Ерлі-зайыптылардың тату болуының ерекше әдісі

Күндердің күнінде Әбу Муслим Хайлани есімді дана болған екен. Ол көшеде бір топ жиналған еркектерді көріп арасына барады. Олар өздерінің әйелдеріне риза еместігін айтып, жан-жақты талқылап жатыр екен. Әбу Муслим бәрін үн қатпастан тыңдап тұрады. Содан бірнеше уақыттан кейін жиналған қауым Әбу Муслимге қарап:

— Сен неге өз ойыңды айтпайсың? Сенің әйелің әулие жан ба не?-деп тиісе бастайды. Әбу Муслим:

-Жоқ, әрине, менің әйелім – әулие емес, керісінше, ақылынан адасқан жан. Бірақ, соған қарамастан біз тату ғұмыр кешіп жатырмыз,-дейді. Барлығы таңдана:

— Сонда қалай? Ақылынан адасқанмен тату тұрудың сыры неде?-дейді. Әбу Муслим:

—  Менде отбасында тату өмір сүрудің ерекше әдісі бар. Екеуміз сол әдісті берік ұстанамыз,-дейді. Жиналған халық:

— Бөліссеңші сол әдіспен, бізде тату болайық,-дейді сұрана. Сол сәтте Әбу Муслим:

— Ілгеріде Аллаһ Тағала Адам атаны жаратқанда оның бойына ақыл берді. Содан кейін Жаратушы ашу-ызаны жаратты да, Адам атаның ішіне кіруді бұйырды. Алайда, ашу-ыза Құдайға:

— Мен Адамның ішіне кіре алмаймын, себебі, онда ақыл орныққан. Ал, мен ақылмен бірге бір денеде бола алмаймын,-деді. Сол уақытта Құдай ашу-ызаға:

— Егер сен Адамның ішіне кіретін болсаң, онда оның бойынан ақыл қашады. Осылайша, сен адамды есінен алжастырып, өз еркіңше басқара аласың,-дейді. Әбу Муслим сөзін жалғастырып:

— Осы тұста біз әйелім екеуміз былай деп келіскен едік: «Егер біреуіміз қатты ашуланатын болсақ, онда ол адамды ақылынан алжасқан деп қабылдаймыз.  Ал, әрбір ақыл-есі дұрыс емес адам үшін бір қамқоршы керек. Егер мен ашулансам, мені ақымақ, ақыл-есі кем деп санап, сен үнсіз, маған тіл қатпастан, ашу тарқағанша қамқоршы болып жайыма қоясың. Егер сен ашулансаң, мен де солай жасаймын» деп келіскенбіз. Осы әдістен кейін біздің отбасымызда ешқашан ұрыс-керіс, жанжал болған емес. Нәтижесінде, үйдің берекесі кіріп, арамыздағы махаббат сезімі одан әрі арта түсті. Сол үшін мен сіздерге осы әдісті қолданып көрулеріңізді сұраймын,-деген екен.

Жалғас АСХАТҰЛЫ,

дінтанушы