Ерлан ҚОШАНОВ, Қарағанды облысының әкімі: «КИЕЛІ ҚАЗАҚСТАН» ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАРҒА РУХАНИ КҮШ БЕРЕДІ

Қайнаған қалың байлық Қарағанды,
Маңына жайып отыр миллион жанды.
Байқасаң Қара алтынды кенін көріп,
Маңызы табысының өте мәнді, — деп Иса Байзақов жырлағандай, көмірімен нөпір халыққа жылу сыйлаған, қойнауы кенге толы Қарағандының Қазақ Елі үшін қашан да орны ерекше. Қара алтынынан бөлек, көкірегі нұрға, көмейі жырға толы халқымен танымал Қарағанды жұртының бүгінгі халі қалай? Бұл жөнінде өткен аптада Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде облыс әкімі Ерлан Қошановтың өз аузынан естіген едік.

«Игі істер корпорациясы» игілікке жол бастайды

Аймақ басшысының айтуынша, қарағандылық-тардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан түрлі іс-шаралардағы белсенділігі жоғары. Мәселен, бағдарлама шараларына шамамен 1 миллионға жуық адам, немесе аймақ тұрғындарының 2/3 бөлігі жұмылдырылған. Басқа облыстардағыдай бұл өлкеде де «Туған жер», «Қасиетті Қазақстан», «Қазақстан Мәдени Жетістіктері», «100 жаңа кітап», «Қазақ тілінің латын графикасына ауысуы», «100 жаңа есім» секілді арнайы жобалар жүзеге асып жатыр.
— Облыс бойынша 456 түрлі жобалар құрылған, олардың жартысы қазіргі таңда жүзеге асырылып үлгерді. Ұсынылған жобалардың жалпы құны 13 млрд. теңгеден асады. Бұл соманың 5 миллиардқа жуығы — демеушілер мен меценаттардың қосқан үлесі. Бағдарламаны жүзеге асыруға 200 Үкіметтік емес ұйым, 40 этно-мәдени орталықтар және 25 волонтерлік ұйымдар жұмылдырылған. Атап айтқанда, кітап басып шығару, стандартты акциялардан бастап, әлеуметтік нысандардың құрылысы, ауқымды фестивальдер мен зерттеулерге дейін жүзеге асып жатыр, — дейді Е.Қошанов.
Бұдан бөлек, ол кейінгі кездері кеңінен танылып келе жатқан стартап жобаларды жүзеге асыру мақсатында өз идеяларын ұсынуға мүмкіндік беретін Азаматтық бастамаларды қоғамға өте пайдалы деп есептейді.
— Бұған дейін жекелеген азаматтардан идеясы ұтымды 100-ге тарта ұсыныстар келіп түссе, оның кейбірі бағдарламаға енгізілді. Мысалы, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытатын мультимедиялық жүйе құру, мұражайларға арналған смарт-экспозициялар секілді жобалар көпшіліктің көңілінен шығып жатыр, — дейді әкім.
Е.Қошановтың сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда тағы бір қызықты жоба дайындық үстінде екен. «Игі істер корпорациясы» деп аталатын мобильді қосымшаны дайындаған қарағандылық жас жігіт «Азаматтық бастамалар күнінде» ерекше көзге түсіпті. Оның бұл жобасы жүзеге асып, мобильді қосымша іске қосылса, республика тұрғындары белгілі қайырымдылық жобаларына, акцияларына аз да болса қол ұшын соза алады. Нақтырақ айтқанда, қайырымдылықпен айналысатын жобаларға ең кемі 50 теңге жіберуге болатын «Игі істер корпорациясы» мобильді қосымшасы мұқтаж жандардың игілігі үшін қызмет етпек.

