Ернар Мыңтаев: «Шетелде музыканттардың айлығы да жоғары, өмір сүру деңгейлері де биік»
Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік шекті аспаптар квартетінің алғашқы құрамы 1988 жылы Алматы қаласының Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде құрылған. Бүгінгі шығармашылық ұжымда орындаушылардың төртінші буыны қызмет етуде. Талай халықаралық байқаулардың лауреаты атанған квартет Франция, Англия, Австрия, Италия секілді мемлекеттердің беделді концерт залдарында өнер көрсеткен. Әлемге танымал квартет гастролдік сапар аясында Астана қаласында қызу дайындық жүргізуде. Осынау мүмкіндікті пайдаланып Астана әкімдігінің мемлекеттік академиялық филормониясының Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік шекті аспаптар квартетінің жетекшісі, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ Ернар Мыңтаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.
-Көпшілік арасында классикалық туындылар элитаға арналған деген түсінік бар. Кейде классикалық шығармалар ойналғанда қалғып—шұлғып отыратындар да кездеседі. Шынымен—ақ сіздер орындайтын дүниелер талғамы биік жандарға арналған ба?
-Жалпы классикалық музыканы тыңдауға қазақ халқының өресі жетпейді деу сандырақ. Себебі қазақ ұлты өте дарынды, таза келеді. Генетикалық тұрғыдан саф алтындай мөп – мөлдір ғой шіркін! Мұндай ұлтқа кез келген өнер тастай батып, судай сіңеді. Мен бұл жерде Америка ашып отырған жоқпын. Шындық осы. Элиталық өнер, мен оны түсінбеймін деушілер — құлықсыздар. Тыңдап отырып ұйықтап қаламын деушілер – тынығушылар. Осының аражігін ажыратып алғанымыз дұрыс. Мысалы медицинада музыка терапия деген бар. Бұл классикалық музыкамен емдеу тәсілі. Жүйкені тынықтырады. Көңіл күйді көтереді. Жан дүниені тазартады. Осылайша күйзеліске түскен бейбақты депрессиядан алып шығады. Сондықтан тыңдап отырып ұйықтап қалу да – табиғи қажеттілік. Осы тұрғыда менің айтқым келетіні: классикалық музыкадан қорықпау керек. Опера, мейлі симфония, мейлі камералық музыка болсын!
—Сіздердікі камералық музыка, квартетік жанр екен. Осыны түсіндіре кетсеңіз?
-Квартеттік жанр классикада өте күрделі жанр саналады. Жеке басыңды ғана ойламай төрт тағдыр бір қазыққа байланады. Бұл жолда жансебілдік керек-ақ. Бір — біріңді көзбен түсініп, оймен жетелеу, ноталарды дөп басып, шарықтау шегіне жеткенде үндестіктен ажырамау шеберлікті қажет етеді. Өйткені бүкіл жан — дүниеңмен берілмесең ештеңе шығара алмайсың.
Осы орайда біз классикалық музыкадан дәріс оқуды насихатауды қолға алдық. Соңғы кездері университеттерге, мектептерге шығып концерт -лекциялар жүргізіп жүрміз. Тақырыбы: «Классикалық музыка қасымызда». Балаларға классикалық музыка тыңдап отырып ұйықтап қаламын демеңіздер, барыңыздар, көріңіздер деп кеңесімізді береміз. Бір келгенде ұйықтап қаларсың, екінші келгенде тағы да ұйқы басар. Үшінші жолы тынығып, демалып шығасың. Төртінші келген кезіңде ол сені бір тұңғыйық әлемге тарта жөнеледі. Жаныңызға жылу ұялатады. Одан кейін өзіңіз сол ләззатты іздеп отыратын күйге түсесіз деп Моцарттың, өзіміздің ұлттық күйлердің кереметіне тәнті етуге тырысып жатырмыз жастарды. Нәтижесі де бар. Ауылдың жап- жас балалары музыка әуеніне елітіп бізді сахнадан түсірмей, келесі концерт қашан болады деп сұрап жатады. Классикалық музыкаға насихаттың аздығы осындай да көзге ұрып тұрады.
