Ескерілмеген ерліктер, еленбеген ерлер: Қисымның қаһармандығы
(Ұлы Отан соғысында елдің, ұрпақтардың болашағы үшін өзін саналы түрде құрбан еткен атыраулық қаһарман Қисым Мырзағалиевтің ерлігі хақында)
2010 жылдың қараша айының басында облыстық мұрағатқа алыстан хат келіп түсті. Оны шығысқазақстандық Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагері, экономика ғылымдарының кандидаты Кітапбаев Бошай аға жазған екен. Енді хатты оқып көрелік: «Атырау (бұрынғы Гурьев) облыстық мұрағаттар департаментінің директоры Әжіғалиева Рабиғаға!
Қымбатты қарындасымыз Рабиға! Мен Кітапбаев Бошай деген соғыстың, еңбектің қарт ардагерімін, жасым қазір 87-де, 66 жыл болды бір аяқсыз — протезбен жүремін. Ақтөбе қаласында қалыптасып, дайындалған қазақтың 101-бригадасында болып, соғысқа барғанбыз. Минометный дивизионда политрук-комиссар Мырзағалиев Қисым деген ақылды, парасатты (сіздердің Бақсай ауданының тумасы) ағаларыңыздың тәрбие-қамқорлығында болғанбыз… Ақын, халық жазушысы Әлімбаев Мұзафар комиссар Қисым ағаға замполит болып жүріп, политрук болып қалыптасқан.
Сол Қисым аға бір жыл соғысқаннан кейін Москваға военно-политическая академияға оқуға барам деп, майдандағы бізден кетіп еді. Облыстық партия комитеттерінің көп жылдар І-ІІ-ІІІ хатшылары болған Жармұхамедов пен Жарқынбековтермен соғыстан кейін 4-5 рет кездесіп, құшақтасқанымызда Қисым аға туралы жүректен қан жылатып хабарлар айтып еді. Ол мынадай:
Соғыста «Катюша» деген өте күшті құрал болған. Оның құпиясын да, өзін де немістер қолдарына түсіре алмай, арманда кеткен… Сол «Катюша» қарулы дивизионына Қисым аға саяси басшы болып, соғыстың соңғы жылдарында қайта майданға оралыпты. Қиян-кескі қырғын соғыстың бір тұсында «Катюша» дивизионы қоршауға түсіп, жау қолына түсерлік қауіп туыпты. «Катюшаның» өзін де, ондағы тірі (оның тетігін, сырын білетін) жанды да жау қолына түсірмеу Қисым аға басқарған дивизионның Отан алдындағы серті-анты екен. Дивизионның техникасы да, жауынгер жандары да жарылысқа беріліп, асқан ерлік жасап, қаза тауыпты.
Қисым ағамыз Советтер Одағының Батыры атағына ұсынылған екен. Осы қағиданы Мұхатай Жармұхамедов (Жамбыл обл. партия комитетінің І хатшысы) пен Жарқынбеков Қаржаубек (Шымкент, Қызылорда обкомдарында хатшы болған) іні-достарының кездескенде көздеріне жас алып айтқаны әлі есімде. Құдайға анық!»
Осы бір абзал ағамыз хатпен бірге халық жазушысы М.Әлімбаевтың «Алматы ақшамында» жарияланған «Тарихи тарлан» атты өлеңін де жолдапты. Ақын аға былай дейді:
…Бір күні «Катюшаны» жау қоршаған,
Атойлап шартараптан қаншама адам.
Экипаж дереу, шұғыл мина жарып,
Жауды да, жан достарды боршалаған.
Тарихта аты қалды Қисымдардың,
Сүйсінді адай, жаппас, үйсін, арғын.
Ұрпақтар аңыз қылып айта жүрсін,
Кітап арнап, жыр жазып, күй шығарған.
Сөз жоқ, тамаша хабар берген хат екен. Оны менің құрдасым, облыстық мұрағаттың сол кездегі директоры мұрағаттың жиі қонағы ретінде қатынасып жүрген менен бір күні осы жәйттегі кісіні білетін-білмейтінімді сұрады. Ал біз Қисым Мырзағалиевті (1916-1944) білетін бе едік? Иә, білетін едік. Мен 2005 жылы өзім 1970 жылдан бері жинақтап келе жатқан Кіші жүздегі Таз руының шежіресіне орай атыраулық қарындасым (Қисекеңнің қарындасы) Жұмасұлу Нығметтен алғаш рет дерек алған болатынмын, оның Бақсай аудандық және Атырау облыстық комсомол комитеттерінде хатшы болғандығы, Ұлы Отан соғысына аттанып, хабарсыз кеткендігі туралы «Тастүлек. Байсары атасы» атты 2006 жылғы шежіре кітабымда, 2009 жылы жарық көрген «Ақиық-арман» екі томдығының бірінші томында жазған едім, ал екінші томда шағын ғұмырнамасын жария еттім. Қисым ағадан туған жалғыз ұл Камал Мырзағалиев ұзақ жылдар бойы «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамында жұмыс жасап, зейнеткерлікке қалған-ды, бүгінде өзі де, орыс зайыбы да дүниеден озып кетті. Атырау қаласында олардың қызы тұрады, балалы-шағалы.
Бошай ағаның өтінішіне байланысты Қисым ағаның облыстық партиялық мұрағаттағы жеке ісі табылды, ол деректер ағаның абзал досына жолданды да. Біз бұлардан батыр ағаның соғыстан бұрын Семейдегі жұмысшылар факультеті мен Алматыдағы партия-кеңес мектебін тамамдағандығы, бір жылдары облыстық атқару комитетінің нұсқаушысы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болғандығы жайлы қо-сымша деректерге қанықтық. Ал атыраулық «Боздақтар» кітабының екінші томындағы 116-бетте мынадай жазбалар бар екен: «Мырзағалиев Қасым Жұмағазиұлы, капитан. 1914 ж. туған. Әскерге Атырау ҚӘК арқылы шақырылған. 1944 ж. 5 ақпанда майданда қаза болған. Витебск обл., Городок ауд., қалалық зираттың батыс жағындағы 43-қабірге жерленген».
Кітапта «Қасым» деп жазылса да, біз іздеген қаһарман осы болар деп ойлаймыз, себебі оған «Жұмағази» есімі жақындата түскендей, бұл — дұрысындағы «Жұмағазы» — Қисымның әкесі Ахметтің екінші інісі («Ақиық-арман», Бірінші том, 114-бет). Мүмкін, Қисымды Жұмағазының бауырына салған болар ағайындары.
Мұрағаттың хабарына риза болған Бошай ағамыз сол 2010 жылы республикалық «Қазақ» газетінде арыс ағамыз туралы арнайы мақала жариялапты. Біз Бошекеңе қатты разы болдық.
Сонымен, Қисым ағаның қандай ерлікпен қаза болғандығы анықталды. Ол сол өз өмірін қиған, жауға сыр бермеген, сөйтіп, талай мыңдарды мезгілсіз ажалдан, қыршын өлімнен сақтап қалған азаматтығы үшін бірге опат болған жолдастарымен бірге «Кеңес Одағының Батыры» құрметті атағына ұсынылған да екен. Әттең, ол мүмкін болғанда, атыраулық оныншы батыр қалыптасатын еді-ау! Тағы да баяғыша талай-талай тарлан қазақтарымыздың жолын кескен ұлы державалық шовинизм оны болдыртпай тастапты. Осы ретте біз қаһарманымызды атаусыз қалдырмауды, ерлігін қастерлеуді ұсынар едік: осындай елеусіз қалған көп сарбаздармен бірге жерлесіміз Қисым Мырзағалиевқа да «Халық қаһарманы» атағын беруді жоғары органдардан сұрайық. Отаны үшін өзін отқа орағандардың аруақтары риза болсыншы!!!
Аманғали Әміржанұлы,
ҚР Мәдениет қайраткері, Атырау қаласы