Ержүрек теңізші қыз
Ақтаулық Жанар Ибраева — ТМД бойынша кеме экипажындағы жалғыз қыз. Ол әскери теңіз күштерінде байланысшы болып қызмет етеді.
«Орал» зымыранды-артиллериялық кемесінде байланысшы қызметіндегі Жанардың қимылы шапшаң, жүрісі ширақ. Тіпті жігіттерден осал емес. Оның міндетіне көк айдынның қай бөлігінде, қандай жағдай орын алғандығы туралы орталыққа хабарлап отыру кіреді.
—Басында келгенде ер адамдармен бірге иық тіресе жүру қиынға соқты. Көптеген іссапарда болдым. Жұмысым өзіме ұнайды. Қырағылық пен шапшаңдықты талап ететін жұмысты жасағаныма еш өкінбеймін. Қарт Каспийдің тыныштығын күзетуде аянбай еңбек етуге дайынмын, — дейді ол.
— Кеме экипажында 26 адам болса, Жанар солардың арасындағы жалғыз қыз. Ол өз ісінің білгірі. Бүкіл ер-азаматтармен бірге өзінің жауынгерлік тапсырмаларын уақытында және жоғары дәрежеде орындайды. Біз оны экипаж арасында жалғыз қыз деп еркелетеміз. Оған көбіне ауыр тапсырмалар бермеуге тырысамыз, — дейді «Орал» зымыранды артиллериялық кемесінің бөлім командирі Шахрух Абдуразаков.
Жанар тек Қазақстан ғана емес, бүкіл ТМД бойынша кеме экипажында қызмет ететін жалғыз нәзік жан. Бұл тағдырдың ерекше тартуы дейді ол. Толқыны тасқындаған Каспиймен жаны егіз қыз, әскери теңіз күштерінде әлі де ұзақ қызмет етуді көздейді.
Айман Оңғарбайқызы