Ерте қамданғанның есесі кетпейді
Тараз қаласында жылыту маусымының аяқталуына санаулы ғана күндер қалды. Жауапты кезеңді аяқтағалы отырған коммуналдық қызмет үшін бұл демін бір басатын кез екені айқын. Дегенмен, бұл арқаны кеңге салуға болады дегенді білдірмейді. Өйткені, жылу беруші мекемелердің алдында өткен маусымда анықталған ақауларды қалыпқа келтіріп, келер кезеңге жан-жақты дайындалатын жауапты шақ күтіп тұр. Осы орайда облыс орталығында өткен жылыту маусымының қалай өткендігі мен алдағы маусымға дайындық барысы туралы Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаевтан сұраған едік.
– Нұрбол Бекежанұлы, биылғы жылыту маусымы аяқталатын шақ та таяп қалды. Әдетте, аталған кезең шамамен 180 күнге созылатын еді. Биыл жылу беруді қай күні тоқтату жоспарланып отыр?
– Өткен жылы жылыту маусымы Тараз қаласы әкімінің өкіміне сәйкес, 5 қазан күні басталған болатын. Жалпы, Қазақстан Республикасының құрылыс нормаларына сәйкес, жылыту маусымын ауаның орташа тәуліктік температурасы 8-10°С-тан жоғары болған жағдайда аяқтауға болады. «Қазгидромет» мекемесінің биылғы сәуір айына жасаған болжамы, бірінші онкүндікте ауа температурасы түнде -7-9°С салқыннан күндіз 5-7°С жылы болады деп күтілуде. Осыған орай, сәуір айының бірінші онкүндігінде жылу беру тоқтатылмайды. Егер күн ыситын болса, арнайы бір шешімге келетін боламыз.
– Биылғы жылыту маусымы барысында тұрғындар бірнеше келеңсіз оқиға орын алғанын әлеуметтік желі арқылы айтып жатты. Жалпы, қаланың коммуналдық қызметі биылғы кезеңді өз деңгейінде өткізе алды деп ойлайсыз ба?
– Жоғарыда айтқанымдай, қазан айының басында жылу беруге кіріскен қаладағы қазандықтар бүгінге дейін тынымсыз жұмыс істеп келеді. Осы уақыттан бастап қала аумағында 1331 көпқабатты тұрғын үйге, 32 денсаулық сақтау, 118 білім беру және өзге мақсаттағы 56 нысанға жылу берілуде. Жалпы, облыс орталығында жылу берумен 5 мекеме айналысады. Олар – «Таразэнергоорталық» АҚ, «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» АҚ, «Жамбыл- Жылу» МКК, «Таразтрансэнерго» МКК және «София» ЖШС. Онда 56 қазандық жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, оларға қарасты 171 негізгі және 90 резервтік қазан бар. Олардың барлығы табиғи газбен жылытылады. Ал, қосалқы отын ретінде мазут пен көмір пайдаланылады. Аталған кәсіпорындар қаладағы 74 километрлік магистралдық және 183 километрлік кварталішілік, жалпы ұзындығы 257 километрді құрайтын жылу жүйесіне қызмет көрсетіп отыр.
Рас, маусым барысында ақаулардың салдарынан бірнеше оқиға тіркелді. Атап айтқанда, «Таразтрансэнерго» желілерінде – 8, «Жамбыл-Жылу» желілерінде 27 ақау анықталды. Олардың барлығы дер кезінде қалыпқа келтіріліп, тұрғындарға жылу беру жүйелі жүргізілді. Жалпы алғанда, жылыту маусымы ойдағыдай өтті деп айтуға болады.
– Жұмыс істеп тұрған кез келген жүйенің ертелі-кеш тозатыны белгілі. Тараздағы жылу желілерінің іске қосылғанына жарты ғасырдан асып кеткенін ескерсек, оның едәуір бөлігі ескіргені анық. Өзіңіз айтып өткен оқыс оқиғалар осының себебінен пайда болып жатқан жоқ па?
– Иә, жоғарыда айтқан 257 километр жылу жүйесінің 56,6 пайызы тозған. Қазіргі таңда 166 километр желіні ауыстыру қажеттілігі туындап отыр. Коммуналдық жүйелердің тозуын есептеу әдістемесі бойынша жалпы жүйенің ескіру көрсеткіші 50 пайызға жетпесе, оған қанағаттанарлық деген баға беріледі. Осыған орай, жүйенің тозу деңгейін азайту бойынша бірқатар жұмыстар жоспарланып отыр.
Өткен жылдың басында «Таразтрансэнерго» МКК қызмет көрсететін 208 километр жылу желісінің 69,2 пайызының тозғаны анықталған болатын. Сондықтан, М-1, М- 3 магистралдық желілердің 8 километрін қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға берілді. Сараптаманың қорытындысы алдағы мамыр айында алынады деп күтіп отырмыз. Сонан соң республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін өтінім ұсынылады. Жобаны бастау үшін облыстық бюджеттен бірлесіп қаржыландыру мақсатында қаражат бөлінеді.
