«Есірткі тырнағынан жастарымызды құтқару мемлекеттік һәм халықтық іс»

деген ұранмен Шу қаласында Жамбыл облыстық әкімдігі мен «Qazaqstan dauiri» газетінің бірлескен дөңгелек үстелі өтті

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған тұңғыш Жолдауында есірткі бизнесінің алдын-алуға айрықша көңіл бөлгені белгілі. Әсіресе синтетикалық есірткі саудасы қызып тұрғанын тілге тиек еткен Президент есірткіге еліткендердің басым бөлігі жастар екеніне алаңдаушылық білдірді. Расында да бүгінде нашақорлық аса қауіпті індетке айналып отыр. Онымен күрес жылда жаңаша қарқын алғанымен, есірткі бизнесінің жолын кесу мүмкін болмауда. Науқандық кезеңде бірлі-жарым қылмыскерлер құрықталғанымен бұл шөптің саудасы арқылы көлеңкелі кәсібінің көкжиегін кеңейтіп отырған қылмыстық топтар да баршылық. Мұндайда қайтпек керек? Есірткі бизнесінің тамырымен қопарып тастау мүмкін бе? Жастарды жат қылықтан қалай алшақтатамыз? Міне осы сауалдарға Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы мен Халықаралық «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетінің ұйымдастыруымен Шу қаласында өткен дөңгелек үстел отырысында жауап ізделді.
Жалпы аталған жиынның өтуіне «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызының «Есірткі саудасы есіл ерлердің есін алып тұр» атты мақаласы түрткі болды. Міне осы тақырыпты айдар еткен басқосуға басылымыздың Бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы,«Qazaqstan dauiri» газетінің Бас редакторы Ертай Айғалиұлы, «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев, Шу ауданының әкімі Жарылқасын Айтақов және өңірдегі құқық қорғау, денсаулық сақтау, білім беру салаларының өкілдері мен ардагерлер, жастар, аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары мен республикалық «Заң», «Ана тілі» сынды беделді басылымдардың журналистері қатысты.

«Ел болашағын ойласақ – есірткімен күресейік»

