Естайдың ұрпағы Голлибудты бағындырды
Голливудтағы World Champions Olympic байқауында бақ сынаған қазақстандық “Бастау” домбырашылар дуэті жеңіске жетті. Өнерпаздар бұл жеңістерін ұлттық Домбыра күніне арнағанын да атап өтті.
Айта кетейік “Бастау” дуэтінің құрамында өнер көрсетіп, алтын медальді алқалағандар – Ернат Наурыз және Темірлан Олжабай. Соңғысы – Павлодар облысының тумасы ақын, әнші, композитор Естай Беркімбаевтың ұрпағы.
– Менің атам Қыздарбек Әміренов – Естайдың інісі, – дейді журналист, ақынның шөбересі Фархат Әміренов. – Темірлан – Қыздарбек ата мен Танкеш әженің үлкен қызының немересі. Темірланның атасының аты – Олжабай Арал. Ол – Екібастұз ауданының бірінші әкімі. 22 жасар Темірланның анасының айтуынша, ол домбыра тартумен 5 жасынан айналысқан. Қазір талантты жігіт Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің 3-курсында оқиды.
World Champions Olympic байқауы осымен 22-рет өтті. Әлемнің ең үздік танымал музыканттарының басын қосқан өнер бәсекесіне биыл 72 елдің өкілдері қатысты.
Айта кетейік, биыл әнші-композиторы, Қазақстан композиторлар одағының алғашқы мүшелерінің бірі Естай Беркімбаевтың 150 жылдығы аталып өтетіні жайлы айта кету керек. Шара 21 шілде күні өзінің туған жері – Екібастұз аймағына қарасты Қаражар ауылынан 5 шақырым жердегі “Әулиекөл” жағасында өтеді. Мерекелік бағдарламаға шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен диалогтық алаң, республикалық аспапты ән фестивалі, спорттық ойындар, бәйге және т.б. енгізілген.
Өз тілшіміз