-Сіздің көзқарасыңыз бойынша классикалық музыканы тыңдауға қазақ қоғамы қаншалықты дайын?
-Мен бұлай бөліп-жаруға қарсымын. Әрине оқыған тоқығаны мол, көрген түйгені көп зиялы адамдар тұрақты көрерменімізге айналып жатады. Қарапайым адамдарға да есігіміз ашық. Бұл енді жүрек қалауы ғой. Тапқа бөліп таптауырын қылғым келмейді бұл мәселені.
—Сіздер классикалық шығармаларды насихаттап жүрсеңіздер, телеарналарда музыкант атын жамылған дәлдүріштер қаптап жүр…
-Иә, қазір теледидарды қосып қалсаңыз тарсыл-гүрсіл музыка, әлем-жәлем топтар, қюуы қашқан сүреңсіз әуендер көптеп беріліп жатады. Арзанқол дүниелердің алдыңғы саптан бой көрсетуі қоғам үшін қауіпті нәрсе. Бірақ оған мән берілмеуде. Бұлар адамдарды ойландырады, демалдырады деп айта алмаймын. Амал қанша заман солардікі болып тұр ғой. Тіпті тойларда фонограмамен шығып, халықты алдау, арзан дүниелермен өнерді былғап жүргендерге «әй дейін әже, қой дейтін қожа жоқ». Бұл енді қашанғы жалғаса бермек… «Көп асқанға бір тосқан» қашан болар екен?
—Ғазиза Жұбанова атындағы шекті аспаптар квартеті тыңдармандарын қаншалықты бағалап жүр? Әңгімені осы төңіректе өрбітсек?
-Біздің өнер, ол классикалық өнер. Концерттік залдарда, сахналарда жақсы акустикамен , орындаушы мен тыңдаушының сұхбаты негізінде өрбиді. Өмірден өткен мықты-мықты композиторлардың (Оның ішінде немісі, ағылшыны, орысы т.б бар) шығармаларын тыңдарманның жүрегіне жеткізе білуге құштарлық болмаған жерде өнердің құны түседі. Біз осыны қатты қадағалаймыз. Кәсіби шеберлік болмаған жерде бәрі бекер. Тыңдарман біз үшін темірқазық. Еңбегімізді бағалайтын да солар. Оларды арзан дүниемен алдауға болар, бірақ жүрек қалауын тап басып беру қиынның қиыны.
Біз шетелде жүргенде елдегі көрермендеріміздің азайып кеткенін сезіндік. Өйткені арагідік елге келіп есептік концерттер бергенде тыңдармандарымыз өте аз келетін. Қазір шүкір тоба дейтін жағдайға келдік. Астана да соншалықты халықты көп жинай алмасақ та, Алматыдағы концертімізге лық толы халық келіп қуантып отырады. Екі қаламен ғана тоқтамай, шалғайдағы елді- мекендерге де ат басын бұрып қоямыз кейде.
КЛАССИКАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАР АРҚЫЛЫ ЕЛ МЕРЕЙІН ӨСІРУГЕ НЕ КЕДЕРГІ?
-Ереке, сөз арасында кейбір әншілердің той—томалақты кәсіп етіп, ән мен күйдің қадірін түсіріп жүргенін тілге тиек етіп ренішіңізді білдіріп қалдыңыз? Енді әңгіменің ашығына көшейін, елімізде бай—манаптар көп, классиканы элиталық өнер деп бағалайтындар да жоқ емес. Осы тұрғыда сіздерге «құда түсіп«, той—томалақтарына шақырып жататын шенеуніктер болып тұра ма? Ондай жерлерге барып көрдіңіздер ме?
