Естелік ҚЫЗЫЛ БӘТЕҢКЕ
Аудандық газеттің тілшісі ретінде шалғайдағы малшы қыстақтарын аралағаным есіме түсті. Қақаған қыс іші. Аяз жалап тұр. Редакцияның «Уазик» көлігімен шыққанбыз. Шопыр екеуміз ғана…
Отыздар шамасындағы шопан әйелі екеуі бір отар қойға ие болып отыр екен. Тау арасы. Көмекші де жоқ. Әсіресе, әйелі байғұсқа обал ма деп ойладым. Тірсегі-тірсегіне соғылған қылдырықтай ғана келіншек. Ескі керзі етікті сырп-сырп еткізіп, салпылдата басады. Мұз болып қатып қалған маядан шөп суырып, оны әжептәуір жерге жаяудан-жаяу тасып, жаймалап шашты. Алты жүз бастай саулықты жемдеу оңай болмас…
Екеуінің үш-төрт жасар ұлдары бар. Анасының етегіне оратылып ол жүр…
Бір мезгілде автолавка келді. Әйел анау-мынау керек-жарақтан бөлек, ұлына бәтеңке әперген. Қып-қызыл… Ой, осыған баланың есі шығып қуанғаны-ай! Түс ауа барғанбыз. Әңгімелесіп, әйтіп-бүйткенше қас қарайды. Қондық. Таңертең тұрғанда көрдім, әлгі бала екі бәтеңкесін кеудесіне тастай қылып қысып, құшақтап ұйықтапты. Жаным ашыды ма, әлде періште сәбидің қылығына сүйсіндім бе, әйтеуір, бас шайқап, бір мезет толқу сезімін өткергенім анық.
Адамның бақыты үшін көп нәрсе керек емес екен ғой…
Анда-санда сол көрініс ойға оралып қояды.
1988 жыл еді. Қарағанды облысы Теңіз ауданы «Аршаты» совхозына қарасты қыстақ. Ол бала қазір өзі де отыз бестерге келді-ау… Қайда жүр екен…
© Қ.М.