«Естиді деген Үкімет» неге үнсіз?
Отандық сарапшылар: «Президент үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысып сөз сөйлеп, әлеуметтік-экономикалық салада қордаланып қалған көп мәселені қозғады. Бүгіндері «еститін мемлекет» әбден қиналған қарапайым халықтың жанайқайына шынымен де құлақ аса бастаған сияқты. Өйткені, бұрын тек тәуелсіз БАҚ пен оппозиция өкілдері ғана айтуға батылы жетіп жүрген көптеген өткір тезистер президенттің өз аузынан шығып жатыр. Бұрын тыйым салынып келген тақырыптар бүкпесіз айтылды. Дұрыс тенденция! Осы жиын барысында күнделікті пайдаланып жүрген саяси сөздігіміз тағы да екі жаңа сөзбен толықты. Біріншісі – иллюзия. Президент: «Қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Сөйте тұра, орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде. Бұл – иллюзия!» – деді. Күркіреуі күшті, жауары аз үкіметтің ресми есептері мен елдің нақты жағдайының арасы жер мен көктей екенін оппозиция талай жылдан бері айтып келеді. Енді, міне, сол ащы шындыққа президенттің де көзі жеткен екен. Өкінішке қарай, ол үшін үш жыл керек болды. Қаншама уақыт, қаржы, қажыр мен қайрат, мүмкіндік зая кетті десеңізші! Ең бастысы, кескен жерінен қан шықпайтын үкімет қаншама ақшасын үнемдеп қалып, қаншама адам мемлекеттік көмектен құралақан қалды! Біздіңше, өзінің «иллюзия» секілді шындыққа жақындай түскен бағасын президент ендігі жерде қоғам өмірінің басқа да салаларындағы ахуалға бергені жөн. Жоқты бардай, өтірікті шындай көрсетуден біздің шенділер алдына жан салмайды, әбден машықтанып алған. Сондықтан да «иллюзиялық» көзқарас, ақпарат пен есептің формалары мен әдіс-тәсілдері баршылық. Осы жерде
«иллюзиялық» тізбектің өз деңгейлері жайында да айтуға тиіспіз. Ауыл әкімінің иллюзиялық есебін аудан әкімі, оның ақпаратын – қала не облыс әкімі, оның одан сайын зорайтылған мәліметтерін – министр мен үкімет қабылдайды. Ал осы «ұжымдық иллюзияларды» республика бойынша жинақтап ең басты құжатты президент алдына апаратын – премьер. Бір-бірімен жіпсіз байланған олардың көздеген мақсаттары да бір – жаманды жасырып, жақсыны асырып, өз жұмысын оң етіп көрсету. Егер де осы тұрақты тізбектің ішіндегі біреуі өтірік қоспай, шындықты жаза қойса, мемлекеттік деңгейдегі иллюзияның күл-талқаны шығар еді. Бірақ, олайша елден ерекшеленсең, «ақ қарға» саналып, таяқ жейтінің де рас. Айтпақшы, осы иллюзияны басты таратушы әрі насихатаушы, санаға сіңдіруші – мемлекеттік БАҚ жүйесі. Сондықтан болар, олардың ақпаратына да ел сенімі жоқ. Бүгінде қоғам балама БАҚ пен әлеуметтік желілердегі шынайы фактілер мен көрсеткіштерге иланады (әрине, ондай материалдар ішінен әртүрлі фейктер де табылып жатады, оны да мойындау керек, бірақ қоғам біртіндеп ақ пен қараны ажыратуды үйреніп келеді). Бізге салса, Президент те өзіне тікелей қатысты иллюзиядан құтылуы қажет дер едік. Яғни, ол «мен бастаған реформаларды барша қазақстандықтар тайлы-тұяғы қалмастан қолдап жатыр, қолдайды да» деген алдамшы ойдың құрбаны болмауы тиіс. Қоғамның өзі әртүрлі топтардан тұрады: оңшыл мен солшыл, центристер, эволюционер мен революционерлер, либералдар мен консерваторлар дегендей. Идеологиялық, стратегиялық және тактикалық ұстанымдары әртүрлі, керек десеңіз, бір-біріне мүлдем кереғар топтардың бәрінің көңілінен шығу әсте мүмкін емес. Соның ішінде, президент кабинетіне күліп кіріп, күңіреніп шығатын кейбір тұлғаларға қатысты иллюзиядан да арылуы тиіс. Оны президенттің өзі түсіне бастаған да сияқты. Өйткені, осы отырыста «саботаж» деген ерекше астары бар терминді қолданды. Меніңше, бұл ауыр сөзді президент әбден түңіліп, басқа амалы қалмағаннан айтқан сынды. «Қайталап айтамын» деп өткен жолы берген тапсырмалары туралы шенділергі тағы да құлаққағыс етуі – мемлекеттік басқару жүйесінде үлкен іркіліс, үлкен дағдарыс бар деген сөз. Ондай мемлекет алысқа бармайды! Саботаж, сөзсіз, Тоқаев қолға алып жатқан жаңа бастамаларға разы емес топтар тарапынан болып жатыр. Оның себебі – біздің билік жүйесінің жасақталуының құбыжық моделінде екендігі. Яғни, бізде үкімет пен әкімдер құрамы әртүрлі кландар өкілдерінен тұрады. 5-і қаңтарға дейін қағанағы қарқ, сағанағы сарқ боп келген, ал бүгінде Тоқаевтан таяқ жеп жатқан топтардың бір бармағы бүгулі, жұдырығы түюлі екені айтпаса да түсінікті. Олардың биліктегі эмиссарлары да сол күйге сәйкес жұмыс істейтіні де белгілі. Саботаж емей, не енді бұл? Оның үстіне, бізде классикалық үлгідегі «бір команда» деген жоқ: әрқайсысының маңдайында «анау министр – пәленшенің, мынау әкім – түгеншенің адамы» деген таңба бар жерде, бір бағдарлама, бір идея, бір лидер төңірегінде топтасу деген болмайды да! Тапсырмалардың дер кезінде орындалмауының тағы бір себебі бар. Ол – кәдімгі сауатсыздық, біліксіздік, тәжірибенің жоқтығы. Бізде кадр саясаты қалай жүзеге асатыны белгілі ғой: тамыр-таныстық, құда-жекжаттық, «ағашкизм», протекционизм, трайбализм, тіпті ол болмаса, сыныптастық. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда отырған жастардың дені – осы қарым-қатынастардың арқасында карьера жасаған, реформаның иісі мұрнына бармайтын «мажорлар» екені де жасырын емес. Олай болса, Гегель мен Бабельді қайдам, Карнеги мен Паркинсонды оқымаған олар қалайша реформашыл болады?! Біздіңше, президент осы жағын да ескеруі тиіс! Бір нәрсені байқадыңыз ба? Шешуші сәттерде, кейбір қиын, екіұдай, қоғамның бір бөлігі қабылдамай жатқан бастамаларға қатысты өкімет көзқарасын министрлер емес, президенттің өзі білдіріп жатыр. Қазіргі биліктің басты спикері – президент. Қалғандары қайда?! Министрлер жауапкершіліктен қашатын сияқты. Әлде олар осы күнге дейін әліптің артын бағып отыр ма? Және де ертеңгі күні «бұл менің ұсынысым емес еді, оны президент тапсырған соң, орындауға мәжбүр болдым» деп ақталу үшін үнсіз қалып отырған сияқты. Бір сөзбен айтқанда – «естігісі келетін мемлекеттің үндемей құтылғысы келетін үкіметі». Жә, үкіметтегі саботажды күштеу әдістері арқылы президент еңсере алар. Оған барлық бюрократиялық, саяси мүкіндіктері бар. Саботаждың
көкесі – қоғам тарапынан болуы ықтимал саботаж. Егер де президент өзіне сыни пікір айтса да, мемлекеттік, ұлттық мүддені көздеген қоғамдық күштердің қолдауына ие болмаса, ешқандай да реформа баянды болмайды! Ол үшін билік пен қоғам арасында тең деңгейдегі әрі толыққанды диалог ұйымдастырылуы қажет. Сонда ғана иллюзиялардан арылып, саботаждардан сақтана аламыз!»,— дейді. Айтса айтқандай-ақ бар, өте орынды айтылған сын. Тек енді содан қорытынды шығарылса деңіз…