Ешқандай саясатпен шаруасы жоқ қойшыға бір оқыған адам сұрақ қойыпты.
— Ақсақал, қалай ойлайсыз, біздің үкімет қайта-қайта ауысып жатыр, бірақ одан не өзгеріс бар?
— Шырағым, оныңды білмеймін, менің білетінім мына отар қой. Осы отарды бастайтын дырау серкем бар еді, оншақты күн болды, бір тік інге аяғын тығып алып, ақсақтап қалды, сосын оны қораға қамап қойдым, емдеп көрем, жазылмаса пышаққа түседі. Ал отарды жас серке бастап кетті. Жас серке бастағалы қойдың өрісі ұлғайды, алысқа жайылатын болды. Көктемнен әзер шыққан мал, қоң жинап, әбден жақсарып қалды.
— Бұрынғы серкеңіз жазылса, оны отарға қоспайсыз ба?
— Ә, иә, ол ептеп жазылды, тіпті қайтадан отарға әкеп қосып қойдым. Отардың аз ғана бөлігі, бір елу шақты қой оны танып, төңірегінен шықпайды, ал ол болса алысқа ұзай алмайды, әрі қарт, әрі ақсақ, бір жерді айналшықтап жүргені… Негізгі отар жас серкенің соңынан ілесіп, бұған қарайлауды қойды. Мұның бары не, жоғы не… Оны мен қайтадан отарбасы қылып сайласам да, қойлар оған ермейді. Менің білгенім осы, қарғам.
Оқыған адам күліп жіберді де, «Ақсақал, сіз де қатырасыз, саясаттан хабарым жоқ дегеніңіз қайда, сіз нағыз саясаткер екенсіз!» деп жөніне кетті.
Мұнайдар Балмолда