Жиында алғы сөзді Сәуле Мешітбайқызы алып, ерлердің есін елірткен есірткі бизнесінің залалы мен оның алдын алу шараларына қатысты «Ел болашағын ойласақ – есірткімен күрес мәңгі тақырып» атты жан-жақты баяндамасын жасады.
— Ағымдағы жылдың 4 маусымында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысында болған жұмыс сапарында халықпен кездесіп, өңірдегі өзекті проблемаларды сөз ете келіп, «Облыстағы келелі өткір мәселе – есірткі қылмысының ушығуы. Бұл – бүкіл қоғамды алаңдатқан өзекті мәселе. Өкінішке қарай, қазіргі озық технология дамыған заманда «есірткі бизнесінің» дәурені жүріп тұр. Есірткі сататын «астыртын» жарнамалар қаптап кетті. Тіпті, арнайы сайттар ашылған.
Бұл ең алдымен, жастардың санасын және денсаулығын улайтын кесел. Мұны тоқтату қажет! Жол бермеу керек! Заң жүзінде тосқауыл қоюымыз аса маңызды! Есірткі сатуды кәсіпке айналдырған қылмыскерлер қатаң жазалануы керек! Полиция қызметкерлеріне осы мәселе бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын» деп бекер айтпағаны белгілі. Демек, есірткі проблемасы биліктің жіті назарында деген сөз!
Иә, әлем жұрты нашақорлықтан зардап шегіп отыр. Сол аты жаман есірткінің бір ошағы Шу өңірі болып отырғаны ешкімге жасырын емес. Бірақ оны түпкілікті жоюға біз түгілі әлем алпауыттарының шамасы жетпей жүр. Оны мойындау керек. Бірақ қол қусырып отыруға уақыт тар. Тым болмағанда індеттің кеңге жайылуына тосқауыл қойсақ, мыңның болмаса да жүздің бетін бері бұрсақ жеңіс сол. Әр әрекеттің берекеті болатынын естен шығармасақ деймін. Адасқан тағдырлардың бәзбірінің шым-шытырық өмірін тура жолға бұрып жіберсек те бізге олжа. «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» дегенді ескере отырып, әріге бармай-ақ өзім туған Шу өңіріндегі қарасораға құныққан, есірткі сатып «шыныққан» жастар жайлы айтпақпын. Себебі ел ертеңі жастардың азғындық жолды таңдауы, жұмыссыз сабылып жүріп, оңай табыс табу үшін қылмысқа барып, ол істеріне көз жұма қараулары — түйткілді мәселе қатарында тұр. Оны шешу бүгінгі билік пен ел ағаларына сын! «Ештен кеш жақсы» дейтін қазақпыз. Қазір бұл мәселені түпкілікті шешіп алмасақ, бүгінгі күнімізге зар болып қалуымыз әбден мүмкін. Өйткені Шу өңіріндегі қарасора проблемасы асқынып барады. Қай нәрсенің де асқынғаны жақсылыққа апармайды ешқашан.
Мен 07.02.2019 жылы «Qazaqstan dauiri» газетінде «ЕСІРТКІ САУДАСЫ – ЕСІЛ ЕРЛЕРДІҢ ЕСІН АЛЫП ТҰР… немесе Шу қасіреті бар — қазақтың қасіреті» деген мақала жаздым. Оны оқып қолдағандар мен пікір жазып өзіме телефон шалғандарға ризашылығым шексіз. Оған да жылға жуықтап қалды. Бұл мақалам ұлтына ынтық, ел мен жерге ынтазарлықпен қарайтын, болашақ жастарға сенімі зор Жамбыл облысы әкімі Асқар Исабекұлына да базынам еді. Қазақы тәрбиенің бастауынан шөл қандырған азамат мақалада айтылған мәселелерге жіті назар аударып, бүгінгі дөңгелек үстелдің өтуіне жылы ниет танытып отыр.
«Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» демекші, қай жерде билікте жүрсе де артына жақсы сөз қалдырған, жақсы-жайсаңның ризашылығына бөленген бір шенеунік болса, ол иман жүзді азамат — Асқар Мырзахметов болар. Жамбыл облысына басшы болып келгелі білімі мен біліктілігін көрсетіп, көне шаһарды жаңа қырынан танытып, сән-салтанатын келістіріп халықтың ақ батасын арқалағаны шынайы болмысына берілген әділ баға!
Былтырғы жылдың аяғында парасатты əкімнің кеудесіне Елбасы «Парасат» орденін тақты. Бұл елдің ақ тілеуі мен сіңірген еңбегінің өтеуі! Алла қалап биыл облысымыздың 80 жылдығы, ендігі жылы Шу ауданының 90 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Елбасы үнемі елдің қамын «тойлап емес, ойлап шешу керегін» айтып жүр. Келгеніне жылдан асқан Асқар секілді ұлтжанды басшының Шу өңіріндегі есірткі проблемасын білмеуі мүмкін емес. Онда жүрегінің қан жылап, бұл мәселенің тезірек шешілуін ойламай жүр деуге аузым бармайды. Бәлкім бақылауда ұстап отырған да болар.
Біз мақалада сөз еткен мәселелерді ой елегінен өткізіп, «Жастар жылы» қарсаңында Шу ауданының орталығынан «Qazaqstan dauiri» газетінің мұрындық болуымен республикалық дөңгелек үстел өткізсек дегенбіз. Оған облыс басшысы, игі істердің жаршысы Асқар Исабекұлы қол ұшын созса, тығырықтан шығар жол іздеп отырған халық риза болары даусыз деген ойымызды да аңғартқанбыз. Дөңгелек үстел басына облыстағы аузы дуалы ақсақалдар мен зиялы қауымды, Жамбыл облысы Полиция департаментіне қарасты барлық құрылымдық мекемелердің басшылары мен өкілдерін, облыстық білім беру денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жиналса, келелі әңгіме-дүкен құрсақ дегенбіз. Ғасыр індетіне айналған, Шудың бойын жайлаған, есірткінің шырмауына шырмалған жастарды қалай құтқару жағын талқылау уақыт талабы. Бұдан ары кешігуге жол жоқ. Міне, сол күнге де жеттік. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдау білдіргеніне шексіз ризашылығымды білдіремін. Тұтас ұлтқа зардабын тигізіп отырған есірткімен күрес осылай жалғасын тауып отырса, біздің алар асуымызда көбейе бермек. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген осы. Алла Тағала бізді ынтымақ пен бірліктен айырмағай! Кейін комиссия құрылып, арнайы жұмыс тобы нақты мәселелермен айналысса діттеген мақсатымызға жетуге жол ашылар еді. Басталған істі аяғына дейін апаруға күш салуға шақырамын сіздерді. Биылғы Жастар жылында еліміздің атынан Елбасы мен Президентті қолдағанымызға ісіміз айқын дәлел болса, біздің жеткен жетістігіміз де сол. Тек ізгі мақсатқа жету жолында елім деп жүрген барша қолында билігі бар азаматтар мен облыс басшысы Асқар Исабекұлының қолдауы бізге ауадай қажет! – деген Сәуле Мешітбайқызы «Ғасыр дертінен жастарды қалай қорғаймыз?» деген сауал төңірегінде ойын жалғады.

Нашақорларды емдеу, есірткімен  күрес қалай жүруде?

