«Ертіс Агро» Нұр-Сұлтан қаласындағы мұқтаж жандарға 32 тонна гуманитарлық көмек көрсетті
Ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі мұқтаж отбасыларға көмек көрсету жұмыстарын әрі қарай жалғастырмақ, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Біз, «Ертіс Агро» мүшелері, еліміз үшін қиын уақытта қол қусырып қарап отыра алмадық. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне барып, мұқтаж азаматтарға, әсіресе мүгедек, көп балалы отбасылар мен қарт адамдарға көмек көрсетуді ұсындық. Біз 32 тонна гуманитарлық көмек жинадық.
Картоп, өсімдік майы, жарма, күріш, қант, тұз, бұқтырылған ет, сүт, шай, макарон және ұннан тұратын азық-түлік пакетін дайындап, қажетті орынға жібердік. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы қызметкерлері гуманитарлық көмек жинау және сақтау қоймасын табуға, сонымен қатар өнімдерді орап-дайындауға көмектесті», — дейді «Ертіс Агро» АӨК басқарма төрағасы Ерлан Тоқтұшақов. Сонымен бірге Ерлан Тоқтұшақов коронавируспен күресте алдыңғы қатарда жұмыс істеп жатқан медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді. «Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасына, Жастар бастамаларын дамыту орталығына, «Жас қанат» жастар клубына, Павлодардағы «Қызыл жарты ай» қоғамының филиалына, Павлодар облыстық ауылшаруашылық басқармасына, Павлодар агроөнеркәсіптік кешеніне, шаруа қожалықтары мен біздің кооператив қызметкерлеріне азық-түлік пакеттерін дайындауға көмектескендері үшін алғыс білдіреміз. Осы әрекет арқылы адамдарды басқаларға көмектесеуге шақырғымыз келді. Өйткені қонақжайлылық және қиын кезде қол ұшын созу біздің халқымыздың ерекшелігі», — дейді басқарма төрағасы. Басқарма басшысы «Ертіс Агро» өндірістік кооперативі осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отырғанын айтады. «Бұл үшін біз халықты қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында, облыста ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», — дейді Е.Тоқтұшақов.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі