Есімі – алтын кітапта, ғұмыры – халық жадында
(Ардақты аға, іскер азамат Болатбек Сүйлейменұлы жайлы сыр)
Сыр елі, жыр елінің темірқазығы атанған, Қызылорда облысы Қармақшы ауданының топырағынан Түркі әлемінің атасы атанған сонау Қорқыт бабадан бастап, Ешнияз сал, Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, Кетенің Жүсібі, Дүр Оңғар секілді кіл дүлдүлдер шықты және тектілердің тұғырлы ұрпағы күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Сондай жандардың бірі әрі бірегейі Сүлеймен абыздың баласы Болатбек.
«Тұлпардан — тұлпар, сұңқардан сұңқар туар» демекші, асылы артық азаматтың шыққан тегі, тартқан түбі осал емес. Өз әкесі Сүлеймен балуан әрі елге сөзі өтімді, жұртқа сыйлы, ел басқарған жан болса, атасы Жайсаң да көреген, атсейістігімен танымал. Ал жігітті жақсы етер нағашысы — екі рет Қыдыр көрген Жәрімбет әулие. Болатбек сол ауылдағы мектепті бітірген соң, еңбекпен ерте айналысып, ауылда жұмыс жасай жүріп, Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын және Жоғары партия мектебін бітірді. Еңбек жолын ауылдағы агрономдықпен жалғастырып, шаруашылық жұмысына тың серпіліс, жаңа жоба әкеліп, қайнаған тіршілікті одан әрі қыздыра түсті. Сөйтіп жүріп, аудандық комсомол комитетінде, аудандық бақылау комитетінде, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтердің басында жүріп, абырой биігіне қарай беттеді.
1972-1980 жылдары ауданда ауыл шаруашылығы саласын басқарып, осы саланы дамытуға бар күш-жігерін салып, түрлі тәжірибелер жасап, жобаға енгізіліп, оны дәлелдеп шықты. Осындай озық тәжірибелердің арқасында ауданның экономикасы нығайып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі өсіп, сапасы артты. Оның бұл еңбегі ескеріліп, сол кездегі Кеңестер Одағының «Алтын кітабына» енгізілді. Сондай-ақ, Болатбек Сүлейменұлы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарғанда да аудан халқының әлеуетін, мәдениетін көтеруге күш салды. Осындай еңбектің де жемісін көрді. Аймағымыздың саяси басшысы дәрежесіне дейін жетті. Сексенінші жылдары ауданда басшы болған атпал азамат Елеу Көшербаевтың басшылық жасап, ұйымдастыруымен даңғайыр ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтың 100 жылдығы аталып өтілді. Сонымен қатар, барша түркі халқының абызы атанған Қорқыт ата кешені салынды. Осы игілікті шаралардың басы-қасында жүріп, ұйымдастырып, түрлі ұсыныстар жасап, жұмыстың нәтижелі болуына өлшеусіз үлес қосты. Жастайынан жырға сусындап, жүрегіне сіңіріп өскен ол, Сыр сүлейлерінің туындыларын аса құрметтеп, сөз арасында жиі қолданатын. Ағамыздың басшылығымен ауданда бес жыраулар мектебін ашты. Оның қаржыландыруын шаруашылық басшыларының қорының есебінен өтелуінің жолын тапты. Бұл жыраулық мектептер Қазақстанда бірінші болып, Сыр өңіріндегі атадан балаға мирас болып келе жатқан жыраулық өнердің ғылыми тұрғыда негізделуіне жол ашты.
Болатбек Сүлейменов 1988-1994 жылдар аралығында аудандағы Жаңажол ұжымшарын басқарып, сол ауылдың экономикасының нығаюына көп еңбек етті. Ауыл орталығын абаттандыруға күш салды. Ел экономикасы шатқаяқтап тұрғанда, ауыл орталығынан заманауи жаңа шаруашылық Мәдениет үйі мен жабық спорт кешенін, стадион салды. Осы спорттық кешендердің арқасында Облыстық спартакиада және т. б. күрес, футбол жарыстары ауылда жиі өткізіліп тұрды. Сондай-ақ, білікті басшының ерен еңбегінің арқасында орталықтан мешіт бой көтерді. Сол ұжымшарды басқарған уақытта ағамыз облыстық шаруалар кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, Сыр бойы елінде ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне көп еңбек сіңірді. Ел әлеуетін көтеріп, өркениетін қарыштатып, қиын заманның өзінде халықты тарықтырмай, елді езілдірмей, өз беделін сала отырып қамтамасыз етті. Осындай ел алдындағы елеулі еңбектері бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» орденімен т. б. медальдармен, сонымен қатар Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет» Грамотасымен марапатталды. Республикалық дәрежедегі зейнеткер және «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды.
«Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» дегендей, орнында қалып, оңалтып отырған ұл-қыздары бүгінде әке ізін басып келе жатыр. Яғни артында өзінің өмірлік жары, марқұм болған Әмида Омарқызы екеуінен тараған ұрпақтары бүгінде әке ісін жалғастырып, ел экономикасын нығайтуға өздерінің сүбелі үлестерін қосып жүр. Үлкен ұлы Сыдықбек — құрылысшы, ортаншы ұлы Сағатбегі — судья, кіші ұлы Ғанибек — жоғары білімді теміржолшы, үлкен қызы Ләззат дәрігер болса, кіші қызы Гүлзат та жоғары білімді байланыс саласының маманы.
«Жақсының аты өшпейді» демекші, Болатбек Сүлейменұлы өмірден озғаннан кейін 1 жылдан соң, яғни оның інісі Рзақұл Нұртаевтың, баласы Сағатбектің ұйымдастыруымен, аймақтық «Дәулет» қорының бастамашылығымен және аудан әкімдігінің, Облыстық спорт және туризм басқармасының қолдауымен дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында республикалық ашық жарыс ұйымдастырылып, оған еліміздің түкпір-түкпірінен жас татами шеберлері қатысты. Бұл турнир әдепкіде жасөспірімдер арасында өткізіліп, кейіннен жастар арасындағы халықаралық дәрежедегі жарысқа айналды. Аталмыш жарысқа тек еліміздің ғана емес, көршілес Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан елдерінің дзюдошылары қатысып келеді. Міне, осы жарыс биыл 16-рет өзінің жалауын көтергелі отыр. 16 жылдан бері Қармақшы ауданы және Қызылорда облысының халқына тамаша спорттық мереке сыйлап, елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыруға бірден-бір септігін тигізіп келе жатқан бұл жарыстан көптеген ұландарымыз бүгінде әлемдік деңгейдегі додаларға қатысып, ел байрағын көптеген әлем елдерінде желбіретті. Әнұранмызды шырқатты.
Бейбітбек Бүркітбайұлы