Облысты газдандыру
шахтерлерді жұмыссыз қалдырмайды

Көмірмен күн көріп отырған кеншілердің отбасы мыңдап табылатын Қарағанды облысының халқын ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың соңғы Жолдауы толғандырып тастағаны белгілі. Десе де, брифингте қойылатын сұрақтардың басым бөлігі шахтерларға қатысты болатындықтан, облыс әкімі бұл жөнінде жақсы дайындалып келіпті.
— Қарағанды облысын газдандыру шахтерлер мен көмір өнеркәсібінің дамуына кедергі келтірмейді. Елбасының газдандыруға қатысты бастамасы біздің аймақ үшін өте маңызды. Бүгінгі таңда магистралдық газ құбырын салуға арналған жерлерді бөлуге қатысты барлық мәселелер толықтай шешілді. Біз облысымыздың тұрғындары газды Астанамен бірге алады деп жоспарлап отырмыз, сондықтан қазірдің өзінде тарату желілері жобалары құрылып жатыр. Газ құбырының 1136 шақырымының 863-і Қарағанды облысының аумағы бойынша өтеді. Көгілдір отынмен 100-ден астам елдімекен қамтылмақ. Бір миллионға жуық адамның жағдайы жақсарады. Бұл облыс тұрғындарының 70%-ын құрайды. Газ құбырының құрылысы потенциалды түрде 68 мың жеке сектор үйлері мен 200-ге жуық дербес қазандықтарды газбен жылыту жүйесіне ауыстырып, 700 шақты кәсіпорынды энергиямен қамтамасыз етеді, — дейді Е.Қошанов.
Кенді өлкенің әкімі газдың Қарағанды облысына келуі кеншілердің күнкөрісі мен көмір өнеркәсібінің дамуына кері әсерін тигізбейді деп отыр. Аймақта қазіргі кезде республикалық көлемнің үштен бір бөлігінен астамы өндірілсе, оның ішінде коксталатын көмір 100% осы облысқа тиесілі. Жылына 30 млн. тоннадан астам көмір шығаратын Қарағанды облысында қара алтынның халыққа тиетін үлесі небары 10% болса, қалғанының барлығы металлургия саласына кетеді. Сонымен қатар, көрші елдерге де жылу сыйлаған Қарағандының көміріне сұраныс та, экспорттық мүмкіндіктер де жоғары.

Бюджет барлық қажеттіліктерді өтеуге қауқарсыз

Қарағанды жұрты ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Туған жер» бастамасына белсенді түрде қолдау көрсетіп келе жатқан атымтай жомарттарымен де мақтана алады. Бүгінде жергілікті меценаттардың қолдауымен облыс бойынша 76 әлеуметтік нысандар жаңадан салынып, ескілер жөнделді.
— Бағдарламаның мақсаты — әлеуметтік инфрақұрылымды жай ғана салып немесе жөндеуде емес. Біз үшін бірінші кезекте өскелең ұрпаққа жағдай жасау болды. Бізде балалар және спорт алаңдары жеткіліксіз. Бюджет барлық қажеттіліктерді өтеуге қауқарсыз. Сондықтан шағын істер саясатын қарсы алып, оларды әрдайым қолдаймыз, — деді облыс әкімі.
Алғашқы болып әлемге әйгілі боксшы Геннадий Головкин өзінің туып-өскен жері Майқұдықтан балалар алаңының салынуына мұрындық болса, одан бөлек басқа да демеушілердің көмегімен 40-қа жуық балалар және спорт алаңдары кенді өлкенің әр аймағына салынды. Каратэ-додан әлем чемпионы Тимур Райымбеков былтыр Қарағанды қаласында шағын спорт кешенін салып, болашағын спортпен байланыстырған жасөспірімдердің талабына қанат бітірді. Атымтай жомарт жөнінде облыс әкімі:
— Биыл да Тимур Райымбеков өкілдік ететін ұйым тағы 3 алаң салады. Ал 3 жылдан соң олардың саны 15-ке жетпек. Онда әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан 1500 бала жаттығады деп жоспарланып отыр, — деді.
«Туған жер» жобасына қатысты жарқын мысалдар облыста көп-ақ. Әсіресе, аудан, ауылдық жерлерде әлеуметтік нысандардың көптеп салынуы, ескі ғимараттардың қайта жөндеуден өтуі Президент жолдауын қарағандылықтардың да қолдап отырғанының белгісі іспеттес.

 

Тарихта ғана қалған «СССР» Теміртауда не істеп тұр?

