Ертіс өңірінде арзандатылған дизель отынын алуға 100-ден астам фермер электронды өтініш берген
Ертіс өңірінде qoldau.kz порталы арқылы арзандатылған дизель отынын алу үшін 105 фермер электронды өтініш берген. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев айтты.
— Өңірде күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 21 мың тонна арзандатылған дизель жанармайы бөлінді, — дейді Нұрболат Мақашев. — Шілде айына жоспарланған жанармай көлемі бойынша 4500 тоннаға (75%) келісімшарт жасалған, 2600 тоннасы (43%) төленген.
Фермерлер дизель отынын жеткізуші оператор ретінде «ABN TRADE» ЖШС-ін таңдады. Операторлардың қызметімен қоса алғанда жанармайдың 1 тоннасы 186500 теңге тұрады, (1 литрі – 158 теңге). Тамыз айына бөлінген жанармайдың 1 тоннасы операторлардың қызметімен бірге 187500 теңгені құрайды (1 литрі — 159 теңге). Бүгінде 841 млн 225 мың 618 теңгеге 4511 тонна арзандатылған дизель отынын алу үшін 105 фермер электронды өтініш берген.
Электронды өтініштер беру және квота бөлу туралы «Ақпараттық есептеу орталығы» АҚ павлодарлық бөлімшесінің басшысы Жанар Сламова айтып берді.
— Шілде айынан бастап жеңілдікпен берілетін дизель отынын бөлу бойынша облыста пилоттық жоба жүзеге асырыла бастады, — дейді Жанар Сламова. — Жобаның мақсаты – фермерлер мен қызмет ұсынушылардың арасындағы қандай да бір байланыстың алдын алу.
Тауар өндірушілер qoldau.kz порталында электронды алқаптарды белгілеп, жер учаскелері бойынша үш жылдық 2016-2018 жыл аралығындағы бұйрықтар мен биылғы жылдың жоспарын енгізеді. Жүйе автоматты түрде қашықтықтан жерді тексереді. Ауыл шаруашылығы басқармасы сол жерде автоматты түрде бөлінетін дизель отынының көлемін есептейді. Егін алқаптарының картасы көрсетілгеннен кейін бір күннің ішінде өтініштерді қабылдап, квотаны бекітеді. Осылайша фермер оператормен портал арқылы электронды келісімшарт жасайды.
Спикердің айтуынша, мұндай жаңашылдық арзандатылған дизель отынын әділ бөлуді қамтамасыз етеді және қазғазбастылықтан арылтады. Сондай-ақ, тауар өндірушілерге өтініш беру үшін облыс орталығы мен ауданға келудің қажеті болмайды. Портал жеті күн 24 сағат бойы жұмыс істейді.
Әлихан Рахметоллаұлы