ЕРЛЕР ЕСІМІ, ЕРЛІК ҮЛГІСІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

1979 жылдың 25 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейін Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті 40-әскерінің жауынгерлері Ауғанстан аумағында интернационалдық борышын атқарды. 600 мыңнан астам жауынгер мен офицер Ауған соғысын бастан өткерді. Бұл соғысқа 22 269 қазақстандық қатысып, оның 924-і қайтыс болса, 1 015-і соғыс мүгедегі, ал, 21-і хабар — ошарсыз кетті.Жат жердегі соғысқа Байзақ ауданынан аттанған азаматтардың үшеуі Нүркен Әбдуалиев, Ерғали Теміртаев, Қайрат Сүлейменов ерлікпен қаза тапқан болатын. Намыстарын ту етіп ұстап, сындарлы сәтте жанын жалау еткен ерлердің есімдері өз туған ауылдарындағы көшелерге берілген.
Апта басында аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Бақтияр Ақбаев Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің бауырларын қабылдады. Қабылдауда Ауған соғысының тарих бетінен алатын орны атап өтіліп, аталмыш шайқасқа ауданнан 68 азаматтың қатысқаны, бүгінде арамызда жүрген ардагерлердің жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеуге белсене атсалысып жүргендігі және даңқты батырларға әрдайым құрмет көрсетіле беретіні айтылды.
Қабылдау барысында Дәуір Рысбайұлы жат жерде ерлік жасап, мерт болған “Қызыл жұлдыз” орденінің иегерлері жетібайлық Қайрат Сүлейменовтің ағасы Қоныс Сүлейменовке және кеңестік Ерғали Теміртаевтің інісі Мейірғали Теміртаевқа, жақаштық Нүркен Абдуалиевтің інісі Нұрбек Абдуалиевке планшет табыс етті.
Ауған соғысы ардагерлерінің бауырлары атынан сөз алған Қоныс Сүлейменов құрметі мен қамқорлығы үшін аудан әкімшілігіне ризашылығын білдіріп, ел игілігі жолындағы еңбектеріне табыстар тіледі.
Кездесуге «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Байтақова, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Сәкен Сыздықов пен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова қатысты.Осы күні мекеме, бөлім басшылары, интернационалист — жауынгерлер мен аудан тұрғындары Сарыкемер ауылындағы Ауған соғысы құрбандарына орнатылған ескерткіш маңына жиналды.
Жиынға қатысушылар соғыста құрбан болған және дүниеден өткен жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Еске алу жиынында сөз алған аудан әкімі Нұржан Нұржігітов жат жердегі соғысқа біздің ауданнан қатысқан алпыс сегіз азаматтың үшеуі ерлікпен қаза тапқанын, олардың қатарында жетібайлық Қайрат Сүлейменов, кеңестік Ерғали Теміртаев, жақаштық Нүркен Абдуалиевтің бар екенін, Отанын сүйген, қиын да сындарлы сәтте жандарын жалау еткен Ерлердің есімі мен Ерлік үлгісі ұмытылмайтынын, өз ауылдарындағы көшелерге олардың есімдері берілгенін атап өтті. Сонымен бірге, суырыпсалма ақындығымен елімізге кеңінен танылған Әзімбек Жанқұлиев те Ауған соғысына қатысып, ерлік көрсеткенін, бүгінде ауданда 77 интернационалист – жауынгер тұрып жатқанын жеткізді. Олардың қатарында өмірінің жастық шағын от пен оқтың ортасында өткізген «Қызыл жұлдыз» орденінің қос иегері Берік Молдашбаев, Болатбек Саттаров, көптеген медаль иегерлері атанған Ғазиз Иманбаев, Ерғали Мәдешов, Болдыбек Аянбаев, Болат Еменов, Болат Жылысбаев, Қайрат Бейбітов, Жанат Ахметов, Алик Зиятбеков, Махмут Такеев, Мұрат Нақыпбеков, тағы да басқаларын атауға болады.
Бұдан соң «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, Ауған соғысының ардагері Парахат Есмұрзаев, Тәжік – Ауған соғысының ардагері Павел Колесников сөз алып, Ауған соғысы тарихында қазақстандық сан мыңдаған жауынгердің тағдыры мен ерлігі жазылғанын, сол соғысқа қатысқан жауынгерлердің ерлігі келер ұрпаққа өнеге боларына сенім білдірді.
P.S. Мереке қарсаңында Ауған соғысы ардагерлеріне жүз мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек есепшоттарына аударылып, арнайы бір үлгіде тігілген әскери киімдер мереке қарсаңында табыс етілді.