Қарағанды десе көз алдыңа Ұлытау, ойыңа Сарыарқа оралары сөзсіз. Арғы-бергі тарихын толғаса ұрпағы тек қана мақтанышпен еске алатын бұл мекенге туристердің келіп-кетуіне енді ғана жағдай жасалып жатқаны өкінішті. Әйтпесе, ресми дерекке сүйенсек, кенді аймақта 2700 тарихи және мәдени ескерткіштер болса, оның ішінде жергілікті маңызы бар 43 киелі нысан мен 21 жалпыұлттық нысан аймақтық картаға енгізілген. Бізге белгілісі, биыл киелі мекендерге баратын жолдарды жөндеу үшін 2,7 млрд. теңге бөлініпті.
— «Киелі Қазақстан» — адамның туған жерімен байланысына негізделген рухани дамуына бағытталған жоба. Бұрыңғы заманнан Қарағанды индустриализация, шахталар, Қарлагпен ассоциацияланатын аймақ болған. Біз ол таптаурын пікірді бұзғымыз келеді. Қарағанды облысы Ұлытаудың арқасында Қазақ мемлекеттілігінің бесігі деген дәрежені иеленгенін қалаймыз, — деді Ерлан Қошанов.
Дәл осы жерден әңгіменің бағытын басқа арнаға бұрсақ деп отырмыз. Қазағының өзі орыстардан артық орысша сөйлейтін Қарағанды облысында КСРО дәуірінен бері жасасып келе жатқан өзен-көл, ауыл-аймақ, қала берді көше атаулары өте көп. Осыған қатысты жас жазушы Арман Әлменбет жуырда Қарағанды облыстық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбековке ашық хат жолдады. Өз хатында ол:
— Қарағанды облысында, оның ішінде Қарағанды қаласының өзінде КСРО кезінен өзге ұлт өкілдері көп шоғырланғаны белгілі. Соның ызғары болса керек, әлі күнге дейін көп көшелердің аты ауыспай келеді. Тәуелсіз елімізге қатысы жоқ адамдардың ескерткішін орталықтан ығыстырса да, біржола алып тастаған жоқ. Бірақ жалпы алғанда Қарағанды қаласында көзге көрінетін жерлер қазақыланып болды деуге болады. Біздің айтқымыз келіп отырғаны қала сыртындағы жәйттер, — дей келе, Қарағандыдан Астанаға қарай жолға шыққанда көзге оттай басылатын бір белгінің, нақтырақ айтқанда, Теміртау қаласына кіретін бұрылыста тұрған «СССР» таңбасын әлі күнге тұрғанын алға тартып, жұртшылық ұлтжанды азамат деп білетін Б.Алтынбековтен оны өзгертуге күш салуын сұрайды. Сонымен бірге А.Әлменбет:
— Рас, СССР деген жақсы болсын, жаман болсын, қазақтың басынан өткен бір дәуір. Ол кездегі үкіметтің қазаққа тигізген пайдасы да болды. Оны біз жоққа шығармаймыз. Әрі-беріден соң, бүгін көзі тірі көп адамның жастық шағы сол дәуірде өтті. Сондықтан біз дәл қазір ол уақытты қаралауды мақсат етіп отырған жоқпыз. Бірақ екі ақиқат бар. Біріншісі, СССР кезінде қазақтың қырылғаны, рухани жағынан кері кеткені. Екіншісі, қазақ СССР-дың құрамында тәуелді ел болғаны. Бұның екеуі де мақтанатын нәрсе емес. Сол үшін СССР-дың таңбасын ел көрінетін жерге ескерткіш ретінде қалдыруға болмайды деп білеміз (осы уақытқа дейін сондай сылтаумен қалдырып келе жатқан болса керек). Тарихтың куәсі музейде тұрғаны ләзім, — дейді ашық хатында.
Арман Әлменбетке алып-қосарымыз жоқ. Алайда, қарапайым көше атауларының өзін өзгерте алмай жатқан осы заманда Теміртаудың «қақпасында» орналасқан белгіні таяу арада алады дегенге көңіліміз аса сене қоймайды. Өйткені, 2016 жылы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын Қарағанды жұрты Алаш көсемінің туған жері Ақтоғайда атап өткен кезде облыстың бұрынғы әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков «Облыс орталығының Октябрьский ауданына Алаш Орда лидерінің есімі беріледі» деп айтқан болатын. Экс-әкім көпшіліктің алдында берген уәдесін орындамаған күйі қызметтен кетті, ал, қала ішіндегі ауданның атауы сол күйі өзгермеді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында климаты қатал, қойнауы толған металл Қарағанды облысында да осындай олқылықтардың орны толса екен деген тілек бар.

Ермұрат Назарұлы