-Студент кезімізде оның бәрінен өттік. Тойдың көрігін қыздырған кездерімізде болған. Оның несін жасырайын. Студенттік кездегі тұрмыстық, әлеуметтік мәселелер, жастық албырттық та өз дегенін жасатты. Қазір есейіп етек — жеңімізді жинағасын, классикалық өнердің қыр-сырын меңгергесін ондайлардан іргемізді аулақ салдық. Арзанқол дүние үшін асыл өнердің қадірін кетіргіміз келмейді. Әйтпесе шақырту түсіп жатады, сұраған тиын-тебендеріңізді тауап береміз дейтіндерде кездеседі. Өздеріңіз көріп жүргенде боларсыздар, ресторандарда кейбір квартеттерді бұрышқа отырғызып қойып, у-шу болып жататындар бар. Ақша үшін жанын салған музыканттардың өнеріне құлақ салып жатқан бір жан болсашы. Бұл өнерге жасалып отырған қиянат емес пе? Бишара болған өнерпаздарда бұдан кейін не қадір — қасиет қалады?! Өздерін кәсіби жоғары санайтын музыканттар ондайға ешқашан бармайды. Біз ғана емес,өнерге деген адалдығын сақтап жүрген көптеген әріптестерімді білемін.
-Сіз жетекшілік ететін квартет бір кездері Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында өнер көрсетіп, ол кісінің ризашылығына бөленді. Шетелге де көп шығып, еліміздің абыройын аспандатып жүресіздер. Сұрақ: еліміздегі классикалық музыканың даму көрсеткішіне көңілдеріңіз тола ма?
-Өз басым еліміздің өркендеу барысын шет елдермен салыстырып отырып бағалауға зауқым жоқ. Әр елдің өз ұстанымы, менталитеті болады. Мен білетін бір шындық бар. Ол Қазақстанда классикалық музыканың дамуы көрсеткіші жоғары. Мұны жоққа шығармауымыз керек. Бұл президентіміздің қолдауының арқасы. Мысалы жақын көршілеріміз Өзбекстан, Қырғызстан секілді мемлекттердің классика шеберлері күнкөріс деңгейінен аса алмай жүр. Бізде көлемі ат шаптырым опера театры жұмыс жасап жатыр. Қаншама классикалық ұжымдар шет елдерге ұшып барып жатады. Елбасымыздың өнерден құр алақан емесі баршаға аян. Біз Астанаға алғаш келген жылдары біздің шағын репертуарларымыздан президент хабардар болып отыратын. Бұл біздің ұжымға күш-қуат беретін. Сонда байқағаным: Ол кісіге қатты ұнайтыны қазақтың ұлттық әндерінің квартетке өңделіп жазылған түрлері. Сонымен қатар классикалық инструменттермен жеткізілетін әуезді әндерді тамсанып отырып тыңдайтыны. Осы тұрғыда өзге елдің президенттерінен біздің елбасының ой-өрісі, дүние танымы, музыкаға деген талғамы биік тұр. Мұны мақтанышпен айта аламын.
-Сіздер әлемдік классиканы нақышына келтіре орындауға бар күшетріңізді салып жүрсіздер. Батыстың кей туындыларының сан ғасырлық тарихы бар. Олар әбден сіңісті болған. Осы жерде заңды сұрақ туындайды: Өзіміздің ұлттық аспаптарда орындалатын дауылпаз күйлерді шекті аспаптарға салғанда бояуы оңып, өңі қашып кетпей ме?
-Мұндай қауіп әрине бар. Шекті аспаптарға бояуы қанық, қазақы танымы бөлекше, иірімдері сан қилы күйлерді салғанда ұлттық құндылықтарды жойып алмауға тырысамыз. Алайда көңілден бірден шыға қоймайды. Қазақтың әр күйі солай. Менің өзім қазақ, қаным қазақ, болғандықтан білемін ғой бала кезден тыңдап өскен күйлердің иірімдерін. Квартет орындап жатқанда бәрі маған сезіліп тұрады. Сондықтан көп еңбектенуге, пісіруге тура келеді. Сосын көбіне күйді оригинал тыңдауға ден қоямыз. Құлаққа сіңіруге тырысамыз. Күйдің шығу тарихын зерттеп, шақырып әкелген домбырашылардан, қобызшылардан сыр тартып, қандай жағдай да күйдің дүниеге келгенін, онымен автордың не айтқысы келгенін айқындаймыз. Көп ізденіс керегі осыдан-ақ айқындалып тұрған шығар.
