Ет экспортын арттыруға бағытталған ауқымды бастама  

 

   Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ет экспортының әлеуетін арттыруды тапсырғаны белгілі. Бұл әрине ең бірінші облыс экономикасына серпін әкелетіні анық. Сондықтан Жамбыл облысында бұл бағытқа бағытталған жұмыстар ұшан теңіз.  

Шынтуайтында ауылдық жердегі заманауи қасапхана жұмысының қараша халыққа берер пайдасы шаш етектен. Себебі, төрт түлік бағып, нәпақасын осы кәсіптен тапқан ауылдағы шаруа өндірген өнімін еш қиналмастан осында өткізіп, тірлігін тындырып жатады. Осының арқасында тұрғындардың аталмыш бағыттағы жұмысы айтарлықтай жеңілдеп, етті өткізу мәселесі біршама шешімін табады.

Екі жылға жуық уақыт Қордай ауылында табысты жұмыс істеп жатқан «Первомайские деликатесы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты қасапхананың әлеуеті жылдан жылға артып келеді. Толықтай заманауи және озық технологиялармен жабдықталған мал сою алаңында ірі қара мен ұсақ мал сою жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Бұл жерде сойылған мал толық циклді бастапқы өңдеуден өтіп, тұтынушыға жөнелтіледі. Айта кетерлігі, заманауи технологиялардың арқасында қалдықсыз өндіріс әдісі қолға алынған. Яғни, сойылған түліктің әр бөлшегі қажетке жаратылады. Ал, бұл іске қойылған талаптар өте қатаң. Қасапхана ішіндегі мінсіз

тазалықтан бастап, малды бауыздау, оны бөлшектеу сынды жұмыстар халықаралық стандарттарға сай жүргізілуде. Сонымен қатар, ислам қағидаттары да сақталады, яғни бұл жерден шыққан ет «халал» стандартына сай келеді.

Негізінен Қазақстан бойынша өткізілетін ет, жақында шетелдерге де экспорттала бастады. Серіктестік ет экспорттаушы компаниялармен келісімшартқа отырып, мал еті Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері сынды Азия елдеріне жіберіледі.

— Біздің қасапханада айына шамамен 25 тонна ірі қара, 10-12 тонна ұсақ мал еті өндіріледі. Ал, бір ауысымда 80 бас ірі қара мен 300 бас ұсақ мал соятын мүмкіндігі бар. Еуропалық қондырғылардың көмегімен мал еті тапсырысқа сай, тұтас болмаса бөлшектеліп, вакуумдық қаптамаға оралып жіберіледі. Сонымен қатар, тапсырыс беруші мұздатылған және басқа да күйдегі етті талап ете алады. Қасапханада кез келген тапсырысты орындау мүмкіндіктері қарастырылған, – дейді бас инженер Александр Баханцов.

Әлемдік талаптарға сай салынған бұл нысан өңіріміздегі бірегей жоба саналады. Алдағы уақытта аудан, қала берді облыс әлеуетін арттыруға септігін тигізетініне үміт көп.

 

Дедек Төлен