ЕРТЕҢДІ ОЙЛАП ЕРТЕДЕН

Жауынымен жарылқайтын күз мезгіліде келіп жетті. Алдымызда қара суығы қылаң берген қазан, қараша айлары тұр.
Оның арғы жағында қылышын сүйреткен желтоқсан айы «Дайындығыңды аязда көрейін» деп сын садағымен сұлатуды мақсат етіп отыр.
Не істемек керек? Әрине, қамдану әрекеттену, әзірлену қажет. Осы тұста дана қазақтың «Қыс шанаңды жаз сайла» деген мәтелі ойға еріксіз оралады екен.
Айту бір басқа да, оны орындаудың жөні бір бөлек. Расында, мектеп қысқы маусымға дайын ба?
Жылыту қазандықтары сақадай сай ма?
Білім ошақтарындағы оқушылардың жайы қалай? Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етілгенбе деген сауал көп көкейінде екені бесенеден белгілі.
Өйткені сол көптің бірі өзіміз. Бала-шаға өсіріп отырған соң, біреудің баласы деп емес, әрбір балаға өз баламыздай қарап, олардың ертеңіне елеңдеуіміз міндет.
Сонда ғана бірлігіміз бен тірлігіміз жарасқан ел боламыз.
Бүгінгі күнді мектептердің жұмыс барысын қадағалау жұмыстарымен басталып, жалғасын тапты.
Аққұм ауылындағы Б.Тоқтықожаұлы атындағы орта мектебінде болғанда мұнда да жылыту маусымына дайындық жұмыстары назардан тыс қалмады. Әжетхана, спорт зал, пән кабинеттері тексерілді.
Ертеңді ертеден ойласақ, көптеген кемшілік, жөнсіз олқылық төбе көрсетпесі анық.
Әсіресе, білім алушылардың өрісін кеңейтіп, танымын тереңдетуге ауа райының қолайсыздығы септігін тигізбеуі қажет.
Мұнан бұрын санитарлық талаптар мұғалімдердің жіті бақылауында болғаны дұрыс.
Тағы бір айта кететін жайт, мектеп ішіне бас сұққан оқушының ізденісін яки білімге деген құштарлығын оятатын ұлағат иелерінің қанатты сөздері, тәрбиеленушілер қызығатын портреттерді орналастыруды қолға алуымыз қажеттігін осы аралау барысында мектеп басшылығына жеткізіп, Президенттің тапсырмасын жұмыла орындауға шақырдым.

Мақсат Арапұлы Қазанғапов

Талас ауданы білім бөлімінің басшысы