Ертең елордада «Адамзаттың алыбы – Хәкім Абай» атты ақындар айтысы өтеді
Ел астанасында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысына енгізілген бірқатар жаңа ережелер мен шараның өту барысы талқыланды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Айтыс 8 ақпан күні сағат 14:00-де «Астана» концерт залында өтетін болады. Ол Нұр-Отан ХДП бастамасымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
«2020 жылы елімізде әртүрлі деңгейдегі 80-ге жуық ақындар айтысы өтеді деп жоспарлануда. Оның 3-еуі – халықаралық деңгейде, 21-і республикалық деңгейде болмақ. Сондай-ақ 21-і Абайдың 175 жылдық мерейтойына, 3-еуі әл-Фарабидің 1150 жылдығына, 5-еуі Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналады», — деді «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының саяси жұмыс департаменті директоры Ерлан Қарабалаев.
Халықаралық жыршы-термешілер және айтыс ақындары одағының төрағасы Жүрсін Ерман айтысқа енгізілген бірқатар жаңа ережелерді түсіндіріп өтті.
«Бұл – Абайдың мерейтойына орай өткізілгелі отырған алғашқы айтыс. Халықтың көңілінен шығатындай әділетті өтуіне үлкен мән беріп отырмыз. Бұрынырақ айтыстағы ақындар жұбы алдын-ала анықталатын. Яғни сөз бәйгесіне түспей тұрып ақындар өзінің кіммен айтысатынынан хабардар болатын. Бұл жолы ережені сәл өзгертіп, жұпты халықтың өзі таңдайтындай еттік. Он алты ақынның аты-жөні жазылған қағаз шардың ішіне салынады да, залдан кез келген көрермен шығып, жұптарды таңдайды. Сондай-ақ ұзын-сонар жаттанды айтысқа да жол бермейміз. Ақындар үш, төрт, бес шумақпен қайымдасып, жауаптасып айтысады», — деді ол.
Сондай-ақ Жүрсін Ерман ертеңгі айтыста қазылар алқасы қатысушының өнері баллдық жүйемен бағаланбайтындығын атап өтті. Әділқазылар алдында қызыл және көк түсті екі түймешік орнатылады. Қай ақынға көк түймешіктер көбірек басылса, сол келесі кезеңге өтеді.
Айта кетсек, дүбірлі додада 16 ақын бақ сынайды. Ал айтыстың жалпы жүлде қоры 10 400 000 теңгеге тең.