«Ескі қалашықтағылар» көшіріледі
Шымкент қаласының орталығы «Ескі қалашық» деп аталады. Міне, сол «Ескі қалашық» аумағындағы жер астында көне нысандар бар. Бүгінде ондағы жәдігерлерді қазып алу жұмыстары тиянақты жүргізілуде. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында көптен бері өңірдегі тарихи орындардың жағдайымен танысуда. Енді Шымкент қаласындағы «Ескі қалашық» аумағындағы жүргізіліп жатқан археологиялық қазба орнына шаһар басшысымен бірге барды. Сөйтіп, қалашықтағы қазба жұмыстарымен танысты. Археологиялық жұмыстар кезінде көптеген жәдігерлер табылған болатын. Облыс әкімі оларды көріп тағылымды, тарихи байлық екеніне көз жеткізді. Жәдігерлерді құнды дүние ретінде қадірлей білетін өңір басшысы Жансейіт Түймебаев:
– Мынау көріп тұрғандарыңыз — Цитадель. Осының барлығын құртпай, жоғалтпай сақтауымыз қажет қой. Бұл 19 ғасырдың соңындағы суреттер. Бұған енді бір жарым ғасыр өтті, алайда біздің қорғанымыздан түк қалмаған. Ал жалпы тарихта бір жарым ғасыр деген түк емес, ондаған ғасырларға сақтау керек. Сондықтан түптен жойылмай тұрғанда, дер кезінде осыны қолға алып, тиісті жұмыстарды бастап жалғастыруымыз қажет – , деді аймақ басшысы.
Тарихтың тамырынан тәмсіл жасауға сеп болатын аумақты аралап көрген облыс әкімі аталған жұмыстарды тоқтатпауды және табылған жәдігерлерді сол қалпында сақтап қалу үшін қазба аймағын қорғау, қоршауды қала әкіміне нықтап тапсырды.
Бүгінгі таңда «Ескі қалашықтағы» аршып алу жұмыстарымен «Археологиялық сараптама» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Әлі мұндай жұртты таңдандыратын көптеген жаңалықтар туындайтын секілді. Өйткені, қазір мұнда археологиялық қазба жұмыстарының бірінші кезеңі енді ғана басталған.
Сондай-ақ, әкім анықталған тарихы нысандарды есепке ала отырып, қайта қалпына келтіру ісін де қатар жүргізуді айтты. Демек, тарихтың бетін бүтіндеп, келбетін жасау үшін көптеген шаруалар атқарылғалы тұр.
Ал ескі қалашық тарихи-мәдени орын болғандықтан, бұл маңға 50 метрге дейін құрылыс салуға болмайды. Алдағы уақытта «Ескі қалашықтағы» жеке нысандардың жері мемлекет меншігіне қайтарылмақ.
Бұл жұмыстарды тыңғылықты атқаруды облыс әкімі қала басшылығына тапсырды.
Қала әкімдігі тарапынан ескі қала орнының аумағында ашық аспан астындағы музей құру үшін жобалық сметалық құжаттамасын дайындауға 100 млн. теңге бөлінгенін айта кету керек.
Сабыржан БАЙБОСЫНОВ.