— Біз ғана емес, әлем жұрты бұған бас қатыруда. Өйткені қазір бәріне қол жетімді болып тұр емес пе? Өзгені қайдам, біз секілді салт-дәстүрі мығым, ар-ұяты әлі тоналмаған халыққа есірткіден жастарды қолдаудың ең тиімді жолы – отбасыдағы құндылық пен тәлім-тәрбие ғана. Басқа даңғыл жолды өз басым көре алмай тұрмын. Ал нашақорлыққа ұрынып, басын тауға да, тасқа да ұрғандарға қалай көмектесеміз. Қайтсек оларды тұңғиық тұманнан, мына жарқын өмірге алып келе аламыз. Бұл да өзекті мәселе. Топырақтан қазақ жасай алмай жатқанда, әр қазақтың баласының тура жолға түсуі бізге ауадай қажет болып тұр.
Алматыдағы нашақорлық ахуалы туралы қалалық наркологиялық диспансердің бас дәрігер орынбасары Индира Кеңесбекова бір сұхбатында былай депті: «Алматыда нашақорлықпен наркодиспансердегі тіркеуде тұратындардың саны биыл 8352 адам болып тұр. Ал былтыр 8181 адам болатын. Яғни биыл олардың саны 2,1 пайызға өсті. Солардың ішінде әйелдердің саны 1135 адам, ал жас өспірімдер саны 138 бала. Былтыр 125 бала тіркеуде тұрған. Демек, биыл былтырғымен салыстырғанда көрсеткіштер жоғары деп айтуға болады».
«Ал нашақорлыққа шалдыққандарды емдеу тиімділігі қаншалықты? – дегенге, Индира Кеңесбекова «азын-аулақ емделіп шығып жатқандар болғанымен, емделудің айтқандай тиімді еместігін» айтыпты.
«Бұл сұраққа жауап беру өте қиын, себебі бұл ауру созылмалы ауру. Кез келген уақытта қайтадан қайталануы мүмкін. Оның үстіне аурудың емделемін деген ниеті болуы керек. Бізге олар сондай ниетпен келуі керек. Ал бізге оларды көбіне ата-аналары әбден шаршаған соң ішкі істер орган адамдары арқылы әкеледі, кейде учаскелік полициялар әкеледі. Не балалары наркоман екенін білгенен кейін ата-аналары оларды жасырын түрде ақылы жеке мекемелерде емдеуге тырысады, сөйтіп бізге ешқандай ем қонбаған соң, ең бір соңғы стадияларында алып келеді. Нашақорлар өзін ешқандай аурумын деп санамайтын қалде әкеледі. Ондай ауруларды емдеу әрине қиын» деп ағынан жарылыпты.
Гашиш, марихуана сияқты есірткі түрлері жасалатын қарасора өсімдігі Шу алқабында өсетінін барлығы біледі. Біздің елде оңай олжа табудың төте жолы – есірткі сату болып тұр. Мұны бизнеске айналдырып шіріген байлықтың иесі атанғандар жетерлік. Байимын деп құтырып, кейін тұтылып түрмеге тоғытылғандар қаншама. Әлі күнге дейін қолға түспей есірткіні саудалап жүргендерді аяймын кейде. «Бидайдың баратын жері –диірмен» демекші, ерте ме, кеш пе олардың да баратын жері белгілі…
Әңгімені әріден қозғасақ, есірткінің құрбаны болғандардың артында қаншама бала жылап қалды, соның салдарынан қаншама ата-ана құлап қалды. «Бұл жаман әдет неге соншалықты белең алды» деген көкейде қаншама сұрақ қалды? Қаншама шаңырақ қирады, қаншама нашақордың миы құрғады, осы бізді, ел жанашырларын қинады.
Нашақорлық – ғасыр дерті аталынуы да тегін емес. Оңай олжа табуды, оңай байлыққа кенелуді көздегендердің жолы болып-ақ тұр. Бірақ «көп асқанға бір тосқан». Қаншама құныққан пенде темір торға тұтылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп ресми белгілеп берді. Демек, бұл жыл — жастарды қорғау, қолдау жылы. Елбасының ізгі ниеті, ақ адал пейілі өз дәргейіне көтеріліп, елдің болашағы жастар — қамқорлық аясында шалқыса, шіркін! Осы орайда жалтақ басшылар, құр сөзден «қуырдақ қуырып», уәдені үйіп-төгіп «бізде бәрі жақсымен» іс бітпейтінін есте ұстағандары абзал. Ұлтжанды әкімдер мен келешекке сенімді шенділердің де сыналар тұсы осы! Себебі бағыт айқын. Қалайда жастарды — көздің қарашығындай сақтау. Жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа бастау. Оларға моральдық, әлеуметтік қолдаудың әсерін сезіндіру.
Қай заманда болмасын жастар елдің тірегі, болашағы өсіп-өнуінің көрсеткіші, дамуының барометрі болған. Жастары азғындаған мемлекеттің өсуінен өшуі, дамуынан жаңылуы, шалқуынан алқынуы көбейеді. «Арық атқа қамшы ауырдың» көкесі сонда болмақ.
Ресми деректер бойынша, 2000 жылы Қазақстанда 34 мың нашақор арнайы тіркеуде болған, ал БҰҰ-ның наркобизнеске және қылмысқа қарсы күрес басқармасының мәліметі бойынша, сол жылдары Қазақстанда 250 мың есірткіге тәуелді адам өмір сүрген. Қазір бұл көрсеткішті Бас прокуратураның Құқықтық статистика және әлеуметтік есепке алу комитеті 54 мыңға жеткізіп отыр. Соның ішіндегі 4 мыңы әйелдер, бес мыңға жуығы жасөспірімдер екен. Наркологтардың айтуынша, есірткіге тәуелді нашақорлардың нақты санын шығару үшін, ресми көрсеткіштерді кемінде 5-6 есеге көбейткен жөн, сонда Қазақстандағы нашақорлардың нақты санына жақындауға болады дейді олар.
Пайдаға құныққандар азғындық
жолға неге түсті?

