Есболат Айдабосын : «Ұран»( Проза.Бір күйдің тарихы)
Бұл шығарма қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінің
арналады!
Түн түңлігі түрілді. Ұлы дала ұйқыдан оянды…..
Таң намазын оқи сала, атқа қонған Байсерке Қордайдан асып түскенде Қопа мен Қозыбасының аралығынан күн сығалады. Шапағына ат кекілін аймалатып қарсы жүрді. Жолай отырған Қасқараудың қабырғалы ауылдарынан қиыстай өткен.
Баяғыдай Шу мен Іленің арасына тоғыз түнеп, әрбір таңды той-томалақпен қарсы алатын кез емес, бүгінде елдің көңілі алаң. Ақеділ ағайынның пейілі тарылып, ақ дастарханы жиылған жоқ-ау, қай ауылға барсаң да еркегі бата жаса деп бағланын сүйреп келеді, еркесі қолға су құямын деп құмғанға қарай жүгіреді. Құдды жиені келген нағашыдай қамсыз, бейқам көрінер. Бірақ сол бейқам қазақтың көзі мұңлы, көкірегі зарлы. Сөзге тартсаң күдігін сезесің, жүзінен үрей көресің. Атқа мінген азамат деп арызын айтады, бәтуә күтіп аузыңды бағады. Ал жапан дүзде жалғыз жортқан күйші кімге тірек, кімге пана?! Бұл шерткен күй шерменде жұрттың шерін тарқата алар ма?! Қарашекпен тіліп алған қара жердің қарыс сүйемінің болсын қарымтасы қайта ма?! Кесілген бас, төгілген қан мен жастың құнын кім даулар? Жылағанды жұбататын, күйзелгенді қуантатын күн қашан туады?
Байсерке көптен бері қыр соңынан қалмаған осы бір жауапсыз сауалдардан жасқанады. Топ ішінде сөйлей қалса тағасыз тұлпардай тасырқап, ойы жүйесінен жаңылып, сөзі соқпағынан адасады. Көңілді күпті қылған уайым-қайғының дойыр қолы- қысырақтың үйірін көрген айғырдай арқыраған сауықшыл кеуденің талабын тұсап, тақымдап алғалы қашан. Соңғы кездері ел аралауды сиретіп, үйкүшіктеніп кетті. Қарақияның басына шығып күй тартқанда Қасқажол мен Көкқаптал тіпті Ойжайлауда отырған қалың елді оятатын Байсеркенің бұлайша тұйықталуын ағайын-туыс сан-саққа жорып, аузы жеңіл қатындар сыпсыңдап сөз тарататын. Бірақ Байсерке ешбіріне мән бермеді. Бердібек пен Қожабек секілді шәкірттері келгенде ғана шешіліп сөйлеседі, одан басқа жұртпен қарым-қатынасқа құлықсыз, әңгімеге сараң. Бүгін де қасына жолдас ертпей жалғыз шықты, әрі ешбір ауылға соқпай төтесінен тартып келеді.
Ақтанаудың жол жорғасы жайлы, Байсеркені бесіктегі баладай тербетеді. Бөркін көтеріп, тершіген маңдайын таңғы самалға тосты. Шекеден ұрған салқын жел тамыр қуалап барып табаннан шықты, жан әлемі рахатқа бөленді. Аспан шәйдай ашық екен, кепсерге ілінбей қалған көбіктей болып жалғыз бұлт қалқып жүр. Адасқан бұлт емес, Байсеркенің өз бұлты. Көңілін мұң шалып, көп ішінде жалғызсыраған тұста немесе әруақтанып атқа қонған заматта көгіне шығып бірге жортатын. Тәшкеннің ұлы базарында қырғыз бен қоқанның қос күйшісі тайталасқа шақырғанда қасындағы қалың ағайыннан көрі төбесіндегі осы жалғыз бұлт медет беріп еді.
-Байсеркемен бақ таластырдық,-деген атақ үшін желпініп жеткен екеуіне:
-«Жетпіс бұтақ»* деген күйім бар, басқасына бармаймын, соны ғана тартамын. Таң намазын оқи сала отырғаннан, ақшам ауғанда тұрамын, тек бесін мен намаздігерде құлшылық қылуға мұрсат беріңдер деп шарт қойды. Бұл сөзді естіген жәрмеңкедегі үш атаның баласы араның ұясындай дуылдасып кетті. Қазақтың үлкендері «райыңнан қайтарсың» дегендей Байсеркеге жалтақтай қараса, қырғыздар дарақылыққа балады, ал әр нәрседен ұпайы түгел шығатын өзбектер қауымы дереу ақша тігіп бәстесе кеткен. Ертеңіне Байсерке сақар таңнан базардың тап ортасына жайылған текемет үстіне жайғасты. Жалаңаш денесіне түйе жүн шекпенін ғана киіп, белін шарт буынған. Тәшкеннің шыжыған жазында күні бойы күй тартқан домбырашы қазақты базаршыл қауым, бақалшы-саудагерлерден бастап қаланың әміріне дейін келіп көрді. Жердің бетін жалынымен шарпып, қылтиған көкті солдырып, қызыл мен жасылдың түсін оңдырып өткен шілденің күні құйтақандай күйшіні құлата алмағынына қапаланғандай қызара барып, құбыла бетке сіңгенде Байсерке де «Жетпіс бұтақтың» соңғы бұтағын сомдап шығарған. Тер басқан маңдайын жеңімен сүрте бергенде, Бақтиярлап* әруақ шақырған ұлы жүз қазақтары көтеріп әкетті. Қаумалаған жұрттың қолында кетіп бара жатып, көк жүзіндегі көбік бұлтты көзі шалды. «Күні бойы ешкімге көрінбестен көлеңке болдым, разы шығарсың, енді мен де кеттім» дегенді айтып қарауытқан аспанда түтілген жүндей ыдырап барады екен. Байсерке кеберсіген ернін икемге әрең келтіріп, «жасаған ием жар болғай» деді ешкімге естіртпестен.
Бүгін де сол ақша бұлт төбесіне қайта қоныпты. Ақтанаумен жорға салыстырғандай батыстан шығысқа қарай баяу қозғалады. Жылжыған сайын шоғыры бірде ұйлығысып, бірде шашырап мың құбылады. Аспандағы бұлттың қайнауы күйшінің де қанын қыздырып жібергендей, жан дүниесі буырқанып толқып кетті.
-Жүрісің суыт, жосықсыз жортып қайда барасың деп кінәлама!-деді бұлтқа қарата қамшысын шошайтып…. – Біле білсең мен де сен секілді бүгін бармын, ертең жоқпын. Сен түйілсең су төгесің, мен түйілсем күй төгем. Сен қара жерге нәр бересің, мен қарайған жұртыма ән берем. Бірақ менен көрі сен бақыттысың! Сені толғайтын желің бар ал мені қорғайтын ерім, қолдайтын елім қане? Сен үйіріңді табарсың-ау ал мен өз үйімде бөтен болған бейбақпын. Төр иесі төрем жоқ, ел тізгіні басқада. Артыма қарасам бабаларым қамшысын білеулеп аттандап жатыр, алдыма қарасам балаларым есіктен кіргенді төрге оздырған. Қарашаңырағын қонағына билетіп, өздері құлша құлдыраңдаған. Ойым адасты, төңірегімді тұман басты. Ішім жалын, сыртым от. Мұнымды біліп жатқан, мұңымды тыңдап отқан ешкім жоқ. Домбырам жырламайды, бүгінде тек жылайды. Домбырамның зарлы үнін естідің бе ақша бұлт! Сен естімесең тау естиді, тау естімесе тас естиді. Жазы даламның жыңғылы мен тобылғысы ұғар. Өзені өкіріп ағар, бетеге мен жусаны шайқалақтап, тербелер. Шанақтан шыққан әуенмен бірге олар да шулап шерленер. Менің күйімді іздегендер даладан табады. Сол даланың кәріқұлақ данасы, зерделі баласы барда менің өнерім өлмейді. Өнерімнің өлмегені менің де өлмегенім. Мен тірі болсам, ұлтым да аман болар! Бұл даланың да таңы атып, күні шығар. Оны мен көрмеспін, күйім көрер, сен көрерсің! Естідің бе ақша бұлт, менің күйім сенің суың секілді….Аңқасы кепкен жұртымның аузына тамған тамшы. Бәйгеге түсер ердің қолындағы қамшы. Тек сауырға салынар сол қамшыны басқа сілтемесе болғаны…. Мұнан басқа арман жоқ. Арманым осы ақша бұлт! Арманым осы! Арманым……
«Арманым»-дегенді Байсерке әлденеше мәрте қайталады. Ышқынып қатты айқайлап жіберген болу керек, Ақтанау иесінің дауысына елеңдеп құлақ қайшылады да, жауап қата пысқырынды. Ал Байсерке аттың басын оқыс тартқан. Көлқамыс тұсындағы Қараш батырдың* зиратынан өтіп бара жатқанын жаңа аңғарды. Тіріден қашқанмен өліден аттап кету шариғатқа қайшы, салтқа қиянат. Атынан түсіп қабірге бет алды.
