ЕСКЕРТКІШТЕР-ЕЛ ЕСІНДЕ

Мұражайдың – кейінгі ұрпақты елжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеуде, жұртшылыққа тарихи-танымдық, ағартушылық қызмет көрсетуде көрсететін қызметі ерекше екені белгілі.
Осыған орай, аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жаза түрі тағайындалған азаматтардың рухани байлығын арттырып, мәдени көзқарасын қалыптастыру мақсатында аудандық тарихи-өлкетану музейінде Халықаралық ескерткіштерді қорғау күніне орай, іс-шара ұйымдастырылды.
Аталған шараға Жамбыл облысы ҚАЖД Байзақ аудандық Пробация қызметі бөлімінің бастығы, әділет капитаны Т.Молдатаев бастаған аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жаза түріне сотталғандар қатыстырылды.
Шара барысында тарихы ғасырлар тереңінен сыр шертетін, ауданның кешегісі мен бүгінгісін айшықтайтын “Археология”, “Даңқ”, “Аудан тарихы”, “Этнография”, “Мәдениет және спорт” залдары таныстырылды. Сонымен қатар аудан орталығы Сарыкемер ауылының басты көшесіндегі «Батырлар аллеясында» ауданнан шыққан 27 Социалистік Еңбек Ерлерінің және Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың, бейбіт күнде ерлік жасаған «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтың өмір жолдарынан ақпарат алды.
Пробациялық бақылау белгіленген азаматтар шарадан жақсы әсер алып, рухани тұрғыдан бір байып, құнды ақпараттармен танысқанын айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.

Айнагүл Мамытбекова,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.