Әріге бармай-ақ өзім туған Шу өңіріндегі қарасораға құныққан, есірткі сатып «шыныққан» жастар жайлы айтпақпын. Себебі ел ертеңі жастардың азғындық жолды таңдауы, жұмыссыз сабылып жүріп, оңай табыс табу үшін қылмысқа барып, ол істеріне көз жұма қараулары – түйткілді мәселе қатарында тұр. Оны шешу бүгінгі билік пен ел ағаларына сын! «Ештен кеш жақсы» дейтін қазақпыз. Қазір бұл мәселені түпкілікті шешіп алмасақ, бүгінгі күнімізге зар болып қалуымыз әбден мүмкін. Өйткені асқынып барады. Қай нәрсенің де асқынғаны жақсылыққа апармайды,- деді Сәуле Мешітбайқызы.
Бұдан кейін баяндамашы есірткі саудасы тепсе темір үзетін есіл ерлердің есін алып тұрғанына қанжылыс білдірді.
– Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп ресми белгілеп берді. Демек, бұл жыл – жастарды қорғау, қолдау жылы. Елбасының ізгі ниеті, ақ адал пейілі өз дәргейіне көтеріліп, елдің болашағы жастар – қамқорлық аясында шалқыса шіркін! Осы орайда жалтақ басшылар, құр сөзден «қуырдақ қуырып», уәдені үйіп-төгіп «бізде бәрі жақсымен» іс бітпейтінін есте ұстағандары абзал. Ұлтжанды әкімдер мен келешекке сенімді шенділердің де сыналар тұсы осы! Себебі бағыт айқын. Қалайда жастарды – көздің қарашығындай сақтау. Жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа бастау. Оларға моралдық, әлеуметтік қолдаудың әсерін сезіндіру.
Қай заманда болмасын жастар елдің тірегі, өсіп-өнуінің көрсеткіші, дамуының барометрі болған. Жастары азғындаған мемлекеттің өсуінен өшуі, дамуынан жаңылуы, шалқуынан алқынуы көбейеді. «Арық атқа қамшы ауырдың» көкесі сонда болмақ.
Бүгінгі қоғамды – адамға теңесек, оның күрк-күрк жөтеліп, қан қысымы көтеріліп, тұла бойы дел-сал болып тұрғанын аңғарасың. Себебі мұқтаждық көп. Жетіспеушілік пен зәрулік басым. Кей жағдайда тамыр – таныстық алдыңғы сапқа шығып, «бармақ басты көз қысты әрекеттердің де» салқыны сезіліп қалады. Қоғамның дамуына жемқорлықтың да зардабы шаншудай қадалап тұр. Әсіресе жастар арасындағы отбасылық кикілжің, ажырасу, арақ ішу, наша шегу секілді белең алған жаман әдеттер қаншама? Егер бұлай жалғаса берсе болашағымыз – бұлыңғыр, келешегіміз заңғар тау емес – құр үңгір болып қала ма деп қорқамын. «Жастар жылында» осындай келеңсіздіктермен күресіп бойдағы қорқыныштан арылмасақ, шындықты айтып ағымыздан жарылмасақ ақсақалдығымыз қайда? «Бізде бәрі керемет» деп шенді – шекпендінің алдында құрдай жорғалау нағыз елге жаны ашымайтын қарттың, ашумен тіл безесек, жағымпаз қырттың тірлігі. Барды бар, жоқты жоқ деу керек. Ол үшін бас кетпейді. Қариялары күмілжіп, әкім – қаралары құбылып тұрған қоғамнан не күтуге болады? Әрине көпке топырақ шашпаймын. Елім деп еңіреп жүрген басшылар да бар. Бірақ «бір қарын майды, бір құмалап шірітетіні» жаныма батады…Әйтпесе баяғыда-ақ дамыған елу елдің арасында шалқып жүрер едік…
Натуралист-құсбегі, этногроф, республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, есімі «КИНЭС» рекордтар кітабына енген табиғат жанашыры Сатылғанов Жапар Тілеужанұлы мырза «Қасіреттен» қалай құтқарамыз?» атты мақаласында: «Жақында облыстық құзырлы орган басшылары «Жамбыл» телеарнасына берген сұхбатында, «Есірткі өршіп тұрған аудандарың бірі – Шу» деп атап айтты. Расында, Қазақ хандығының туын тіккен, үш жүздің төбе биі Төле бабамыздың туған жері саналатын киелі, қасиетті өңірде – Шу ауданында есірткі бизнесі көптеген жастарды улап, жылдан-жылға өршіп бара жатқаны жасырын емес. Тіпті кей ауылдарда жақыны, туған-туысқаны, балалары істі болмаған үй жоқ. Мұны Шу ауданындағы ел-жұрттың тәлім-тәрбиесіне жауаптылардың, ұлттық тәртіпке ақылшы кәрі мен жастың бәрі білсе де, науқандық шаралардан нақты нәтиже болмай тұр. Шу өңірінен басталған сол қасіреттің өзге аудандарға да жайыла бастағанына қалың ел куә» деп жазыпты. Бұған алып-қосарым жоқ. Бұл – тайға таңба басқандай шындық!
