“Есік көрген” қалыңдыққа “Беташар” жасау қаншалықты дұрыс?
Қазақ халқының тағылымды салт-дәстүрлері жетерлік. Соның ішінде “Беташардың” тарихи тамыры тереңде жатыр. Аталмыш салттың негізгі мақсаты – жаңадан түскен келіншекті туған-туыстарға таныстырып, ағайынның батасын алу. Уақыт өткен сайын “Беташардың” мән-мағынасы жоғалып барады. Оның ішінде бұрын тұрмыста болған әйелдің “бетін ашу” жиілеп кетті, осы орайда, қызылордалық аналар салт-дәстүрдің мәнін жоғалтпауға шақырады, деп хабарлайды Stan.kz.
Қызылордалық кейуана Хадиша Әлімжанова – жеті перзенттің анасы. Бүгінде төрт келінін тәрбиелеп, ұрпақ сүйіп отыр. Саналы ғұмырында талай бейнетті де көрді. Соған қарамастан қазақ ұлтына ғана тән салт-дәстүрлерді ұмытқан емес. Хадиша ана ырым-нанымдарға де сенеді, әрбірінің астарында үлкен мән-мағына жатқанын айтады.
“Қазақ өте керемет ұлт. Тарихы бай, салт-дәстүрлері жетеді. Өкінішке орай, қазір “Беташардың” мағынасы жоғалып барады. Әйел адам неше мәрте тұрмысқа шықса да, оның беті бір рет ашылу керек. Бұрын есік көріп, ажырасқан қалыңдыққа “Беташар” жасауға қарсымын”, – дейді қызылордалық кейуана.
Жуырда Хадиша апай ауылда өткен кішігірім тойлардың біріне қатысқан. Туысқан інісі үйленіп, жақын ағайындарға дастархан жайылыпты. Қызылордалық кейуана той басталар бұрын қалыңдықтың бұрын тұрмыста болғанын білген. Үйленгелі жатқан жігіттің ата-анасы бұл жайтты қонақтардан жасырғылары келген екен. Шындықтың беті ашылғаннан кейін, Хадиша апай “Беташарды” ұйымдастыруға қарсылық білдірген.
“Келін бала бұрын тұрмыста болған екен. Оның үстіне үш жасар баласы бар көрінеді. Бұл ретте “Беташар” ұйымдастыру орынсыз ғой. Мен той иелерін қасыма шақырып алдым. Қаншама ағайын жиналған жерде шу шығаруға да болмайды, тойдың шырқын бұзған дұрыс емес. Бірақ жасым үлкен болған соң, ақылыма құлақ асты. “Беташар” жасамадық, көпшіліктің сұрағына жауап берілмеді. Дастархан басында жастарға батамызды беріп, тарқастық”, – дейді Хадиша әжей.
“Беташардың” тоқтатылғанына жаңа құдалар өкпелеген көрінеді. Дегенмен, салт-дәстүрге сай бұрын есік көрген келіншекке “Беташар” жасалмады.
Жалпы, ажырасқан әйелге “Беташардың” жасалуына қызылордалық қариялардың басым көпшілігі қарсы. Бұл салт-дәстүр негізінен бұрын есік көрмеген, арын ту еткен қалыңдықтарға жасалынатын салт деседі жұртшылық. Осындай пікірді бүгінде жасы жетпістен асқан Күләйша Әбдірахманова да құптайды. Кейуананың ортаншы ұлы да бұрын тұрмыста болған әйелді жар етіп алған екен.
“Осыдан 18 жыл бұрын ұлымның тойы болды. Келініміз бұрын тұрмыста болған келіншек. Бірінші күйеуі араққа салынып, жұдырық жұмсайтын болған екен. Мұндай қорлыққа шыдамағандықтан келіншек ажырасуға мәжбүр болыпты. Әрине басында сәл қарсылық танытқанымыз бар. Ұлымның есік көрмеген жанмен отбасын құрғанын қаладым. Алайда махаббат болғандықтан, жастардың жолын байламадым”, – дейді Күлайша әжей.
Қазақтың салт-дәстүріне орай келіндерін қолдан алыпты. Құдалар алыс-беріс ырымдарын да жасаған. Алайда, қызылордалық кейуана әу баста келінге “Беташардың” жасалмайтынын айтқан. Оның үстіне қалыңдық ақ көйлек те кимеген екен.
“Қонақтарды алдағанымызбен, Құдайды алдай алмаймыз ғой. Құдаларыма барлығын түсіндіріп айттым. Келіннің қалың малын төледім, алайда ұлымның әйеліне қалыңдық көйлегін кигізбедім. Жастар тойын мейрамханада атап өттік. Барлығын салт-дәстүрімізге сай ұйымдастыруға тырыстық. Келінім бірінші күйеуімен мешітте неке қидырмаған екен. Сол себепті мұсылмандарша неке қидыру рәсімін ұйымдастырдық. Келінімнің көңіліне қарауға тырыстым, дегенмен салтымыздан аттауға болмайтынын ескердім”, – дейді Күйләйша апа.
Бүгінде Күләйша әжейдің ұлы үбірлі-шүбірлі, жарымен тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Араларында дау-дамай, кикілжің туған емес. Келні де “Беташар” жасалмады деп, қайын жұртының бетіне басқан адам емес екен.
“Негізінен біздің ұлтымызда ажырасқан және жесір әйелдерге қатысты ұстанатын көптеген ырым-тыйымдар бар. Мәселен, бұрын отбасы шайқалған келіннің нәрестенің тұсауын кескені дұрыс емес. Сондай-ақ, мұндай әйелдерді “Сырға салу” салтына қатыстырмаған абзал. Әрине, мен біреуді бөліп-жарудан аулақпын. Дегенмен бұл ежелден келе жатқан дәстүріміз. Әр салттың астарында үлкен мән жатыр”, – деп ойын түйіндеді кейуана.
zanmedia.kz