Бұдан бөлек, биыл қалалық бюджет есебінен жалпы 25 километр кварталішілік жылу желілерін қайта жаңғырту мақсатында 9 нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр. Жобалар 2024 жылы жүзеге асырылады. Осылайша, жылу желілерінің тозу деңгейін биыл 67,5 пайызға, 2024 жылы 61,7 пайызға төмендетуге қол жеткіземіз.
– Жаңарту жұмыстарының жоспарланып отырғаны қуантады. Дегенмен, жөндеу жұмыстарының жаздың аяғында басталып, жылыту маусымы басталар шаққа дейін созылып кететінін көріп отырмыз. Осы жұмыстарды ертерек бастауға не кедергі?
– Сөзіңіздің жаны бар. Әуелі мына бір жайтқа түсіндірме беріп кетейін. Қаланы жылумен қамтамасыз ететін желілердегі ақауларды анықтау мақсатында жыл сайын құбырларды қысыммен тексеру жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралар әдетте, тек тамыз айында басталып, 15 күнге созылатын. Мәселен, 2021 жылы тамыз айында 15 күн тексеру жүргізіліп, 95 ақау анықталды. Ал былтыр 25 күнге созылған тексеру барысында 101 кемшілік белгілі болды. Тиісінше, сонан соң оларды жою жұмыстары жүргізілді.
Жалпы, кез келген дүниені сапалы жасау үшін, әрине, уақыт керек. Мамандардың да айтып отырғаны – нақты қажетті уақытты белгілеп, орын алатын ақауларды сапалы жою мәселесі. Ертең қыстың көзі қырауда халықты әбігерге салмай, күннің жылы уақытында кемшіліктерге көз жеткізген абзал.
Осы орайда жылу беруші мекемелер биыл қысыммен тексеру жұмыстарын жаздың соңына қалдырмай, мамыр немесе маусым айында бастауға рұқсат сұрап отыр. Сонымен бірге жұмыс мерзімін әдеттегідей 15-25 күнмен шектемей, толық 30 күн беруді сұрауда. Осылайша, кәсіпорындар ақауларды ертерек анықтап, күз түскенше барлығын қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Ерте қамданғанның есесі кетпейтінін ескерсек, бұл өте құптарлық бастама деп ойлаймын.
– Қысыммен тексеру жұмыстарына 30 күн сұралып отырғанын айттыңыз. Алдыңғы жылдары 15 күн ішінде аяқтап жүрген зерделеу шараларына неліктен екі есе ұзақ уақыт қажет болып отыр?
– Жылу беруші мекемелер бұл уақыт сынақтар кезінде анықталған жылу желісінің ақауы бар учаскелерінде жоспарлы жөндеу- қалпына келтіру жұмыстарын тыңғылықты жүргізуге мүмкіндік беретінін айтып отыр. Осылайша, сынақ кезінде қанша ақау анықталса да, оларды жаз мезгілінде уақтылы жойып, жылыту маусымын жылу желілерінің жағдайына толық сенімділікпен бастауға қол жеткізбек. Бұл өз кезегінде қысқы кезеңде үйлерімізді, мектептер, балабақшалар мен ауруханаларды үздіксіз жылумен қамтамасыз етудің кепілі болмақ.
Сондай-ақ, аталған кәсіпорындар бізге 30 күн ішінде істелетін жұмыстың толық жоспарын ұсынып отыр. Оның аясында әуелгі 10-12 күн аралығында жылу жүйелері босатылып, тұрғын үйлер желіден ажыратылады. Сонан соң 12-14 күн жылу желілерінде гидравликалық сынақ өтеді. Олардың барысында анықталған магистральдық желілердегі ақаулы учаскелер оқшауланып, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары басталады. Ал, соңғы 5-6 күнде тұтынушылар орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосуға дайындық жүргізіледі. Жалпы айтқанда, 30 күн аталған жұмыстарды асығыссыз, толық көлемде жүргізуге мүмкіндік бермек.
– Жылу беруші кәсіпорындар ұсынған жоспарға сәйкес, тұрғын үйлер жылу желілерінен ажыратылатыны жайында айтып өттіңіз. Демек, аталған жұмыстар жүргізілетін бір ай уақыт ішінде тұрғындар ыстық суға қол жеткізе алмайды ғой…
– Иә, тексеру жүргізілетін 30 күн ішінде ыстық сумен қамтамасыз етіліп отырған тұтынушылар желіден толықтай оқшауланады. Бұл құбырларға қысым берген сәтте үйдегі су және жылыту жүйелерінің шектен тыс қысым салдарынан атылып кетпеуі үшін жасалады. Сондықтан, тараздықтарды түсіністік танытып, жылу жүйелері қалыпқа келтірілгенше сабыр сақтауға шақырамын. Бұл, ең әуелі, өзімізге керек шара. Өйткені, қыстың көзі қырауда желіде ақау пайда болып, жылусыз қалып, қиналғаннан гөрі, бар кемшілікті жазда анықтап, жөнге келтіріп алғанымыз абзал.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Есен ӨТЕУЛІ.