Иә, нашақорлыққа әлем халқы қарсы. Оны тарататындарға берілетін жаза да ауыр. Қазақстанда есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілікті арттыратын, бұл қылмысқа барғандарға өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін жаза қолдануға мүмкіндік беретін заң қабылданған. Сөйте тұра қылмыс азаяр емес. Неге?
Ал Қытай мен Иран және әлемнің басқа да бірнеше мемлекеттерінде заңсыз есірткі саудасымен қолданушыларды өлім жазасына кеседі. Ал Еуропаның Голландия мен Швейцария сынды мемлекеттерінде есірткінің жеңіл түрлеріне рұқсат берілген, -деп сөзін бір түйген Сәуле Мешітбайқызы одан әрі Шу өңірінде есірткі ісіне шатылмаған отбасының аз екеніне алаңдаушылық білдірді.
– Кеңес үкіметі тарап, нарықтық экономика алдымызды орап, қолында барлар бар байлықты тонап, жұмыссыздық белең алып, күнін көргенде әрең халық, ауыртпашылықтан жастар сенделіп қалғанда, Шу өңіріндегі пысықайлар жаппай есірткі саудасымен айналысты. Расы керек, Шудың маңайы кеңес заманынан бақылауда болған. Сол үрдіс сақталып, қиын кезеңде де Үкімет назардан тыс қалдырмады. Облыстағы наркомания бөлімдері үлкен жұмыс жасап жатты. Алайда иненің көзінен өтетін пысықтар жолын тауып, өз бизнестерінің өркендеуіне қол жеткізді. Соның салдарынан есірткі саудасы өршіді. Аты әлемге мәшһүр Шуда әлі күнге небір қулық-сұмдықтар жасалып жатыр. Шудың бойын жайлаған елдімекендердің қазіргі жағдайы өте күрделі. Күрделі деймін – ау, өте аянышты! Келешегіміз саналатын жастардың халі мүшкіл… Ашығын айтайын, кей ауылдарда есірткіге есі кеткен, заң шеңберін кесіп өткен, сөйтіп шалыс басып аяғы көктен келген жастар жетіп артылады. Тіпті осы есірткінің зардабын тартпаған бірде бір шаңырақ жоқ десем, сөге жамандамаңыздар. «Ұрлық – түбі қорлық» екенін ескермей, есіріп жүрген қанша жасты абақты күтіп тұрғанын бір Алла ғана біледі. Ашынғаннан шығып тұр жан айқайым, ағайын! Менің де жақын – жұрағаттарымның ішінде есірткінің торына шырмалып, түрмеге қамалып, ол жақтан оралып жатқандар да бар. Бір ғана менің аулымда тепсе темір үзетін небір жігіттер оңай олжа табамын деп шатылды. Енді сабақ болады –ау дегендер, кейін де бір-екі рет түрмеге барып қайтты. «Ол жақтан» оралғандардың денсаулықтары да сыр беріп, түрлі аурулармен алысып жүр. Ең жанға бататыны, ажырасқан жастар көбейді. Асыраушысы сотталып, шиеттей баласымен әлеуметтік жәрдемақыға қалт – құлт етіп отырған жанұялар тағдыры алаңдатады… Жетім –жесірдің де саны артып келеді. Бұдан асқан қайғы бар ма, ата – ана үшін? Таза жүріп өмір сүруге қызықпай, дені сау болса да жаны мүгедек, жасы 40 -тан асса да отбасын құруға талпынбаған жігіттер саны көбеюде. Бұдан асқан трагедия бар ма, ағайын? Бауыр еті баласынан тірідей, енді бірі өлідей айрылған ата – аналар қасіретін сөзбен айтып жеткізу қиын.
Баяғыда «бəленшенің баласы сотталыпты» десе бір ауыл емес, бар аймақ «Ойбай, ұят болды-ау. Ата – анасы дұрыс тәрбие бермеген болды ғой» деп кінәлап, жағаларын ұстаушы еді. Бүгіндері еттері әбден үйренген бе, жаманат хабар естіп жатса да селт етпей-ау, селт етпейді. Бұл бойымыздағы ұлттық намыстың, асқақ жігердің, заңғар ар-ұяттың, жайдары қазақылықтың жоғалып бара жатқан бейнесі ме деп шошимын.
Есірткі бүгінгі қоғамның асқынған дерті болып тұр. Қазақ біртұтас тірі организм. Демек, оның бойындағы кесел барлық ағзаны зақымдайды. Ендеше, Шу өңіріндегі проблема, бір қазақтың емес, бар қазақтың сырқаты. «Қолымды кесе бер, басқа мүшем аман болсын» деп кім айта алады? Олай болса ағайын, «Өгізге туған күн, бұзауға да туатынын» ұмытпайық… Бәрімізде ұл – қыз өсіріп отырмыз, – деп Сәуле Мешітбайқызы аналық мейірімін де сездірді.

