Ерлік ұмытылмайды

«Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасы Б.Ізмұхамбетов бастаған бір топ делегация Словениядағы қазақ солдатының қабіріне туған жерінің топырағын салу рәсіміне қатысты.

«Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі  Орталық кеңесі мен ҚР Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен өткен қыркүйек айының 28-і күні Астанадағы Ұлттық Пантеонында Словениядағы жауынгер қабіріне жеткізу  үшін  туған елдің топырағын арнайы капсулаға салу рәсімі өткен  болатын. (фото-1,2,3)

Екінші дүние жүзілік соғыс кезінде Югославияның Халық-азаттық армиясының қатарында неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғысып, 1943 жылдың желтоқсан айында әскери шабуыл барысында ауыр жарақаттан қаза болған Қазақстандық жауынгердің  зиратына 75-жыл бойы Повир елді мекенінің тұрғындары күтім көрсетіп келеді.

Осы оқиғаның куәсі болған, Повир деревнясының тұрғыны Людвиг Плут мырзаның мәліметі бойынша, ауыр жараланған жауынгер өзін Кассе Себеро деп таныстырған.  Дивача деревнясының жергілікті халқы қазақ жауынгерін үш күн бойы жасырып ем қолданады, алайда оның өмірін сақтап қала алмаған.

Оның мүрдесін жергілікті дін қызметшісі фашистік бекеттен ат арбамен  жасырын алып шығып, 5 шақырым қашықтықта орналасқан Повир деревнясында астыртын жерлеп, діни рәсімін өткізеді. Кейін қабір басындағы құлпытасқа словен тілінде: «Фашизмге қарсы күресте партизандар құрамасына қосылып, 1943 жылы ерлікпен қаза тапқан КСРО-ның  Қазақ облысынан шыққан «KASSE SEBERO» есімді жауынгер»,- деген сөздерді жазады. Словениялықтар батыр жауынгердің  Қазақстаннан және аты «Kasse Sebero» екені туралы әңгімені деревня тұрғындары ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған.

Қазақстан Республикасының Аустриядағы Елшілігі, «Ардагерлер Ұйымы» РҚБ-і Орталық кеңесі ҚР Қорғаныс министрлігінің қолдауымен Қазақстандық жауынгерге көрсетіп келген құрметі үшін 2018 жылғы 19-22 қазан айының аралығында Повир қаласындағы Мәдениет үйінде жергілікті Словян халқына алғыс білдіру іс-шарасын ұйымдастырды.

Словениядағы Қазақстандық жауынгердің құрметіне арналған осы рәсімге, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер Ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Б.Ізмұхамбетов бір топ ресми тұлғаларды бастап барды. Делегация құрамында  ҚР Парламент мәжілісінің депутаты А.Тасболатов, ҚР Қорғаныс министрлігі мен БАҚ өкілдері болды.

«Кассе себеро» есімді қазақ жауынгерінің  рухын еске алуға бағытталған іс-шараның ашылуына Қазақстандық делегациядан басқа, Словениядағы Сежан қаласының мэрі Д.Терчон, Сежан муниципалитінің өкілі Л.Йелушич, Словениядағы Ресей Елшісі Д.Завгаев, Повир елді мекенінің тұрғыны Ф.Урсич сондай-ақ Повир қаласының тұрғындары, ҚР  Елшілігінің қызметкерлері қатысты. Олар алдымен Повир елді мекеніндегі «Касса Себеро» қабірінің басына жаяу барып гүл шоқтарын қойып және қазақ және словен тілдерінде «Жырақта жатсаң да, өшпес ерлігің еліңнің жадында» сөздері жазылған тас тақта орнатып, іргесіне туған жердің топырағын салды.

Мәдениет үйіндегі жиында ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер Ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Б.Ізмұхамбетов сөз сөйлеп қазақстандық жауынгерге көрсеткен құрметтері үшін Словениялықтарға, Повир қаласы тұрғындарына алғыс айтып: «Бүгін, біз басына тағзым етіп келген соғыста хабарсыз кеткендер қатарында болған отандасымызға, 75 жыл құрмет көрсетіп келген Повир елді мекені тұрғындарына Қазақстан халқының атынан және өз атымнан алғысымды білдіріп, бас иемін. Словениялықтардың қазақ жауынгерін қорғау жолындағы батылдығы мен жанқиярлығы және ұзақ жыл бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қазақ жауынгеріне көрсетіп келген құрметі көңілге жылу ұялатады.

Югославияны Фашистерден азат ету де ерлік пен қаза тапқан қазақ жауынгеріне көрсетілген  бұл құрмет – бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болмақ және оның  ерлігі мәңгілік жүрегімізде қала бермек»,-деді ол.

Кассе Себероның қаза болғанына 75 жыл болғанын ескере отырып, ҚР Словениядағы Құрметті консулдарының қолдауымен және «Қазақстан-Словения бизнес клубының» өкілдерінің ұйымдастыруымен қазақ жауынгері рухына арнап ас берілді. Сондай-ақ, Словениялықтар Қазақстан елшілігі ұйымдастырған «Астанаға 20 жыл» фотокөрмесін аралап көріп «Жау жүрек мың бала» фильмін тамашалады.

Осы орайда аталмыш шара кезінде мәлім болған төмендегі деректерді назарға ұсынуды жөн көріп отырмыз. Словенияның бұрынғы қорғаныс министірі, ел тарихшысы,  Любица Елушич мырза былай дейді:

  • Жаралы жауынгер майдан даласынан ең алдымен жақын жердегі Горенья елді мекеніне жеткізіледі. Бет әлпеті Еуропалықтарға ұқсамайды, жергілікті тілде сөйлемейді. Медсамбаттағылар оны Монғол екен деп тұжырым жасайды. Ал өзі тілге келгенде «Кассе Себеромын» деп таныстырған. Дереу Италиядан дәрігерлер шақыртылады. Алайда ауыр жарақатынан ол үш тәуліктен кейін қайтыс болады.
  • Калтасында ешқандай құжат сақталмаған. Кейін сарапшылардың айтуынша онымен бірге соғысқа қатысқан Словениялық партизандар жауынгердің Қазақстанның Солтүстік өңірінен екендігін айтқан көрінеді. Ал майдан жолы оны осы Словениялық партизандар арасына әкелуі біраз жағдайларды анықтауды қажет етеді.
  • «Кассе» деген атау Қасым дегенге өте ұқсап тұр. Ал «Себеро» деген сөз орыс тіліндегі «Северный Казахстан» деген ұғымға сәйкес келетін сияқты…
  • Соңғы мәліметтер бойынша бұл жауынгерді Солтүстік Қазақстан өңірінен соғысқа аттанып 1943 жылы белгісіз кеткен жауынгер Қасым Жакупов болуы мүмкін деген болжам бар. Қалай дегенменде әскери тарихшылар жерлес батыр жауынгеріміздің есімін, тегін толық анықтап, қай майданда ұрысқа қатысқандығын дәйектейтін құжаттармен жұмыс жалғасуда.
  • Словения жерінде мәнгі қоныс тапқан жерлес батырымыздың ерлігі Қазақ елімен Словениялық тұрғындар арасындағы достықтың тағы бір дәнекері дегеннен басқа теңеу жоқ бұл жерде.
  • Ерлік ешқашан ұмытылмайды.

 

Бәдуан ИМАШҰЛЫ, Ардагерлер Ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі, Орталық кеңесі жанындағы тұрақты комиссияның жауапты хатшысы

 

Суреттерде: Астана қаласындағы және Словения жеріндегі рәсім шараларының көріністері.