Жарықтық жорықтан қайтып келе жатып, жан тапсырған екен. Қай жерге барып жығылам, сонда қойыңдар деген өсиеті бойынша қанды көйлек жолдастары найзамен шұқып, қылышпен шауып қабірін тура көлдің қасынан қазыпты. Қазуын, қазғанмен көңілдеріне күдік байланған. «Есіл ердің сүйегі су астында қалатын болды-ау»,-деп алаңдаған. Құданың құдіреті, сол заманнан беріде Көлқамыстың суы көтерілмепті. Керісінше желінін тартып, іргесін аулақ салған. Көктем сайын таудан ағатын тасқын да Қараштың зиратына келгенде қақ жарылады деседі. Сарышұнақ пен қосаяқтар мекен қылған қопалы жердің қамысы да қашып, жайдақтана бастапты. Бүгінде көкжал батыр жапан түзде дөңкиіп жалғыз жатыр.
Байсерке зираттың алқымына жүрелей отырғанда құбыла беттен соққан Қордайдың желі сақалын саумалай жөнелген. Төрт құлақты көне моланың қуыс-тесіктері мен айналадағы қурай-шөптерге де тіл біткендей… Жел улеп, жарыса ысқырады. Бұқар мақамына салып құран оқып отырған күйшінің де көңілі тербеліп кетті. Өз дауысын дедектетіп әлдеқайда әкетіп жатқан таудың желі құлағына әлдене деп сыбырлайтын секілді. Бірде сыбырлайды, бірде күбірлейді, ызылдап, ысқырады. Енді бірде гүрілдеген-дүбірлеген үн шығарады, аттан салып ышқынады. Күйші, әруаққа бата жасағанда даусына діріл жүгіріп, қолының қалтырағанын сезді…..
Келер сәтте қара домбырасын жалма-жан өңгеріп, құлақ күйін келтіріп жатты.
Жетпіс бұтақ– Байсерке шығармаларының ішіндегі ең ұзақ, тізбекті күй.
Бақтияр-Ұлы жүз ұраны
*Қараш батыр(1715-1813 ж.ш.) – жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен батыр. Ұлы жүз Шапырашты руының Есқожа тармағынан. Қараштың өкесі Жарылғап —Қарасай батырдың немересі. Қараштың батырлығымен қоса қазақ-қырғыз арасына тату көршілік қарым-қатынас орнатып, ел бірлігін сақтаудағы әділеттілігімен де аты шыққан. Зираты Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақтерек ауылынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде.
*************
Байсеркенің әкесі Қылыштың көкірегі даңғыл, қолы епті еді. Қамшы өріп, ер шабатын, етік тігетін, әшекей жасап, қанжар соғатын. Сонымен бірге сөйлей кетсе шешен, өткен-кеткенді көкейге тоқыған ділмәрлығы тағы бар. Бала бойындағы бұлқынысты да алғаш байқаған әкенің көреген көзі. Ырғайтының* бойынан әкелген бөренені шотпен шауып, шанағы бұлтиған шағын домбыра жасап берген. Бұл домбыраның керегеде ілулі тұрған кезі болмапты, қашан көрсең бала Байсеркенің жотасында жауынгердің садағындай салақтап жүретін. Ойыннан қолы босаған сәтте әкесі үйреткен қағыстарды қайталайды. Әрбір күйдің басталуы мен шарықтау тұстарын тез жаттайтын. Балалар күй тартшы деп қолқалағанда бастапқыда соларды ғана шертіп жүрді. Арқандаулы аттай айналшықтағанға асау көңіл тояттамай кей кездері жанынан тармақ қосып, ауа жайылып кететін. Күй соқпағын танымас достары Байсеркенің ұзаққа сілтесіне таңдай қағып таңырқайды, ал өзі мұрын шүйіріп масаттанатын.
Бір күні киіз үйдің көлеңкесіне «дымбілмес көрермендерін» үйіріп қойып азынатып отырғанда ешкінің аш ішегінен есілген домбыра ішегі үзіліп кетті. Жалма-жан етік жамап отырған әкесіне жүгіріп жетті. Баласының меселін қайтаруды білмейтін Қылыш, тарамысы мен ілмек бізін қоя салып домбыраға ішек тағуға кірісті. Ішек тағып жатып, Байсеркеден қандай күйді шерткенін сұраған. Байсерке жауап таба алмай күмілжіп қалды. Қылыш домбыраның құлақ күйін келтіріп болған соң, дегбірі кеткен ұлын арқасынан қағып дем берді. Жаутаңдай қараған Байсеркеге оқтаулы жанарын бір қадаған. Әкенің осы бір үнсіз жазасы, сөзбен айтпай көзбен атқаны Байсеркенің есінен кетпейді. Содан беріде күйді бұзып тартуды доғарды. Әкесінен қалмай жүріп екі-үш күйді толықтай меңгерді. Артынша алқа топқа түсіп күйші бала атанған.
Сол бір сәт, күні кешегідей әлі санасында сайрап тұр. Байсеркенің беске аяқ басқан кезі-тұғын. Сұлутөрдің бойында отырған Сырымбет ауылына сиыр сәскеде жарау атқа мінген, жақсы киім киген оншақты кісі сау ете қалды. Сыйлы қонақтар көрінеді, жігіт-желең байдың қонақ үйінің қонысын жаңартып, көгалдау жерге апарып тікті. Баланың тақымы тимеген, ауыздық ноқта кимеген асау жабағы сойылды. Күллі ауыл аяғынан тік тұрып, қызмет етті. Қазанның оты қайтқан кезде, жылқы етінің бұрқыраған иісі атырапқа жайылған. Сол иіс тау бөктерінде тобылғы садақпен торғай атып жүрген Байсерке мен оның достарын да тамаққа шақыра келді. Ойынның қызығына берілген қараборбайлардың сілекейі шұбырып, қарындары шұрқырап сала берген. Жамыраған қозыдай барлығы етектегі ауылға жарыса жетті. Астау толы етті тасып, қонақ үй мен қазан-ошақ арасында жасауылдай жосылған табақшылар балаларды алыстан жасқап, жанына жолатпайды.
-Әй, мыртық ары тұр,- дейді бірі кекетіп.
-Ей, қу мойын кеңірдегіңді созба, бұл бас табақ,- деп екіншісі ұзын бойлы бақыр басты баланың тақырайған шекесінен шертіп өтеді.
-Қайт, қайт,- деп мал қайырып жүргендей әкіреңдейді кейбірі. Даяшылықты өздеріне дардай қызмет көретін секілді. Кеуделерін кереді, бөденеше жорғалап, кекілікше желеді. Тек ет жасаған қатындар* ғана балалардың әрқайсысына бір-бір кесек ұстатып шығарып салған. Бірақ бұған қарын тойып, көңіл жұбанбасы анық. Сіңірін малжаңдай шәйнап, сүйекті тамсана кемірген кетік тістер мен қозықарындар босаға аңдыды. Қонақтар да көп күттірмеді, жылтыңдап есіктен қарағыштап тұрған бұларды кезек-кезек шақырып алып, алақандарын толтыра ет асатты. Үлкендердің сарқыты мен пейілдеріне разы болған балалар ымырт үйіріле шанақтарын бір-бір сипап үйді-үйіне қайтқан. Тек Байсерке төңіректеді де жүрді. Әлгінде төрде отырған қарасақалдының қолынан ет асарға бара жатып сандыққа сүйеулі тұрған екі домбыраны көрген. Киім-киісі, бітім-тұлғалары бөлекше бұл топтың ас ішіп, аяқ босатуды ғана білетін қыдырымпаз мырзалар еместігін бала түйсігі аңғарған. Күткеніндей-ақ дастарханға бата жасалып бола бергенде қонақ үйде отырғандар әлденені қолқалағандай кеу-кеулеп кетті. Мезетте домбыраның қоңыр үні ілесе шықты.