 

Спикер Дариға ханымның бастамасын қолдау қажет!

Баяндамасында басылымымыздың басшысы игі істер аяқсыз қалып келе жатқанын да назардан тыс қалдырған жоқ.
— Кеңес үкіметі кезінде Шу алқабынан жинап алынған қара сора шөбінен кендір жіп пен өте сапалы кендір майын дайындайтын ірі зауыттар болды. Кейін оның барлығы жабылып тынды. Өкінішке орай елімізде қарасораны кәдеге жарату ісі әлі күнге жолға қойылмай отыр. Мамандар Шу алқабындағы жабайы қарасорадан дәрі жасап, қатерлі ісік ауруларын, семіздік пен қан қысымын емдеуге болатынын жиі айтып жүр. Тіпті 2004 жылдары Қазақстан – Германия біріккен кәсіпорны құрылып, Шу алқабындағы қарасорадан мата, автомобиль өндірісіне қажетті материалдар шығаруды қолға алған да екен. Бірақ басталған іс соңына дейін жетпей тоқтаған. 2014 жылы 14 қаңтар күні Парламент Мәжілісінің Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов елімізде есірткінің шикізат базасы болып табылатын қарасораның проблемасын шешу қажеттігін көтерген кезде депутат Дариға Назарбаева бұл мәселені Шу өңіріне дәрі-дәрмек шығаратын зауыт салу арқылы шешуді ұсынып еді. Халық қалаулысы Д.Назарбаева Шу өңіріндегі 140 мың гектарға тарта қарасора алқабынан жыл сайын 5 мың тоннаға жуық марихуана (есірткі затын) әзірлеу ықтималдылығын алға тартты. «Сондықтан оны криминалдық мақсаттарға емес, халыққа пайдалы істерге қолдануымыз керек», – деп игілікті іске бастамашы да болды.
Дариға ханымның сондағы айтқан жалынды сөзі тарих бетінде қатталып тұр. «Мен біздің қарасораға қатысты көзқарасымызды тұтастай өзгертуді ұсынамын. Қарасора – бұл криминалдық мақсаттарда пайдаланылатын есірткі заты ғана емес, бұл сонымен қатар ауыл шаруашылығының түрлі бағыттағы пайдалы дақылы. Қарасорадан жасалатын препараттар бүгінде әлемде ракпен, ЖИТС дертімен сырқаттанғандарға пайдаланылады. Мәселен бұлар Израильде, Чехия мен Канадада, Голландияда қолданылып жүр.
Онымен қоса, қарасора есте сақтау қабілетіне қатысты ауруларда, альцгеймер науқастарына қолданылады. Сондықтан да әлемнің бірқатар елдерінде қарасораны арнайы өсіру қолға алынған. Тіпті қарасорадан әлемде 25 мыңға тарта өнімдер шығарылады. Біздің құқық қорғау органдарымыз қаншама жылдар бойы Шу алқабындағы жабайы қарасорамен күресіп келеді? Осы күреске бюджеттен қыруар қаражат жұмсалды. Бұл тиімді ме? Жыл сайын сол баяғы сауалдар қайталанып жатыр. Ендеше, бүгінгі күні жабайы қарасораны пайдалы мақсаттарға, соның ішінде медицина, халық шаруашылығы салаларында пайдаланатын уақыт жетті. Сондықтан Шу алқабындағы жабайы қарасора қаптаған жерлерді ірі фармацевтикалық компанияларға беруіміз қажет. Мұндай компаниялар осы алқапта зауыт салып, пайдалы өнімдер шығаратын еді». Өте орынды уәж!
Шынында да қарасораның пайдалы жағын ескеруіміз қажет-ақ секілді. Егер осы іске инвестиция тартып, дәрі-дәрмек шығаратын зауыт салатын болсақ, бұл бюджеттің бүйірін толтырып, сол аймақтағы тұрғындарды жұмыспен қамтыр еді. Қалай десек те, осы аймақты күзету үшін бөлінетін қыруар қаржыны үнемдеп, оның орнына өндіріске қаражат жұмсасақ, мұның пайдасы мол болатыны сөзсіз ғой. Егер осы айтылғандар жүзеге асса қылмыстық істерге де бөгесін боларына кім дау айтар?!.
Осыдан 4-5 жыл бұрын Шудың шөбін кəдеге жарату үшін кореялық инвесторлармен келіссөз жүргізілуде деген ел арасында жаңалық тараған. Яғни, шетелдік инвесторлар Шу өңірінен зауыт салып, қарасора шөбінен дəрі жасамақ болған. Олардың пайымдауынша бұл шөптен сансыз ауруларға ем болар дəрі жасауға болатын көрінеді. Алайда осы бастама белгісіз себептерге байланысты аяқсыз қалды… Осы іске облыс əкімі Асқар Мырзахметов қайта жан бітіріп, бастаманы қайта көтерсе, шулықтар ғана емес, бүкіл облыс үшін толайым табыс, əрі игілікті іс болар ед-ау!!!
Қалай десек те, қоғамға қаншама зиянын тигізіп отырған есірткіні пайдалы іске жаратуға да болады екен. Шу алқабындағы жабайы түрде өсіп жатқан есірткі шөптерді пайдалансақ, одан мол табыс табуға болатынын мамандар да айтып отыр. Бірақ өкінішке орай, бізде кәсіпкерліктің дамуына кедергі жасайтын бюрократиялық кедергілер өте көп. Әйтпесе дамыған елдердің көбі мұндай өсімдіктерді өздері арнайы өсіріп, пайдаға белшесінен батып отыр. Біздегідей у-шу жоқ. Ал біз болсақ, Шу өңірінде табиғи жолмен пайда болған қарасораны өртеп құрта алмадық. Жыртып жоя алмадық. Шауып бітіре алмадық. Ақыр аяғында пайда қуғандардың құнығуына жол ашып қойдық. Оның арты қайғы-қасіретке ұласып барады, – деп Үкімет пен өңірге ұтымды ұсынысын жасады.