Соңғы уақытта бұл тығырықтан шығу жолдарында қарастырып жатырмыз. Түрлі кедергілердің алдын алу үшін дыбыс жазатын әлемдік деңгейдегі швейцариялық «Divox» компаниясымен былтыр Мәскеуде қазақы шығармаларды, әсіресе күйлерді, Қорқыт, Құрманғазының, Тәттімбеттің, Сүйiнбай, Төлеген Момбеков, Абдiмомын Желдібаев, Әлқуат Қазақбаев сынды өзіміздің композиторлардың дүниелерін квартетке өңдеп жаздырдық. Сондай-ақ қазақстандық классикалық композиторлар Ғазиза Жұбанова, жас буын Арман Жайымның да шығармаларына тапсырыс бердік. Айтайын дегенім: сол Швейцарияның азаматы, алдымен біздің квартетпен ойнаған нұсқасын көріп, кейін домбырамен шертілген оригиналын да тыңдады. Сол кезде ол кісінің таң қалғанын көрсеңіз! «Ернар, осы күйлер өңделген таспа оригинал болуы керек» деп өзі ұсыныс тастады. Сондықтан бірінші шыққан нұсқасы оригинал сияқты, бірақ біздікі оған жетпейді. Алайда біздің мақсат: өзіміздің ұлттық күйлерді әлемге таныстыру. Иә, қазақ өнері домбыра, қобыз арқылы жаһанға шығып жатады. Алайда біздің ұлттық дәстүрлі өнер әрдайым ол жақта жүре бермейді. Айтулы бір шараларда, мәдениет күндері аясында ғана насихатталады. Ал біздің жүрген орта да классикалық шығармалар орындалатын болғандықтан, үнемі батыс тыңдармандарына өз шекті аспаптарымен жеткізуге мүмкіндік мол.
-Осы жерде сөзіңізді бөлейін, шетелдік тыңдармандардың қазақ музыкасына деген ықыластары қай деңгейде? Алатын әсерлері жайлы да айта кетсеңіз?
-Ықылас қойып, мұқият тыңдауға әуес. Олар неше түрлі музыкаларды естіп өскен жұрт қой. Мысалы Модерн, Авангард секілділерді. Шынын айту керек, батысты қызықтыру қиын. Әйтсе де қазақ әуендері оларға таңсық. Сайын даланың тылсым көріністері, тебіреністері, кеңдігі, төскейіндегі еркіндігі, азаттығы, бұлқынған сағыныштары есіп жатады күйлерімізде. Олар соны сезетіндей көрінеді маған. Қазақтың сазды әуендері виолончель, скрипкаға түскенде түрленіп, соны екпінмен тұла бойды шымырлатқанда, мөлдір таза бұлақтың үніндей естіледі-ау. Музыканың адамзатты бөліп жармайтынына, құлақ қойып тыңдасаң сыр ұғуға болатынына осының өзі жарқын дәлел емес пе?
Бізді шет елдегі тыңдармандарымыз асыға күтеді. Өйткені олардың шығармаларын біз нақышына келтіре орындағанда өзгеше естілетін болса керек. Сондай-ақ репертуарымыздан халқымыздың күйлерін түсірген емеспіз. Әсірсе шетелдіктерге «Жұмыр қылыш», «Адай», «Ерке сылқым» күйлерін орындаған кезде дүркірете қол соғып ерекше әсерге бөленеді. Ғазиза Жұбанованың екі квартетін біз жүрген жерімізде орындаудан жалыққан емеспіз.
