Ерлан Қарин «Qazaqstan» телерадиокорпорациясын бір жыл ішінде қалай өзгертті? (Видео)
1 жыл, 12 ай, 365 күн
Erlan Karinнің «Qazaqstan» корпорациясының тізгінін қолына алғанына тура осынша уақыт өтіпті. Не өзгеді? Бұған дейін елдің ішкі және сыртқы саясатына байланысты өзінің көзқарасымен танылып, басқарушы партияның стратегиясын түзумен жүрген саясаттанушы өзінің халыққа кең танылуына ықпал еткен БАҚ-ты, оның ішінде тарихы мен мазмұны терең Ұлттық арнаны басқаруы қарапайым көрерменге не берді? Саясаттан келген басшы, идеологиялық құралда қандай саясат жүргізді?
Сөздің шыны керек, дәл осы қызметке басқа басқа Е.Қарин келеді деп ешкім күткен жоқ. Келді. Бұрынғы әккі журналистер «бала не істей алар дейсің» деген пікірде болғаны да жасырын емес. Бірақ, ә дегеннен ақ, тосырқап қалмай бірден ұлттық мәселелерге, саяси маңызды жобаларға кірісіп кеткені оның іскерлігін көрсетті. Мәселен, өзім жүргізетін «1-студия» саяси ток-шоуын алайықшы. Ең бірінші шығарылымынан бастап, бұрын соңды Ұлттық арнаның эфиріне шықпақ түгіл, жаңалықтарында жарты секунд жылт етпейтін оппозиция өкілдері саяси ток-шоуға қатысып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талқылады. Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық, көзі қарақты көрермен көріп отыр. «Басты тақырып», «Мәселе», «Елден хабар», «Парасат майданы» секілді өмірдің сан қырын саралаған бағдарламалардың экранға шығуы, онда әртүрлі «салмақтағы», көзқарастары қайшы немесе үндес тұлғалардың өз ойларын бүкпесіз, ашық айтуы, қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық мәселелерді өткір қозғалуы – көрерменнің көңіл төрінен орын алды деп ойлаймын. Егер саясаттанушы болмаса, сол экранға шыққан оппозиция өкілдерін шақыруға өзге журналист тәуекел етер ме еді?
Саясаттанушы ретінде Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы бастамасын ең алғаш болып іс жүзінде қолдап, өзгеруді өзінен бастаған да осы Ерекең. Бұрын «Қазақстан» болып келген корпорация бүкіл 14 филиалымен бірге қазір «Qazaqstan»!
Былтыр қызметке келе салып ақ, наурыздың басында Алаш қайраткерлері туралы фильмдер түсірілуі мүмкін деген болатын. Жылдың соңына дейін Алаштың 100 жылдығына арналған деректі фильмдер тоқтамасы түсіріліп, эфирге шықты. Оны айтасыз, сол зұлмат жылдарын еске түсіретін 14 сериядан тұратын «Тарзаман» фильмінің де түсірілімі аяқталды. Оның сыртында ұлттық сананы, рухани қажеттілікті өтейтін қаншама отандық сериалдар осы 1 жылдың ішінде түсіріліп, көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. Жаздың соңында әлемге әйгілі Джеки Чанды Астанаға алдырып, қазақ көрерменін тағы бір қуантты. Алдағы уақытта, Әлем адамымен бірлесіп кино түсіру де жоспарда бар екен.
Бұрын Ұлттық арнада ірі тележобаларды немесе телесериалдарды, көркем фильмдерді түсірер алдында бір қайнатып алатын Көркемдік кеңес бар болатын. Ерлан досым келгелі Сарапшылар кеңесі құрылды. Оған көрнекті қоғам және өнер қайраткерлері кіріп отыр. Сол сияқты, әне-міне дегенше Қазақ телевизиясының 60 жылдығы да келді. Қазір, корпорацияда осы аса үлкен, жауапты іс-шараны қайда және қалай атап өтеміз деген мәселе дуылдап тұр. Қара шаңырақтың 60 жылдығын атап өту де Ерлан досымның тәлейіне бұйырыпты. Жақында ғана бірнеше сағат отырып, корпорацияның алдағы жоспарлары жайлы сөйлестік. Саясаттанушының биылға құрған стратегиясы да өте салмақты, сауатты.
«Жұмыс істемеген адам ғана қателеспейді, қозғалмаған ғана сүрінбейді». Оcы тұрғыдан келгенде Ерекең осы 1 жылда Ұлттық арнаны жаңа деңгейге көтеріп қана қойған жоқ, ол өзі де тұлға ретінде өсті.
Досыма шығармашылық табыс, рухани өсу және мығым да берік ұжым тілеймін!