Жеті жастағы нашақор,  54 мың қасіретті тағдыр

Түйін сөзінде С.Мешітбайқызы есірткімен күресте жұдырықша жұмылып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыс жасауға шақырды.
— Елбасымыз өзінің «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында ұлттық болмыстың жаңаруын, заманға сай бейімделіп жаңа технологияларды жастардың меңгеруін, дәстүр сабақтастығын жоғалтпауды, ар-намысты жоғары ұстауды шегелеп жазады. Биылғы «Жастар жылы» да жоғарыдағы құнды мақалалардың заңды жалғасы деп білемін.
Осы орайда Елбасының бастамасын қолдай отырып Шу өңіріндегі жастардың түйткілді проблемасын сөз етіп отырмын. Бұл жастар арасындағы күрмеуі қиын шетін мәселенің біреуі ғана. Тізе берсем кем-кетік, жетіспеушілік тағы басқа атқарылуы тиіс жұмыстар шаш етектен.
Жастардың болашағына алаңдап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Жапар Сатылғанов мырза: «Бұл кесапатты бүгін тоқтатпасақ, ертең кеш болады. Аудандағы ардагерлер, кәсіподақ ұйымдары, депутаттар, қоғамдық кеңес өңірдің ілгерілеуіне күш салу керек шығар. Не де болса, жастарды есірткі ауруынан құтқару жолын іздеуге тиіс. Мұндай дертпен тек полицейлердің күрескені аз, билік, бүкіл ел болып күреспесек, жағдайымыз қиын… Иә, сонау жылдары облыстық мәслихат депутаттығына үміткер болып түскенімде сол қариялардың нұсқауымен өңірдегі есірткі мәселесін біраз зерттегенім бар. Сонда төбе шашымды тік тұрғызған шындық: Тараз қаласындағы түрме-колонияларда жатқандардың басым көбі шулықтар екен» деп жазғаны айна қатесіз шындық. Оған менің де көзім талай рет жетті..
Осымен сабақтас тағы бір проблема түрмеден шыққан 18-30 дағы жастарды мемлекеттік қызмет түгілі, жай жұмысқа жолатпайтыны. Бұл да жастарды қоғамнан шеттетіп, керексіз болып қалуға итермелейді. Ақыр аяғы белгілі… сондықтар оларға араша түсу жағы да кеңесуді қажет етеді. Сіздерден осы мәселеге көңіл аударуларыңызды сұраймын. Бір кезде шалыс басып, есірткіге тәуелді болған жастарда өз ұрпағымыз. Оларды өзекке теппей өзімізге тарту, жақын тартып аялау, жұмысқа деген қызығушылығын арттыру, мүмкін болса психологиялық кеңес беру – бізге сын!
Бүгінгі дөңгелек үстелге жиналған құрметті қауым, жүрек шымырлайтын ақпарат мынау. Еліміздегі ең жас нашақор жетi жаста. Иә, естіген құлаққа түрпідей тиері анық. Себебі жаман кесел тез тарап, ана сүтi аузынан кетпеген балаларға да жетті. Осылайша қазақтың тегiнде болмаған есiрткi қазiргi таңда есiрiп кеткен. Жыл сайын есiрткiнiң салдарынан республика бойынша 300 адам қайтыс болады. Қазiр Қазақстанда ресми мәлiмет бойынша 54 мыңға жуық нашақор тiркеуде тұр. Бұл – тек ресми мәлімет қана. Ал тiркелмегендерiнiң қанша екенi әзiрге белгiсiз. Республикамызда нашақорларды емдейтiн 9 орын бар. Үстiмiздегi жылы мамандар нашақорлыққа бас ұрған адамдарға арнайы тексеру жұмыстарын жүргiзген. Нәтижесiнде нашақорлардың 60 пайызы 30 жасқа дейiнгi жастар мен әйел адамдар екенi анықталған. Есiрткi таратуға қарсы қылмыстық жаза күшейтiлдi, Үкiмет тарапынан қомақты қаржы да бөлiнуде. Бiрақ нашақорлардың саны азаяр емес. Заңгерлердiң айтуынша, есiрткi бизнесi тамырының тереңге бойлауына одан түсетiн қыруар ақша себеп болуда.
Сөз соында айтарым, нашақорлық – әлеуметтік ауру. Ол жер бетiн әбден жайлап алды. Кез келген мемлекет нашақорлыққа қарсы күресті ашық жариялап отыр. Сарапшылардың пiкiрiнше, бiздiң елiмiз тiптi есiрткi саудасының жол торабына айналған. Жыл сайын есiрткiмен күрес шараларына бөлiнетiн қаржының көбеюiне қарамастан, нашақорлар саны күннен-күнге өсiп келедi. Бұл – қасірет. Бүгінгі жиынның да мәнісі осыған ел болып қарсы тұру. Жастарымызды жамандықтан сақтап, жақсылыққа бастау. Осы жолда бірлесе қимылдауға шақырамын баршаңызды, – деді Сәуле Мешітбайқызы.

 

Дерттің салдарымен емес, себебімен күресу қажет!