ҰСТАЗЫН ҰЛЫҚТАҒАН ШӘКІРТТІҢ АЛАР АСУЫ КӨП
-Ереке, әлемге танымал квартеттің тізгінін ұстап жүрсіз. Жігіттеріңіз де сайдың тасындай іріктеліпті. Еуропаның небір байқауларынан қара үзіп шығып, небір зәулім сарайларда сан мәрте жүлдегер атанып елдің абыройын асқақтаттыңыздар. Алайда елімізде өтіп жататын көптеген кештерден сіздерді көзіміз шалмайды?
-Біздің елде екенімізді бәрі біледі. Бұл сұрақты бәлкім ұйымдастырушыларға қою керек шығар. Бәлкім біздер өтіп жатқан кештердің форматына келмейтін шығармыз. Ертеректе рас шетелде көп жүрдік. Сол кезде «көзден кеткесін көңілден де» өшіп қалған секілдіміз. Қазір де шет елге шақыртумен жиі барып тұрамыз. Қалған уақытымыз Астанада өтуде. Негізгі бағытымыз өз елімізде классикалық камералық музыканы насихаттау. Және де өз тыңдаушыларымыздың санын көбейту.
-Балалық шаққа бір саяхаттап көрсек, Ереке. Ауылдан шыққан қара бала еуропаға кеңінен танымал виолончел аспабына қалай құштар болды? Бұл өзі біздің құлаққа сіңісті өнерден алшақтау, тұрқыда бөлекше дүние екен?
-Ауылда ата-әжемнің қолында өскен баламын. Мектеп жасына жеткен кезімде мені әке-шешем Алматыға оқуға алып келді. Бұл кезде менің ата-анам Алматыда тұрады. Әкем — Мыңтаев Әзiмкүл Садiбекұлы зооветериналдык институтта мал дәрiгер оқытушысы, анам — Сәуле Мешiтбайқызы мектепте мұғалім. Қала маған таңсық. Бәріне қызыға қараймын. Ақбас Алатаудың сұлбасы қандай. Таң алдында төніп келіп көз алдыңа тұра қалатын суреті әлі жадымда жүр. Мені Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебіне берді. Алғашында анам мені домбыра класына жаздырды. Бірде анамның құрбысы Зария Әлиакбарқызы Садуақасова менің салалы саусақтарыма қызығып, бұл баланы виолончельге беру керек, өзі қазақ баласы ғой домбыра бұдан ешқайда қашпайды деп кеңес беріпті. Ол кісі скрипкадан сабақ беретін. Өте керемет жан-жақты ұстаз еді. Және де анама: — Бұл виолончель деген аспап өте танымал, музыканың кез келген саласына сіңісті, қоңыр үнді келеді, егер мықты виолончельші болса жеке солист болып та ойнай алады, бар салада ойнауға қабілетті деп қайрай түсіпті. Көрдіңіз бе баланы қалай таниды. Бір менің емес қаншама баланың бағы ашты аяулы ұстаздар қауымы.
— КСРО-ға белгілі, атақ-даңқы асқақтап тұрған Сапиолла Молдағалиұлы Жакеев деген ұстазға берсең, ол бұл баладан мықты музыкант шығарады деп және шегелеп жіберіпті. Әрине осыдан кейін көп өтпей Сапиолла ұстаздың алдына бардық. Ол кісі менің бүкіл болмысыма көз жүгіртіп, саусақтарымды салалап, қабілет-қарымымды зерделеп өз класына қабылдап еді. Ол кісінің көп шапағатын көрдім. Тәлімін алдым. Мейіріміне бөлендім. Таланыма қарай мықты ұстазға жолыққаныма шүкірлік етемін. Сол арқылы өнердің ұлылығын сезіндім. Кейін консерваторияда Қазақстанның халық артисі Жамбыл Күзембайұлы Баспаевтың алдын көрдім. Ақыл-кеңесіне құлақ астым. Квартетпен бастаған кезде де білікті, әлемдік деңгейдегі, әсіресе Мәскеулік Валентин Александрович Берлинский, Еуропада Райнер Шмидт, т.б азулы профессорлармен тығыз қарым қатынаста болдым. Бұл жерде айтқым келгені: кез келген өнер иесінің қанатын кеңге жаюуына ұстаздың берері мол. Осына келешек жастар ескерсе деген тілек менікі.