-Бас,бас….шаңтимесім шап…төкші бір… тарқатшы шерді деп көтермелеп, қолдаған жұрт ырду-дырду болып жатқан сәтті пайдаланып Байсерке де есіктен еніп үлгерді. Әлгінде ет асатқан қара сақалды кісі қақ төрде кереқарыс маңдайын жарқыратып жайнаң қағып отыр. Дабырласқан жұрт даусын естіртпеді. Шамасы әлдеқандай күйдің шығу тарихын баяндаған болу керек, күй шертілгенде ғана киіз үйдің іші тынышталған. Ел ұйып тыңдады. Әлеумет алғашқы күйдің әсерінен арылып болам дегенше қарасақалдының оң қапталында отырған қырықтан жаңа асқан жігіт ағасы домбырасын күңірентіп кетті. Адам түгіл сегіз қанат еңселі үйдің сай-сүйегі сырқырағандай күрсініп, керегелер жиырылып, уықтар шаңыраққа сұғына түскендей болды. Бір кезде күйші кілт тоқтаған, бірақ күй үзілмеді. Қарасақалды іліп әкеткен екен. Екеуі домбыраны кезек шертеді. Бірі тоқтаған тұстан екіншісі килігеді. Кейде үзеңгі қағыстырған қос арғымақтай қатарласа шабады. Табалдырық тұстағы керегеге сүйеніп тұрған Байсерке құлаққа жеткен алғашқы сарыннан-ақ жыланға арбалған торғайдың күйін кешкен. Сиқырлы әуен баланың қанын ойнатып, жүрегін бұлқынтып енді бірде көкке самғатып, тұңғиыққа құлатып әбден билеп-төстеп алған. Қос домбырашының өнері баурағаны сонша, елді кимелей жылжып алға озып кетіпті. Бір есін жиғанда екі күйшінің қасына барып қалыпты. Жұрт жамырай әлденені сөз қылып жатыр. Сол кезде ғана Байсерке әңгіменің өзі туралы екенін шамалаған.
-Қылыштың жалғызы ғой, өзіміздің Қылыштың,- дейді ауылдағы баскөтерер азаматтың бірі мұны елге таныстырып.
-Есімжан аузына түкіріп кетші, біздің ауылдан бір күйші шығар ма екен,- деп кемсеңдеді тоқсанға таянған Әбдез қарт. -Бабасы жаһанды шарлаған мүйізді Өтеген, батырлық пен бектік қонған әулет. Әруақты жердің баласы,- деп көтермелеп қойды артынша….
-Әкесі шауып берген домбырасын сабалап отырғанын көргенмін, осыдан бірдеме шығады,- деп тағы бірі араласты сөзге.
Байсеркенің буын-буыны босап кетті. Өңі өрттей лаулап, албырап барады. Кейін шегініп көп арасынан сытылып шыққысы келіп еді, аяғы еркіне көнер емес. Қозғалса құлайын деп тұр. Сол уақытта қарасақалды кісі қасына шақырды. Кішкене домбырасын асынып алған тығыншықтай қара баланың бітіміне ризашылықпен көз тастаған.
-Атың кім айналайын? -деді.
-Байсерке..
-Әкеңнің аты кім?
-Қылыш
-Домбыра тарта аласың ба?
-Аздап шертем… Әкем «Ақсақ құлан» мен «Ел айрылғанды» үйреткен.
-Кәне шап!
Қарасақалдының ілтипаты дәтке қуат берді. Байсерке шарт жүгініп, отыра кетті. Арқасындағы қара домбырасын алдына алып, Кетбұғадан қалған сарынды білгенінше дыңғырлатты. Өзінің шамалауынша бір-екі жерінде оңбай сүрінді. Соңғы қағысын жасаған бетте ұялғанынан құнжиып отырып қалған. Тым-тырыс. Әлгінде бәйге көргендей қиқулап отырған жұрттың да үні өшкен. Тек Байсеркенің кішкене жүрегі, төсін тоқпақтап тулап жатыр. Ақырын ғана басын көтеріп, айналасына жасқана қарады. Қарасақалды күйші қол орамалымен тершіген мойнын сүртіп, арқасы қызған бақсыдай қопалақтап отыр екен. Байсеркеге төніп келіп тікесінен көтеріп, тізесіне мінгізген. Мейірленіп, маңдайынан иіскеді.
-Әу, жәмиғат!- деген, дабырласқан жұртқа қарата. -Мына Саршаны білесіздер,-деп қасындағы серігінің тізесінен басты. –Алакөлдің арғы бетін жайлаған найман баласы болғанмен екеуміздің өрісіміз бір, жан дүниеміз жақын. Кәсібіміз ұқсас, арман-мұратымыз ортақ. Мен елуді еңсердім, Сарша да қырыққа кеп қалды. Екеуміз оңаша қалғанда артымыздан бір қара ермеді деп алаңдаушы едік. Ел іші өнер кеніші деген. Бар екен. Жал құйрықтан кенде емес екенбіз Сарша! Тәуба! Баланың бойынан ұшқын байқадым. Оны өшіріп алсақ бықсыған түтінге айналады, жандырып жіберсек күл боп кетеді. Сондықтан оны шоқ қылып, маздата білсек қана қызуына жылынып, қызығын көреміз…. Баланың бағы жаратқанның қолында, ал бабы Сарша екеуміздің мойында. Көңілім ауды, бердім батамды.
Жұрт жамырай әумин десті. Қарасақалды кісі ашық даусымен түнгі даланың туырлығын тілгілеп бата жасады. Ойын-сауық ары қарай жалғасты. Байсерке сол түні таңға дейін көз ілместен күй тыңдаған. Бала болып келіп, үйіне күйші болып қайтқан.
*Ырғайты-Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы өзен аты
*Қордай аймағын мекендеген Дулат руында қонаққа тартылар табақты әйелдер жасайтын аймақтық дәстүр қалыптасқан.
******************
Қараш батырдың басында тап болған сарын Байсеркені қозыкөш жерге дейін төңіректеп жүрді. Күй туатын секілді. Төпелеп төге салатын бұрыннан әдетінде жоқ, көңіл толғағы ақ жауын секілді, кемі екі күнге созылады. Шалық қысқанда, шақшадай басына шартараптан ештеңені шақ көрмей шапқылап кететін сал-сері емес, күйшінің бабы күйгелектікті көтермейді. Жемсауы балға толғанша әр гүлдің басын бір шалатын арадай, айналадағы әрбір құбылыстан үн іздеп, саз аулайды. Әлгінде зират басында сарнап берген сарын қолына домбыра алғанда қожырап кетіп еді. Әрі-бері қол жүгіртіп көрген, көңіл пернесі қырсық биедей желінін тартқан күйі иімей қойған. Бастапқы бірер қағысты ғана жадыға тоқыды да жабырқау күйде атқа қонды. Содан Ақтанаудың басын тартқан жоқ. Иесінің ширығып отырғанын білгендей-ақ жануар жол жорғасынан жаңылмай келеді. Тастақ жерден мысықша жортып шашасын ұрғызбай өтеді, сай-салаға келгенде қапталдай салып жол іздейді. Жалпы, жөн-жосықсыз үркіп, жалт бергіш ұшқалақтық, Ақтанаудың бойында жоқ. Тебінсең жүреді, тежесең тоқтайды, бас бермей кетіп арандамайды. Ал шабысқа келгенде ауыздығымен алысып аласұрған талай тентек жылқыға тезегін иіскетерлік қарымы бар. Осы бір бекзат мінезі үшін Байсерке Ақтанауды өзге қылқұйрығынан бөлектеу көреді. Кей кездері мұңын шағып, адамша сырласатыны бар. Қарашекпендердің қалашығына барып жүріп, казак-орыстардың ат ойынын да үйретіп қойған. Сұлутөрдің бойында Ақтанау секілді ауыздық қаққанда аспанға секіретін, кісі бойындай бөренеден қарғып өтетін, жалдан тартса жата кететін, шаужайлап жіберсе биге салатын ақылды жылқы жоқ. Үйде ақ бәйбішем бабымды тапса, түзде Ақтанауым жанымды сақтайды дейтін Байсерке ат туралы әңгіме бола қалғанда… Ақтанауға арнап күй де шығарды. «Ат ойнатқан» деп аталатын ойнақы күйді әсіресе желігі басылмаған жастар жақсы көреді.
Ақтанау жүрісін бәсеңдетіп, тоқтауға ыңғайланды. Сонда ғана Байсерке төңірекке көз қыдыртты. Қоңыртөбеден өтіп, Қозыбасыға* жетіпті. Ақылды жануар жер танып тұр екен. Байсерке аттан түсті. Шу мен Іленің ортасында сапарлаған сайын осында аялдау ұлы ұстазы Есімнен калған ескі әдет. Есім күйші ары өткен, бері өткенде міндетті түрде Қозыбасының бөктерінде сапар намазын оқитын. Сол дәстүр қабырғасы сөгілмеген күйі Байсеркенің бойына сіңді. Бірақ қарт күйшіден мұның сырын сұрамапты. Есім де айтайын демеген. Тек бақұлдасар сәтте тілі күрмеліп жатып арман қып шерткен.
-Бүгіндікке Байсерке күзетсін,-деп көңілін сұрап барған жұрттың бәрін қайтарып жіберген Есім, етқашты саусақтарымен шәкіртінің оң қолын қаусыра қысып едәуір отырған. Жасаураған жанарымен тұла бойын тергеп болған соң ризашылықпен бас изеді. «Жақында» деген ишараны түсіне қойған Байсерке ұстазының кеберсіген ерніне құлағын тосты.
– Бұл қазақтың алғаш ұран көтерген жері – Қозыбасы,- деген қыстыға үн қатып. Артынша жөтел қысқанына қарамастан жеделдете сыбырлады.
-Қозыбасының алдына қобызымды арқалап, домбырамды көтеріп сан мәрте бардым. Құрбандық шалып, қонай-түней жаттым. Бірақ бабалар мекені менімен сөйлеспей қойды. Қозыбасыға тіл бітірсем, күллі қазақ күңіренер күй туар еді, шіркін. Арманыма жете алмадым- деп барып тоқтады. Ауру меңдеген әлжуаз көкірегін әзер көтеріп ауыр күрсінді. Сол күрсіністен соң Есім қайтып тіл қатқан жоқ. Таңға жуық бала-шағасымен де үнсіз қоштасып, үзіліп кете барды. Елінің еркесі атанған Есім күйші өтті жалғаннан. Ал көкейіндегі арманы көрге бірге көмілген жоқ, Байсеркенің кеудесіне қонақтады.
Есім дүние салғалы биыл бір мүшелден асты. Байсерке содан бері Қозыбасының етегіне қанша мәрте намаз оқығаны, қанша мәрте бұл жерге ат шалдырғаны белгісіз. Әрбір өткен сайын Есімнің арманы есіне түсіп, ұстаз аманатын орындай алмағанына қапаланатын. Өткен түнде түсінде көрді. Есім бұның қолына қара домбырасын ұстатып:
-Байсерке бар! Бара ғой, қарағым!- деп елжіреді. Дауысы өңіндегідей саңқылдап тұр.
-Қайда барамын, ата?
-Қозыбасыға бар, бабалар ұран салып жатыр,-деді де ғайып болған. Байсерке түн баласы көз ілген жоқ. Таң қылаң бере ешкімге жөнін айтпастан атқа қонған. Көңілі бастапқыда бәйгеге шабар баладай алабұртып тұр еді, Қараш батырдың басына келгенде сабасына түсіп, сабырын тапты. Бірақ жүрегінің қағысы бүгін басқаша. Ат жүрісімен жарыса соғып, әлдебір ұлы дүрмектің дүбірін сездіретіндей.
Түндегі түсі мен тұла бойындағы құбылыстардың неден аян беріп, қайда жетелеп тұрғанын Байсерке біле алмады.
-Ааа, Жаратқан ием! Абырой бер!- деп күбірледі күй тартар кездегі әдетіне басып. Күн салып көкке бір, көлеңкесіне бір қарап уақыт шамалады. Бесін намазы кірмепті. Қордайдан аттанғанда Қозыбасыға қатын бесіннің әлетінде жетемін деп шамалап еді, аты жүрдек болып сәл-пәл ертерек келгенге ұқсайды. Ақтанаудың тізгінін жалына түйіп қоя берді де, шекпенін бір сілкіп жерге жайды. Домбырасының құлақ күйін келтіріп алып «қайсысын тартсам екен» дегендей сәл-пәл ойланып тұрды да, «Жекпе-жекті» жүйткіте жөнелген. Күймен бірге өткен күндердің қойнауына сүңгіді.
Құтмалдыда* құрылтай шақырып Орман манаптың қалың қырғызға хан сайланған шағы… Ақ киізге мініп, айтұяқтың* қанына қолын малып тұрып, қырғызды ел етемін, іргесін кеңейтемін,- деп серт берген деседі. Қоқан билігінен Бішкекті қайтара сала Қордайға қарап көзінен зәр шашып, аузынан от бүркіген. Алатауды бөліскен ағайында да алашағым бар деген Орман ханның тепсінуі Жетісу жұртын орыс отаршылдарының от қаруынан бетер тітіренткен. Әсіресе, Кекілік-сеңгір* маңындағы Қаракемерді* көрген сайын қырғыз манабының көзі қанталап, әруағы қозатын. Байсерке ол кезде жүгіріп жүрген бала еді. Орман хан екі мәрте қол бастап келіп меселі қайтты дегенді ауыл ақсақалдарынан ара-тұра естіген. Екеуінде де ағайынды Шыңғысбай мен Бекеней дейтін Қыбырайдың* жігіттері қырғыз қолын қапыда қалдырыпты. Жандарын шүберекке түйген қос батыр шепті бұзып барып, Орман ханның жайқалып тұрған туын жығыпты деседі. Дала заңы бойынша тудың жығылғаны -қолдың жеңілгені. Оқыранған Орман хан ат басын кейін бұрған. Бірақ көксеген ниетінен қайтқан емес. Арада жыл аунамай Кекілік-сеңгірге кәрі бурадай селкілдеп тағы келеді. Бұл жолы найзасы шошаңдаған нөкерін емес, балтыры жуан жалғыз балуанын ерткен. Дойырлығымен танылған Қабан балуанын ортаға шығарып:
-Бозарып таң атып, қызарып күн батқанға дейін мұрсат беремін дейді. Қабанның жауырынын жерге тигізе алсаңдар қара жерге кіргенімше Қаракемерге көз алартпаймын деп ант-су ішіпті. Уәде құдай аты. Бағлан жігіттер бірінен кейін бірі барғанмен қырғыздың түйе палуанынан айласын асыра алмай, қайраты жетпей қайтып жатады. Ақыры, ымырт үйіріле Шыңғысбайдың ағасы Жанжігітттің Күреңкей дейтін ұлы жекпе-жекке сұраныпты. Құдайдың өзі қарасқаны болар, құлжаның сақасындай кесек бітімді бозбала шөккен бурадай Қабанды мойнынан қылғындырып құлатқан екен. Күреңкейді, Байсеркенің көзі көрді. Қара торы нығыз адам болатын. Көп сөйлемейтін. Талай мәрте табақтас, сапарлас болғанда ұшқалақтық танытып, атқажеңілдік көрсетпепті. Осы жекпе-жектің мәнісін сұрағандарға: «мен емес, оны жеңген әруақ қой»,- деп қысқа қайырушы еді жарықтық. Қабан балуан да: «адам емес, қара қабыланмен айқастым, тамақтан бүріп ұстағанда кеңірдегімді жұлып ала жаздады»,- деп еңкілдепті деседі ел-жұрт. Қалай болғанда да, осы бір ұлт намысы сыналған алапат күрес туралы аңыз қазақ пен қырғызға кең тараған. Байсерке бертінде домбыраға салып,күй тілімен сөйлетті. «Жекпе-жек» күйі осылайша туып еді.
*Кекілік-сеңгір,Қаракемер- Қазақ пен қырғыз шекарасындағы жер-су аттары
*Қозыбасы-Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы жердің аты. Жәнібек пен Керей сұлтандар қазақ хандығын құрған өңір.
*Құтмалды-Ыстықкөл жағалауындағы жердің аты.
*Айтұяқ шалу – Тәңірге жалбарынып,құрбандыққа ерекше нышаны бар жылқы сою. Көшпелі халықтарда кез келген жылқыны емес, керісінше айрықша нышаны бар жылқыны құрбандыкка шалу дәстүрі болған. Сондай нышаны бар малды, ай тәңірге құрбандыққа шалғанда, құрбандық қабыл болады деп түсінген.
*Қыбырай-Ұлы жүз,Дулат ішіндегі рудың аты
****************
Өкше ізді Қордай мен Қоңыртөбеге тастап, Қозыбасының шығыс қапталына асып түскен бетте Байсерке түндегі түсінің тегін еместігін түсінді. Оқыған намазының әсерінен арылып болам дегенше қырат басына тігілген қараша үйге жолықты. Байсерке бірден таныды, қарашекпендер. Бақсының моласындай болып жапанда жалғыз отырысына қарағанда осы жерге егін салмақ.
-Қозыбасыға да қол салдыңдар ма?!-деді Байсерке тістене сөйлеп. Үйден шыққан екі адам бейсауыт жолаушыға қарап, даурыға сөйлеп жатыр. Үйдің шығыс жағынан жер тырмалап жүрген тағы бірінің сұлбасы көзге шалынды. Қозыбасының күнгей бетіне соқа салып жүр екен. Келгендеріне біраз болғанға ұқсайды, ауыл орнындай жерді тырналап, шаңын шығарып тастапты. Алыстан қарағанда таудың бетіне түскен таңбаға ұқсап қап-қара боп көрінеді екен. Тауға емес өзінің денесіне таңба ұрғандай Байсерке тітіркеніп кетті. Ақтанауды оқыс шаужайлап, шаба жөнелген. Сол шапқаннан мол шапты. Ақтанаудың шатынан аққан ақ көбік шашасынан асып ақсүйекке құйылғанда ғана тізгінді тежеді. Қымызға масайған адамша атын бұлғақтатып арлы-берлі жүрді де, жалынан ұстай бере сусып түсті. Шағыр жусанның үстінде шалқалап жатқан күйі зеңгір көкке зер салған. Көз ұшында қыран қалықтап жүр. Суықтөбенің сұңқары. Басынан қар, бауырынан ел кетпеген әйгілі Суықтөбенің тұсына келіп жығылғанын шамалап білді. Енді біраз жүрсе Тайторы* батыр ауылының үстінен шығар еді. Жетпей құлағаным қандай жақсы болған,- деді Байсерке іштей үн қатып. Әйтпесе, жын соққандай шапқылағанын көрген жұрт: «Байсерке қартайғанда салдық танытып жүр» деп келемеждер ме еді, кім білсін?! Құдай бір жолға сақтады.
Байсерке шынтақтап жатып айналасына көз тікті. Сонадай жерде желге төсін бере Ақтанау солығын басып тұр. Ыстығы тарқағанша шөптің басын шалмайтын тектілігін танытып, жайылуға асығар емес. Ал аспанда әлгі қыраннан өзге тіршілік иесі жоқ. Ол да жалғыздықтан жалыққандай Қопа беттегі бұдырсыз жазықты бір шолып, Суықтөбенің басына барды да, қора күзеткен қойшыдай шыр айналып жүріп алды. Ұшқан құсы мен жыбырлаған аңына пана болған алып тау төбеден ауған алтын күнге төсін сүйгізіп сұлық жатыр.
-Қайран, Суықтөбе,- деді Байсерке күбірлеп. Атың суық болғанмен, затың ыстық, қойнауың құтты еді. Сенің де есіл кеудеңді тырнатып қойдық-ау…. Бүгін етегіңе егін салғандар, ертең қойныңды ақтарар, қазынаңды қопарар. Көгіңді күзеткен қыран құрлы қайрат көрсете алсақ, қанекей…..
Байсерке көзін жүгірте, көктегі серігі көбік бұлтты іздеді. Шағын ғана шоғыры шапқан атқа ілесіпті, қалғаны өрістен қайтқан қойдай шуатылып келеді.
-Жұртыңның түрі анау,- деді Суықтөбеге айтар арызын жалғап. -Жел тураған бұлттай бетімен кеткен…..
Көзі жасаурап, көмейіне өксік тығылды. Аспандағы ақша бұлттар да барар жер, басар тауы қалмағандай Байсеркенің нақ төбесіне ұйлығысып жатты.
*Тайторы-Қоқан, Қырғыз шапқыншылығына қарсы күрескен батыр. Саурық батыр Ыстамбекұлының сенімді серігі болған. «Қойторының тоқтығы ай, Тайторының жоқтығы-ай» (Саурықтың жау қолына түскендегі сөзінен)
*************
Ақтанау жол жорғасынан жаңылмай тайпалып келеді. Байсерке Тайторы ауылынан аттанғанда құранды ерге қалай отырды, сонысынан танбады. Бір жағына қисайыңқырап алған, жамбасы жабысып қалғандай қозғалмайды. Қозғалып кетсе лықсып келіп тұрған күй толқыны кейін тебетіндей. Дүрс-дүрс басқан ат дүбірімен жарысып көңілі күйлеп, күйзеліп келеді. Түнгі қонақасы үстінде ауыл адамдарынан естіген жайсыз хабар онсызда асқынып тұрған көңіл дертін қоздырып кетіп еді. «Дәурен сал* істі болып, абақтыға қамалыпты» дегенді мес қарын саудагер «бәленшенің қойына қасқыр шауыпты» дегендей елеусіз ғана айта салған. Қымыз ішіп отырған Байсерке шашалып қала жаздады. Өз құлағына өзі сенбей қайыра сұрады. Бұл жолы мес қарын: «абақтыдан әрі итжеккенге жер аударылады-мыс»,- деген дүдәмәл деректі қоса жеткізді. Өне бойын ызғар буып, шынтақтап жата кеткен Байсерке содан кейін ешкіммен тілдеспеді. Күйшіден өнер дәметкен көпшілік те құлақ құрышын қандыра алмай түлкіқұрсақ тарқасқан. Түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмай шықты. Құрсаулаған қалың ой төсектен өзімен бірге ілесе тұрған, әлі де еңсесін көтертпей, сай-сүйегін сырқыратып мүжіп келеді.
Ұл туса асық жиып, қыз туса моншақ тізген бұл қазақтың ұлы мұраты – ел қору емес пе еді. Осы мұратқа адал жанның бірі- ту ұстаған батыры болса, екіншісі- сөзұстаған ақыны. Оның қаруы – қолындағы қара домбыра, аузындағы қызыл тіл. Сонымен жауға да, дауға да жүреді, ел қорғайды. Бұқара жұрт батырын «ерім» деп арқадан қақса, ақынын «серім» деп еркелеткен. Бас кеспек болғанмен тіл кеспек жоқ деген халықтың ханы тақтан түсіп, батыры аттан ұшқанмен, ақыны қашан тілін тартыпты. Енді міне, сол тілге тұсау салынды. Арқыраған асау мінез абақтыға қамалды. Іледен өткенде белбеуінің бір ұшы арғы жағада қалатын атақты Дәурен салдың дәурені қапаста аяқталады деп кім ойлапты?! Салдың басына салынған ноқта ертең күйшіге киілмесіне кім кепіл?! Әйтеуір ұлықтардың домбыра тілін түсінбес дүмшелігі дәтке қуат, көңілге медеу. Әйтпесе, Байсеркенің де өрісін шектеп, өнерін күндейтіндер жоқ емес, жетерлік. Бұл қазақтың ақыны ғана емес, күйшісі де күйікке туады. Күйікке тумаса кешегі Қожеке* қайда?! Есіктен кіріп, төрге ұмтылғандардың төсінен итерген, азуын білеп айбат шеккен көкжалдың бірі Қарқарадағы Саурық* болса, оған рух берген Қожеке емес пе еді?! Өнерін де өмірін де күреске арнады. Бұлқынды, бағынбаймын деп жұлқынды. Шамасы келмесін сезген соң, азғантай албанын бастап құлдықтан қашты, Қытай асты. Басқаға бас имейтін батыр олардың да көзіне шыққал сүйелдей болыпты, оншақты жылда «Қожеке қайтты» деген хабар жеткен. Жалалы болып түрмеге қамалды, қытайлар көкірегіне көмір басып өлтірді дегенге Байсерке бастапқыда сенбеген. Шынжырда отырып шығарған «Түрмедегі қинау» мен «Тас көмір шоғына қақталу» күйін естігенде ғана ұстазындай болған ұлы күйшіні апта бойы азалап еді. Ақырған аюдан қашам деп, аждаҺаның аузына кірген күйші тағдыры көпке дейін есінен кетпей жүрді. Байсерке тіршілігінде арқа мен жетісулық дәулескердің талайын көріпті, бірақ тап Қожекедей күрескерін кездестірмеген. Кіші жүзде Құрманғазы қандай болса, ұлы жүзде Қожеке сондай деп білетін. Бірақ қос тарланның көмейінен өксік, көзінен кек кетпеді. Тағдырлары да ұқсастау жазылыпты жарықтықтардың…..
Осындай ұлы тұлғаның біріне замандас шәкірт, бірімен дастархандас серік қылған құдайға Байсеркенің айтар өкпесі жоқ. Тек от пен жалынға толы тағдырларына налиды. Қожекені жоқтаған көңіл соқпағы әдетте Құрманғазыға барып тіреліп, байыз табатын. Бүгін де жастық шағында жолықтырған жұмбақ күйшіні тағы есіне алды.
Шу бойындағы Ботбайлар берген бір аста Жалайырдан келген домбырашымен күй тартысқа түскені бар. Көп ішінен өзіне тесіле қараған отты жанар еріксіз назарын арбаған. Байсерке ырғағынан жаңылып қала жаздап барып, әзер түзелді. Сақалы алқымын жапқан, қыран қабақ кісі екен, киімі жұпыны, шидем күпісі мен жарғақ шалбарының рәңі тозған. Ұзақ жолды бастан өткерген жолаушыға ұқсайды. Бірақ өзіне ешбір жанды шақ көрместей паң, кеудесін асқақ ұстайды. Күйдің әрбір секірісіне қосылып сергек отырды. Байсерке де бұрын-соңды мұндай тыңдаушы көрмепті, күй түсінемін дегендердің өзі тұңғиыққа бойламай, сиқырлы саздың саяздау жерінен қайтатын. Тойшыл қауым тарқар тұста беймәлім қазақтың қасына өзі барды. Бір түн мәслихаттас болған. Бірақ аты-жөнін айтып, сыр алдырмады. Тек домбырасын сөйлетті де отырды. Кетбұға, Асан Қайғыдан тартып, Махамбет, Соқыр Есжан, Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң, Құрманғазының күйлері еді,- деп бірнеше күйді шалдықпастан тартты. Шертісі бөлек, салалы саусақтар қос ішекке термелеген бойда ыза мен кек, айбат пен айбар қатар есетін күйлерді Байсерке алғаш естіді. Қарсы алдында отырған қапсағай күйшінің алысқа шабатын алқымы кең арғымақ екенін аңғарған. Кетерінде бата сұрады. Қыран қабақ күйші тереңнен тартпай, сұйықтау бата берген, есесіне «Алатау» деп аталатын жаңа бір күйді үйретіп кетті. Байсерке Қордайға барған бетте көрген-білгенін Есім мен Саршаға айтып, «Алатауды» ортаға салды. Екі күйші мүлги тыңдап, басқаша шертіс, өзгеше өріс деп бағалады. Ертеңіне үшеуі Шудың төменгі ағысында отырған ел-жұртты аралап, құлақасқа атқа мінген күйшіге іздеу салды. Көрдім-білдім деген адам жоқ. Арада төрт-бес жыл өткенде ғана Қараөткел жәрмеңкесіне барған қазақтың бірі Құрманғазының Сібірдегі Үркіт* түрмесінен қашқанын айтып келген. Осы сапарында Есілдің бойы мен Жетісуға соғыпты деген дақпыртты қоса жеткізді. Сол дақпыртты таратушылар дәлел ретінде, «Сарыарқа» мен «Алатау» күйін тартады екен. «Алатауды» естігенде Байсеркенің көкейіндегі жұмбақ өздігінен шешіле кетті. Содан бері Есім мен Сарша, Қожекедей ұстаздарының қатарына Құрманғазыны да қосатын.
*Дәурен сал Құдабайұлы (1827 – 1899 ) –ақын, әнші. Жетісу сал-серілік мектебінің белді өкілі. Дәурен сал Іленің арғы жағына өткенде, белбеуінің бір ұшы өзеннің бергі жағында жатады деседі. Сондықтан, ел ішінде “Дәурен салдың белбеуіндей ұзын” деген нақыл қалған. Оның “Керуен дүние”, “Әуелеп ұшқан бозторғай”, “Угәй-ай”, т.б. әндері бар.
*Қожеке Назарұлы(1828 – 1881) – күйші-сазгер.Қарқара жайлауында дүниеге келген. Ресейдің отаршыл саясатына көнбей 1862 жылы 25 үйлі ағайынын бастап, Қытай асады. Алғашқыда Қытай билігі, Қожекеге шен-шекпен беріп көтермелейді. Бірақ тәкаппар күйшіні көре алмағандар керуен тонады деген жаламен түрмеге отырғызады. Қытай жендеттері абақтыда азаптап өлтіреді. Оның күйлері күні бүгінге дейін Жетісу, Алтай,Ертіс, Тарбағатй, Бұратала, Іле өңірлерінде тартылады.
*Саурық батыр– Жетісу жерінде екі Саурық батыр жасаған. Әуелгісі Шапырашты Саурық Ыстамбекұлы. Екіншісі Албанның Құрман атасынан тарайтын Саурық Алпарұлы. Шығарманың бұл тұсында сөз болған Албан Саурық. Ол жоңғар шапқыншылығы мен патшалық ресейдің отарлау саясатына қарсы күрескен. 1863-жылдың тамыз айында, Іленің төменгі ағысы мен Текес өзенінің жоғарғы ағарындағы халықтың патшалық Ресей үкіметіне қарулы қарсылық көрсеткені белгілі. Бұлардың ішінде Саурық пен мен Қожеке батыр бастаған жасақ ерекше көзге түседі. 1916-жылғы әйгілі Қарқара көтерілісін бастаушы Ұзақ батыр осы Саурық Алпарұлының баласы.
*Үркіт- Қазіргі РФ Иркутск қаласы
**************
Байсерке Дәурен салды алғаш осы Суықтөбенің баурайында жолықтырған. Ол кезде Есім мен Саршаға атқосшылыққа жүретін құйтақандай бала еді. Сұлутөрден аттанған Есім бастаған өнерпаздар тобы Суықтөбеге дейін суыт жүрді. Ақшам жамырай жасау-жабдығы келісті алты қанат ақ боз үйге түскен. Таңертең дабырлаған дауыстан оянды. Тегене толы қымызды бір топ адам ортаға алып, суатқа түскен жылқыдай шұрқырасып отыр екен. Есім мен Сарша әлденеге абыржығандай күй танытып, түйіліп алған. Ал олардың сол қапталындағы қияқ мұртты ақсары жігіттің жағасы жайлауда. Үкілі бөркін бұлғаңдатып найқалып отырғанына қарағанда сал мен серінің бірі секілді. Қалған кісілердің де түр-тұрпаты шаруа баққан адамдарға ұқсамады, бекзадалықтың нышаны бар. Байсерке қаны кеуіп шөлдеп тұрса да дастарханға ентелеп баруды ар санап, шақыртуды күтіп жата берді. Осы кезде даладан ат тұяғының дүбірі естілген, артынша қылышы салаңдаған сарбаз кірді де, есікке таяу отырған шегір көзді кісінің құлағына сыбырлады. Ол мезетте:
-Батыр келсін деп жатыр,- деді дастархан басында отырғандарға шегір көзін төңкере қарап. Жұрт жауап қатпастан қопарыла түрегелді. Есімнің етегіне оратыла Байсерке де ілесе беріп еді, «шырағым сен осында бола тұр, керек болсаң алдырармыз»,- деп Сарша күйші басынан сипады. Байсерке тосылып қалғанмен, далаға бірге шыққан. Оты қашпаған отар жерге жағалата сегіз үй тігіліпті. Барлығы жұмыртқадай әппақ. Сал-серілер тобы соның ең ортасындағы үлкен үйге барды. Олардың артынан астау толы ет, саба толы қымыз кірді. Байсерке жақын маңдағы бұлақ суына жуынып келгенде әлгі астаулардың алды кейін қайтып, босаған сабалар сыртқа шыққан. Үлкен үйден домбыра үні естілді. Байсерке, Сарша күйшінің қағысын жазбай таныды. Әдеттегідей баппен, баяу басталған шертіс бірте-бірте күш алып биіктеді, қалықтады, соңыра құлдилап барып, көлге қонған аққудай жеңіл тоқтады. Саршаның әдеті бұл, домбырасын да теріс бұрайды. Әлден уақытта әнге кезек тиді. Әуелеген ән ақ боз үйдің түңлігінен шығып, ақша бұлтқа алқынбай жетті. Дауыс тұнық әрі әуезді. Байсерке дәу де болса әлгі үкілі жігіт болар,- деп шамалады. Өздеріне тігілген үйге бір өзі иелік етіп, мол дастархан басына жалғыз жайғасқан Байсерке ән мен күйді тыңдап жатып ұйықтап кетіпті. Қойнына қоңыз кіргендей жыбырлағанда, шошып оянған. Әлгі әнші екен, басындағы бөркін шешіп үкісімен Байсеркенің бет-аузын, қойны-қоншын қытықтап, балаша мәз болып тұр. Дәурен сал мен Байсерке осылайша танысқан еді. Сол күні Дәурен бұларға ілесіп Қордайға жүрді. Жеткенше Байсеркенің езуі жиылған жоқ. Сарша мен Есімді оздырып жіберіп Дәурен сал қысыр әңгіменің тиегін ағытады. Небір күлдіргі өлең, бәдік жырларды бет-ауызы мен даусын мың құбылтып салғанда Байсерке атының жалын құшып, ішін басып тырқылдайды. Дәурен салдың арқасында жол қысқарып, ауылға қалай жеткенін аңғармай қалған. Сарша мен Есімнің Суықтөбеге не үшін барғанын да сұрамапты, ертеңіне елден естіп-білді.
«Кенесары Қордайға келе жатыр, Саурық батыр Суықтөбенің етегіне сегіз үй тігіп қарсы алыпты» деген хабарды Сұлутөрдің адамы түгіл сона-шыбынына дейін таң атпастан ызыңдап шартарапқа таратқан. Ақсақалдардың бір парасы:
-Саурық сұңғыла ғой. Өз туғаны мен Арқаның жуандары сырт айналған төре баласына жонын көрсетпеді, құшағын ашты. Елдігімізді танытты,- деген ризашылығын білдірсе, енді бірі Кенесарының жүрісіне күдіктене қараған. Түрлі болжам айтып, сан-саққа жүгіртті. Соның ішінде Байсеркенің құлағына жағып, көңіліне қонғаны, тоқсанға тақаған Әжібай қарттың жорамалы.
-Жетісуға келісі жай келіс емес-ау,- деп еді қария қамшысымен етігінің қонышын сабалап тұрып. –Бұл қашқан, сасқан адамның ісі емес, тұманды күні жол тапқан адамның ісі. Біздің Қозыбасыда қазақ хандығының рухы жатыр. Жаралы жолбарыс сол рухпен жарасын жазбақ. Бабалар ұранын шақырып үш жүздің баласын Қозыбасыда қайта жимақ. Бұйыртса қазақ хандығы Қозыбасыда екінші мәрте құрылады. Тек соған мұрса берсе,- деп, сөз соңын күмәнмен түйіндеген.
Сол күмән көп ұзамай расталды.
**************
Байсерке Кенесарыны сырттай ғана білді. Алдына барып, домбыра шертпепті. Ызалы төренің қаһарынан жасқанды ма, Есім мен Сарша да хан ордасына ат байлауға онша ықыласты емес-ті. Оның да жөні бар секілді, алауыздық жайлаған төре тұқымы тақтан бір, абыройдан екі айрылып шатқаяқтап тұрған шағында қара халықтан да ел билеуге талапты тұлғалар суырылып шыққан. Баянауылдағы Шоң мен Шорманның, Шыңғыстаудағы Құнанбайдың билікке араласуы Жетісудағы Дулаттарды да желпінтіп тастаған еді. Төресіз де ел, төбесіз де жер болады,- деп көкірек ұратындар әр атадан төбе көрсететін. Сарыарқадан сая таппай келген Кенесары да көпшіліктің көзінен, сөйлеген сөзінен осы жәйтті аңғарған. Кене сондықтан ашулы еді, ерлік даңқынан бұрын қаталдық дақпырты Жетісуға келгелі желдей есіп, өрттей лаулап кетті. «Кенесары өйтіпті», «Кенесары бүйтіпті» деген жел сөз қазанат мінген батырдың да, қазан қайнатқан қатынның да құлағын шулатып болған. Әсіресе Ботпайдан шыққан Сыпатай* бимен жиі ұстасты. Дүрдараздық соңы ақыры жақсы болмады.
-Ботпай руы тұрыңдар, ат құйрығын түйіңдер,- деп Сыпатай жорық даласынан жігіттерін алып кетіпті дегенді естігенде ел екіұдай күй кешкен. Есім ұстазы қобызын құшақтап, ұзақ күңіреніпті.
-Кенесары мен Сыпатай кетісті дегенше, бұл өлкеден береке де кетті десеңші депті көзінен сорғалаған жасымен сақалын суарып. Жарықтықтың сол күдігін жаратқан аузына салған екен. Айна-қатесіз орындалды. Кенесары қырғызға шауып, мерт болды. Артынша Қоқан билеушілерінің қолынан Сыпатай да қаза тапты. Бітісе алмаған қос серкенің бағлан басы осылайша басқаның қанжығасына байланды.
Сол бір аласапыран кезең, қасіретті жылдар Қордай жұртын тұралатып тастады. Көктемді аңсаған көтерем малдай елдің еңсе тіктеуі ұзаққа созылды. Бұрынғыдай ас беріп ат шаптыратын, жиын-той жасап салтанат асыратындар сап тиылған. Пристав* деген шығып, басшысыз елдің билігін қолға алды. Қарашекпендердің қатары артып, қалалары көбейді. Елең-алаң шақта Байсерке де ержетіп, жігіт болды. Дәурен салмен үзеңгі жолдас атанғаны, қазақ пен қырғызға атағы шыққаны да сол тұс. Салдың сауықшыл тобына ілесіп, бірлесе салдық құрды. Сал десе сал, сері десе сері еді. Әйгілі Қырмызы қызбен айтысы күні кешегідей Байсеркенің көз алдында. Жеңген мен жеңілген болған жоқ. Аға мен қарындастың арасындағы ерекше ілтипатқа мейір қандырып, масайрап еді көпшілік. Сол айтыстан соң-ақ Дәуреннің абыройы Жетісудан асып, арқа мен сыр өңіріне дейін таралды. «Қош-сау бол, сал қарындас, Қырмызым-ай, Жаһанның таң шолпаны жұлдызым-ай” деп басталатын арнау-жыры қыз-бозбаланың алтыбақан мен бастаңғыда айтар басты әніне айналды.
-Жеңгелеріме сенсем, өмірге күліп келіппін, бесікте де жылаудың орнына тырқылдап жатқан екенмін, ендігі арманым өмірден күліп өту,- дегенді Дәурен сал жиі айтатын. Бірақ соны айтқан сайын Байсерке салдың тұнық көзінен тұнып тұрған мұңды байқаушы еді. Салдық құрып, сауық қуып жүргенмен жүрегі жаралы екенін сезетін, оның себебін де ептеп білетін. Жас күнінде Шапыраштының сұлуына ғашық болып, отау құрғаны бар. Бірақ, жар қызығын көрмей жатып келіншегі дүние салды. «Қойным құтты болмады мен бейбақтың»,- деп Дәурен сал ендігәрі үйленбеске серт етіпті. Сөзінде тұрды. Ел қыдырған есер шақта келіншек аңдып, қыз оятпақ түгіл, әйел баласына көз салғанын көрген емес. Әндерін айтып, сайранын салып Шу мен Іленің ортасын думанға бөлеуді ғана білді. Елі де оны еркелетіп, салулы төсек, жаюлы дастарханмен қарсы алды. Енді міне, бұлғаңдаған тарпаң басына бұғау түсті. Бұл бұғаудан босанар-босанбасы неғайбыл. Босанған күнде де періштедей пәк, бала көңілді салдың қайтадан бабын табуы екіталай. Адам болып жер басып жүргенмен өнерпаз ретінде өлгені ақиқат. «Көкала атты берсем де, Дәуренді шығарып алам»,- деп Тәкен сал* артынан кісі салып, қуынып жатыр деседі. Неде болса сол шәкірті бір қайрат көрсетер, Байсеркенің дәтіне қуат берер жалғыз үміті осы.
*Сыпатай Әлібекұлы (1781/82 – 1867/68) – Ұлы жүз, Дулат, Ботпай руынан шыққан батыр, би.
*Пристав-1948-жылы Ұлы жүздің қосылған аудандарын басқару үшін Батыс-Сібір генерал-губернаторына бағынатын үлкен Орданың приставы лауазымы бекітілді.
*Тәкен Сал Байғұттыұлы (1860 – 1908) – белгілі ақын, сазгер, әнші. Қазіргі Жамбыл облысы, Қордай ауданында туған. Ел аузындағы аңызға қарағанда, Тәкен сал жүйрік баптап, бәйгеге қосуға құмар болған. Кезінде оның Көкала сәйгүлігінің даңқы өз атағынан кем тарамаған.
***************
Ақтанау кібіртіктеп тоқтауға ыңғайланды. Байсерке Қозыбасыға жеткенін жан-жағына қарамай-ақ сезген. Атынан сүйретіле түсіп, тартпасын босатып қоя берді. Бұл күні ауа-райы да күйшінің қабағындай түнеріп тұрған. Кешелі-бері көлеңкесін беріп, төңіректеген ақша бұлт ағайындарын шақырып, жарты аспанды жабулапты. Күйшінің Қозыбасыға келгенін күткендей, қарасұр бұлттардың бір шоғыры қаптаған қолдай Қоңыртөбеге қарай жөңкілген. Биік таудың ақбас шыңдарын қиналмай алған соң, құбылаға соқпақ салған күннің көзін көлегейлеуге жанталасты. Дегеніне көп ұзамай жетті, қас-қағым сәтте күн тұтылғандай айнала қарауытып кетті. Сол-ақ екен зеңгір көк қаһарланып найзағай ойнатты. Жасын оты жарқ-жұрқ етіп түнерген бұлттарға дүре соғып, қамшылап қуалады. Артынша тау-тасты жаңғыртып үш рет күн күркіреп нөсер жаңбырдан хабар келген. Суыр,борсық ініне тығылды, құмырсқа илеуіне жүгіріп,құдығына түсті, шөліркеген шөп атаулы «я сәт, бере гөр» деп тамшы күтіп аспанға телміре, тербеле биледі. Күллі тіршілік атаулы табиғаттағы осынау құбылыстарды сезіп-біліп, қамданып жатқанда Байсерке ғана селт етпеді, қабақ керіп қараған да жоқ. Екі күннен бері төңіректеп жүрген күйтолғақтың уақыты келген, енді жаңбыр жаумақ түгіл топан су басса да күйші үшін бәрібір, толғағы жеткен күй туу керек! Тумаса күй өледі, немесе күйшіні өлтіреді. Шекпенін шешіп, ер-тоқымның үстіне жайды да, қара домбырасын қолға алды. Тізе бүккен жоқ. Өкпек желге кеудесін бере тікесінен-тік тұрған күйі бастап кетті. Шанақтан әуен шығып үлгергенше алғашқы жаңбыр тамшысы күйшінің денесіне қадалды.
Байсерке Қозыбасыға қасқая қарап тұрғанмен ештеңені көре алар емес. Тау басы бұлыңғыр тұман, жарықтық жаңбыр жақындап келеді. Тезірек күйіңді төгіп ал, одан кейін мен суымды төгемін дейтіндей. Ұрыншақ тамшыларын желге қосып жібергенмен шелектеп құймай, түйіліп тұр. Күйге балқығанда көз алды тұманданып, өзге түгіл өзін ұмытатын Байсеркенің сол қолы домбыраның мойнын қытықтап зыр жүгірсе, оң қолы қос ішекте өші бардай өршелене сабалайды. Самайдан аққан тер мойнын қуалап қойнына кіреді, қойнынан шығып қонышқа құйылады. Шылқыған жалаң жейдесі шау тарта бастаған тарамыс денесіне жабысып қалған. Сонда да еренсанамайды. Арада ет пісірім уақыт өткенде күйдің соңғы қағысын салған. Сиқырлы әуен домбыра шанағынан шағаладай шаңқылдап ұшқан сәтте Байсеркенің бойынан дәрмен қашып тәлтіректеп кетті. Қарақұстан біреу сойылмен салып қалғандай сылқ етіп тізерледі. Шалдығып қалған екен, күй ләззатын сезінгісі келгендей көзін жұмып, рахаттана тыныстады. Қанша уақыт қимылсыз тұрғанын шамалаған жоқ, құлағына гүрілдеген үн естілгенде ғана жан-жағына манаурап көз тастады. Ат құлағы көрінбес соқыр тұманның тұтқынында қалыпты. Ақтанаудың да қарасы батыпты. Әлгі дауыс адамның үні секілді жақыннан естілді.
-Оу, қалқам, көтер басты,- деп жұмсақ әмір етті әлдекім. Байсерке қалай атып тұрғанын сезбей қалды. Жан-жағына алақтап, дауыс иесін іздеп табамын дегенше қалың тұманға оранған тау жақ беткейден қайыра үн қатты.
-Домбыраңның шанағы күйге, өзіңнің кеудең шерге толы неткен жансың?
-Байсерке деген күйші боламын, елімнен береке қашты. Жоқ іздеп жүрмін. Бас көтерген ерімнің басы кеткелі қотанына ғана қодыраңдайтын құр кеуделер қаптады. Батырым найзасын қойып, қарына сойыл ілді, барымташыға айналды. Билерден әділдік, ақыннан ақиқат алыстады. Сөзұстарлар қапасқа қамалып, жатжұрттың абақтысына айдалды.
-Тоқтат!
Байсерке селк ете қалды.
-Тоқтат, күйшім, тоқтат! Жасанған жаудың бұл далаға келгені бүгін емес, талайлар сенің атажұртыңа ат шалдырған. Кежеге* қойған ұлды құл ету, бұрымды қызды күң етуді армандап, жер түбінен желпініп жеткен. Менің де баурайыма талай кәпір дәрет сындырып, мақпал шөбімді ластап, қайнар суымды лайлаған. Бірақ қарт Алатау бауырын жайлаған қос ұлына қашан да қамқор. Сондықтан оның кеудесін ешкім басқан емес, қарлы шыңынан асқан емес. Тепсініп келгендер күндердің күні тентіреп кетеді. Қиратар, қырар-жояр, сайранын салар, соңыра сүйектері сай-салада көмусіз қалар. Қазақ пен қырғызға осыны жеткіз, көкірегіңнен күй ақтар. Саған қайқы қылыш емес, қара домбыра нәсіп болған. Домбыра тілімен ұран сал. Сен күй шалғанда тау теңселіп, бұлт көшіп, қанатты қонып, тұяқты тоқтап тыңдасын… Күйің күйзелген елді күңірентпесін, керісінше рухын көтеріп, еңсесін тіктесін!
-Мақұл баба… мақұл.. мақұл…Байсерке кіммен сөйлескенін білмеді. Тек шыбындаған аттай бас изеп, мақұлдай берді. Дауыс иесінен тағы да пәтуәлі сөз күтіп сүт пісірім уақыт үнсіз тұрды. Қайыра тіл қату болмаған соң, көзін ашпастан қолымен қарманып домбырасын ілді. Әлгінде туған күйді тізерлеген қалпында қайта тартты. Бұл жолы жадыраңқы көңіл-күймен тартты. Күйдің де үні жыламсырамай, жарқылдап шыққан секілді. Басын көтергенде көргені- төңірек буалдыр тартып тұман сейіле бастапты. Қоңыртөбенің тура басынан бұлт ыдырады да киіз үйдің түрілген түңлігіндей саңылау пайда болып, күн сығалады. Лезде, кембірқосақ шығып Суықтөбе мен Қоңыртөбенің арасына түрлі-түсті көпір салды. Әлгінде қоршауға алған қалың тұман көшкен қардай терістікке қарай ағып бара жатты.
*Кежеге- Түркілердің желкесіне түсіп тұратын жуан бір өрім шашы. Тілімізде сақталған «кежегесі кері кету», «кежегесін кері тарту» деген сынайдағы сөз тіркестері осыған меңзейді. Кежегемен мағыналас сөздер өзге де көршілес ұлттар тілінде ұшырасады. Мәселен, алтай тілінде «кәде», қырғыз тілінде «кежи», орыс тілінде «коса» деген сөздер бар.
***************
Асау үйретіп жүрген Бердібектің құлағына алыстан талып жеткен күй сарыны естілді. Тұра қалып тың тыңдағанда ұстазы Байсеркенің мақамын жазбай таныған. Бірақ бұрын-соңды естімеген күйі. Борша-борша болып терлеген шу асауды қос өкпеден тебініп Майбұлақты өрлей шапты. Байсерке Ақтанаудың үстіне нығызданып отырған күйі, домбырасын безілдетіп барады екен:
– Ассалаумағалейкум, аға, – деп Бердібек алыстан қолын ала жүгіргенмен сәлемі жауапсыз қалды. Күйші іркілмеді, сырдескі Ақтанау да жүрісін баяулатпастан жөнеле берген. Бердібек өзінің борбайлап жеткен ұшқалақтығына ұялған сыңай танытып, соңынан салпақтап ілесіп отырды. Байсерке Майбұлақтың басына жеткенде ғана тізгін қағып, тіл қатқан:
– Қарағым, «Ұран» күйдің басында кез болдың, қазір аяқтадым –деді Бердібекке күлімсірей қарап.
-«Жетпіс бұтақты» қызыл іңірде бастап, сақар таңда аяқтаушы едіңіз, мынау да сәскелік жерге дейін созылған тізбекті күй болды ғой аға….
Байсерке балуан денелі, қыран көзді жігітке күлімсірей қарап, құптағандай бас изеді. Бердібек, күй дастанды ауылға жеткенше үйреніп алды. Ертеңіне-ақ Байсеркенің «Ұраны» Қордайдан соққан қоңыр желмен қырғыз, қазаққа таралып кете барды.
( 30-наурыз 2016-жыл)
«Алауинформ»