Бұдан кейін сөз тізгіндеген «Дельта-Долина» ауданаралық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімі бастығының орынбасары Эльдар Әділханұлы қазіргі кезде Шу ауданындағы наркологиялық тіркеуде 74 адам тұрғанынын хабардар етті. Сонымен қатар үстіміздегі жылдың 10 айында аталған бөлімнің іздестіру іс-шараларының нәтижесінде есірткіге байланысты 68 қылмыстық іс қозғалған. Өткен жылдың есепті кезеіңінде 63 қылмыстық факт тіркелгенін ескерсек, бұл өсімді көрсетіп тұр.
Өз кезегінде «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мырзақұл Әлімқұлов әсерлі сөздерімен жастарды жат қылықтан аулақ болуға шақырса, облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігерінің орынбасары Эльмира Асқарқызы статистиканы сөйлетіп, Жамбылдағы жалпы жағдайға қанықтырды. Ал облыс әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзада Несіпбайқызы кәмелеттік жасқа толмаған мектеп оқушылары арасындағы нашақорлық жайында сөз қозғап, көптің көкейіне ой салды. «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Балабек Нарбаев болса, күн тәртібіндегі тақырыпқа қатысты нақты ұсынысын жасады.
– Бізі бүгінде нашақорлық дертінің себебімен емес, салдарымен күресудеміз. Психикалық диспансерді бір жылдары басқарған адам ретінде айтар болсам, науқасқа дәрігерден 10 пайыз ғана көмек болады. Қалғаны адамның ерік-жігеріне байланысты. Егер нашақордың дерттен айығуға ниеті болмаса, оны емдеймін деу бос әурешілік. Сондықтан ең алдымен нашақорлардың санасымен жұмыс жасау керек.
Бүгінгі басқосуда Сәуле Мешітбайқызы өте орамды, сананы сілкіндіретін сөздер айтуда. Осы сөздерді ел жастары естерінде сақтауы керек. Сонда ғана біз бұл дертке біріге соққы жасай аламыз.
Ал Шу өңіріне келер болсам, мен қарасораны түп тамырымен аударып, бір жыл ішінде өсімін байқап көруді ұсынамын. Егер нәтиже берсе, барлық алқапты аударып тастауға болады, – деді Б.Нарбаев.
«Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы Ертай Айғалиұлы болса, шараның маңыздылығына тоқталып, нашақорлық мәселесіндегі ата-ананың рөлі мен темір торға тоғытылғандарды қоғамға бейімдеу мәселесін көтерді. Және жігерлі сөздерімен жастарды жігерлендіріп, есірткі сынды теріс әдеттен аулақ болуға үндеді.
Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берік Бегалиев өз кезегінде есірткі мәселесін әр салаға бөліп қойып, жеке дара жұмыс істеудің тиімсіз екеніне тоқталды.
– Алғашында қарасораны өңірдегі құм көшкінін болдырмау үшін пайдаланған деген деректер бар. Алайда, бастапқы мақсат орындалғанымен бүгінгі таңда дәл осы қарасорадан дайындалатын есірткі заттары қоғамдағы үлкен мәселеге айналды. Қарасораның зиян екендігін алғаш рет шығыс ғалымы Ибн Синаның айтқанын тарих беттерінен білеміз. Солай бола тұра бұл мәселе 1946 жылдан бастап қана БҰҰ-ның деңгейінде назарға алынды. Дейтұрғанмен, ғасыр дертіне баланған нашақорлықпен күрес жұмыстары әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бірақ бүгінгі күні есірткі саудасының себебімен емес, салдарымен күресіп жатқанымызды естен шығарып алғандаймыз. Рас, мәселені шешуде әркелкі тәсілдер пайдаланылуда. Бірақ осыған қатысты қылмыстық заңнаманы түбегейлі қатаңдату керек сияқты.Сонымен бірге нашақорлықпен күрестің нәтижелі болуы үшін өңірдегі барлық сала мамандары бірлесе жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. «Есірткі саудасы есіл ерлердің есін алып тұр» атты жиында тыңдалған баяндамаларды назарға ала отырып, ішкі саясат басқармасының атынан Үндеу жариялауды жөн көріп отырмын, – деп Б.Бегалиев Үндеуін жұртшылық назарына ұсынды.
Сонымен қатар, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Бауыржан Мүрбеков та ұтымды ойлары мен ұсыныстарын жеткізді. Нақтырақ айтсақ, Бауыржан Жолдасбекұлы «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалына арнайы жұмыс тобын құрып, есірткі бизнесіне қатысты рейдтік шаралар ұйымдастыруды ұсынды. Бұдан бөлек, облыс орталығында синтетикалық есірткіге тәуелділік басым болып бара жатқанын және осы бизнес түрін де жіті назарға алу қажеттігін айтты.
Жиын соңында бірқатар азаматтар орамды ойларын ортаға салып, спикерлермен пікір алмасты. Ал басқосуды қорытындылаған Шу ауданының әкімі Жарылқасын Айтақов ғасыр індетіне айналған нашақорлық мәселесін осы бір жиынмен шектеп ғана қоймай, осында айтылған ұсыныстар мен пікірлерді алға тарта отырып, нақты шаралар қабылдау қажеттігін баса айтты. Және Шу ауданы әкімдігі бұл бағытта ауқымды бастамалар көтеріндігін жеткізді.
Осылайша ел жастарын нашақорлық дертінен аулақ болуға шақырған басқосу көпшіліктің көкейіне терең ой салып, жастардың санасына сілкініс жасады. Дөңгелек үстел соңында облыстық «Nur Otan» партиясы, Жамбыл облыстық әкімдігі Шу аудандық әкімдігі және «Qazaqstan dauiri» газеті үндеу қабылдады.

Саятхан Сатылғанов,
Жамбыл облысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.