-Сіз болашақ бағдарламасымен шетелде оқыдыңыз. Көп нәрсені көңілге түйгеніңіз даусыз. Біздің білетініміз дарынды жастарды еуропада өздеріне алып қалуға тырысу үрдісі бар. Сізге сондай ұсыныстар түспеді ме?
-Шетелде қалып қоюға болашақ бағдарламасымен оқымай жатып — ақ неше түрлі ұсыныстар болды. Қазірде бар. Менің өзімде, әріптестерімде бір ойдамыз: «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне». Әрине шет елде музыканттардың айлығы да жоғары, өмір сүру деңгейі де биік. Комфортты өмірді қаласақ, әлі де кеш емес. Бірақ туған жер мені өзіне тартып тұрады. Қазақтың әр төбесі мен белесі маған қымбат. Сәл алыстасам кәдімгідей сағынамын. Сарғайамын. Жеткенше асығамын. Анамнан, туған-туыс бауырларымнан алшақта жүріп тойынғаным кімге керек. Алдымда асқақ армандарым бар. Соған жету жолында кейбір кедергілерді елемеуге тырысамын. «Битке өкпелеп тонымды отқа жағып» қайтемін. Содан кейін елге қызмет ету деген ұлы мақсатты қайда қоямыз. Білгенімізді, көңілге түйгенімізді, әлем тамсана көз тіккен классикалық музыканы келешек ұрпаққа үйретпесек қазақтығымыз қайсы. Атам марқұм «Итте тезегін жеп күнін көреді» деп отыратын. Сондай болғым келмейді. Бұл менің бәлкім қазақы тәрбиені көріп өскендігімнен болар.
-Шетелге көп шығатындарыңыз жоғары да айтылды. Жол шығыны, барып—келу, қонақ үй, т.б керек—жарақ жеткізбейді. Бұл проблеманы қалай шешесіздер? Өз қаржыларыңызбен барасыздар ма, жоқ әлде демеуші іздейсіздер ме?
-Бұл өте қиын мәселе. Өзімізді қаржыландыруға шамамыз келмейді. Кей жағдайларда демеушілер көмектесіп жатады. Әрегідік шақырған шетелдіктер жолымызды өтеп, шығынымызды жауып отырады. Кейде Астана әкімшілігінің мәдениет басқармасы басшылығы, кейде академиялық филормония басшысы Сәкен Әбдірахманов мырза қол ұшын созады. Президентіміз үнемі біз шетелді мәдениетімізбен, өнерімізбен, спортымызбен ғана таң қалдыра аламыз деп айтудай айтып келеді. Оған құлақ асып жатқандар аз.
-Музыка маманы болсаңызда кейде жүріп өткен жолыңызға көз салып, шетелдіктер мен қазақ елінің тұрмыс тіршілігін саралап көрдіңіз бе? Неге бізде бұлай емес деген ой адам баласы болған соң, оңашада кім кімнің де санасын сілкілейтіні белгілі ғой.
-Шет елмен бізді салыстыру өте қиын. Олар басқа әлем, өзге менталитет егелері. Көп мәселеде бізден алыс кетіп қалғаны шындық. Адами құндылық, рухани өлшем безбеніне салсақ, бізде бар кейбір асыл қасиеттерден олар жұрдай. Сол жоғалтып алған қасиеттерін аңсайды. Сарылып қонақ күту, оның аузына барлық жылы-жұмсағын тығу оларда атымен жоқ. Әр жанұяда топырлаған бала тұрмақ, бір баланың өзін көру қиын. Эгойстік пиғыл кең етек алған. Гендерлік саясат та туын желбіретіп тұр. Әрине технология жағынан, демократия тұрғысынан, өмір сүру деңгейі жағынан артқа тастайды бізді. Тәуелсіздік алғанымыз кеше ғана, сондықтан келешектен күтеріміз көп. Еуропаның кәрі құрлық аталуы бекер емес қой….
-Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК