Ерлерді ел де ұмытпас, жер де ұмытпас…
Ақын, КСРО Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Совет Әлімқұловтың туғанына биыл 85 жыл. Қаламгер өзінің қысқа ғұмырында ойлы оқырмандарына «Тұңғыш кітап», «Өрімтал», «Сыбызғы», «Жайсаң жер», «Еліктің лағы» және тағы да басқа оншақты жыр жинағын мұра етіп қалдырды. Тіпті, әйгілі ақын Мұзафар Әлімбаев құрастырған балалар әдебиетінің антологиясына елімізден 27 ақынның ғана өлеңдері енгізілсе, соның бірі – Совет Әлімқұлов еді. Т.Рысқұлов аудандық «Құлан таңы», Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газеттерінде жемісті еңбек еткені өз алдына бір төбе.
Ақын Совет Әлімқұлов Т. Рысқұлов ауданының Луговой стансасында 1938 жылы 22 ақпанда туған. Бүкіл қазаққа ортақ ақынды құландықтардың ерекше құрметтеп, ардақтайтыны бекер емес. Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде ақынның 85 жылдығына арналып, Т.Рысқұлов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Ұмытып кетпе мені» атты әдеби- сазды элегия кеші өтті. Әуелі кіреберіс фойеде ақынның кітаптарына көрме жасалып, оны кітапханашылар келген қонақтар мен оқырмандарға таныстырды. Мұнан соң мәдениет үйінің залында еске алу кешінде кітапханашылар мен оқырмандар ақынның өлеңдерін жатқа оқыды.
Аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев рухани кешті сөз сөйлеп ашып берді. «Т.Рысқұлов ауданы – өнер, білім, мәдениет, спортта талай танымал саңлақтарды шығарды. Солардың ішінде шоқтығы биігі – ақын Совет Әлімқұлов. Биыл ауданымызға 85 жыл. Ақын Совет Рахымбайұлы да көзі тірі болғанда 85 жасқа толар еді. Ақынның өлеңдері өміршең. Бүгінгі еске алу кешінен жас ұрпақ әсер алсын, сіздердің де жүректеріңіз тебіренсін», деді ол.
Мұнан соң М. Өзбеков атындағы мәдениет үйінің әншісі Нұрлан Әмірбеков «Келші Құланға», «Тағы да келді бір көктем» әндерін шырқады. Ал, кітапханашы Гүлжамал Жарқынбаеваның домбырамен орындаған ақынның сөзіне жазылған «Ұмытып кетпе мені» әні көпшілік көңілінен шықты. Жиналғандар алдында кітапхананың жас оқырмандары Қазына Оразбай, Нұртөре Жорабек, облыстық «Совет Әлімқұлов оқулары» байқауының жүлдегерлері Жансая Тоғылшева, Жұлдыз Бейсенбай ақын өлеңдерін жатқа оқуымен ерекшеленді.
Кеш барысында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман, республикалық «Eqemen Qazaqstan» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев, ақынның інілері Исламбек, Абзабек Әлімқұловтар естеліктер айтты.
Ақынның ұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Советұлы жиналғандар алдында толғана сөйледі. «Мен бүгін ерекше толқып, тебіреніп тұрмын. Себебі, қасиетті Құлан топырағында әкем өмірге келген. Сіздер ақын ұлдарыңызды ұмытпай қастерлеп, еске алып жатырсыздар. Әкем отбасымызға да шуағын шаша білді. Журналистикада бел шеше еңбек етті. Өндіріп өлең жазды. Аз ғана ғұмырында біраз рухани дүниені оқырмандарына беріп кетті. Әкемнің көзі тірісінде бірнеше өлең кітаптары шықты. Ал, мен әкем өмірден өткен соң ол кісінің «Көзмоншақ» атты кітабын шығардым. Ол – әкеме деген құрметім. Сіздерге де шексіз ризамын», деді ол.
Сондай-ақ, Бақытжан Советұлы әкесінің бірнеше өлеңдерін жатқа оқып беріп, әкесінің және өзінің бірнеше жыр кітаптарын аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Мереке Айнақұловқа табыс етті.
Есет ДОСАЛЫ
Т.Рысқұлов ауданы