Ет экспортының әлеуеті артуда
Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында соңғы кездері ет өндіруге ерекше көңіл бөлініп келеді. Оған «Сапа – 2002» серіктестігі құны 275 миллион теңге болатын мал бордақылау кешенінің құрылысын жүргізіп жатқаны дәлел бола алады. Мұнда салмағы 90-95 келі тартатын қазақтың асыл тұқымды қылшық жүнді құйрықты қойы мен меринос қойы өсірілуде. Серіктестік басшысы Нұржан Әшіров құны 275 миллион теңге болатын мал бордақылау кешенінің құрылысы жүріп жатқанын айтады. Қазірдің өзінде онда 4,5 мың қой бордақылануда екен. Алдағы уақытта жылына бір мың тонна жоғары сапалы қой етін өндіруді мақсат етіп отырған шаруашылық жоба толық аяқталса, бұл кешенде бір мезгілде 10 мың қойды бордақылауға мүмкіндік туатынын айтады. Сондай-ақ, мұндағы қозы етіне ирандықтар мен арабтар қызығушылық танытса, семіз қойларға Өзбекстан елінен сұраныс бар көрінеді. Мемлекеттік қолдаулар нәтижесінде жаңа техникаларға қол жеткізіп, кәсібін барынша өркендетуге күш салған шаруашылық иесі жұмыспен 120 адамды қамтып отырғанына тоқталды.
Бүгінде малды тірілей сатқаннан оны терең өңдеп өткізген дұрыс. Бұл туралы Қазығұрт ауданына жасаған сапары кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев та мәлімедеген болатын.
Нұр МЕКЕН,