Ертең Заречный тұрғын алабындағы Елек өзені үстінен өтетін көпір ашылады
Көпірде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер облыс әкімі Ералы Тоғжановқа осылай деді.
22 қыркүйекте Елек өзені үстінен өтетін көпір уақытша жөндеуге жабылып, көліктер Сүт зауыты шағын ауданындағы айналма жол арқылы жүріп жатқан болатын.
Бүгін көпірдегі жөндеу жұмысының барысын Ералы Тоғжановтың өзі барып көрді. Қала әкімі Асхат Шахаров пен мердігерге таңға дейін көпір үстін толық тазалап, жол үсті сызбаларын жасап, таңда ашуды тапсырды.
Айта кетейік, бұл ағымдағы жөндеу болғандықтан көпір үстіндегі шұңқырлар бітелді. 200 метр жерді жөндеуге арнайы техникалар мен 15 адам жұмылдырылған болатын. Жолшылар күндіз-түні еңбек етті.
Күзгі құбылмалы ауа райына байланысты жолды толығымен күрделі жөндеу мүмкін емес. Жүк көліктері көп қатынайтын маңызы бар жол болғандықтан, көпірді ұзақ уақытқа жабу жол қозғалысына кері әсерін тигізеді. Келесі жылы аталмыш жол толығымен мердігер ұйыммен кепілдік міндеттемелер шеңберінде күрделі жөндеуден өтеді.