мемлекетті созылмалы дерттен емдеп жазатын дәрігер-оташылар да аналар. Ұлттық педагогикамыздың профессорлары мен академиктері де аналар. Жасаған иеміз сол аналарымызға иман мен зерде берсін деп тілейік.
Әлібек ҚАҢТАРБАЙ