ЭТНОС ӨКІЛДЕРІНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҮЙРЕТУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, ҚХА хатшылығының меңгерушісі Нұрсұлтан Сейтжанов модераторлық етті.
Келелі кеңеске Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшылығы, облыстық ҚХА жанындағы этномәдени бірлестік өкілдері және аудан, қалалардағы аралас мектеп мұғалімдері, аудан, қалалардағы тіл оқыту орталықтарында қазақ тілін үйрететін оқытушылар және этнос жастары қатысты.
Басқосуда Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Дайындық орталығы қазақ, орыс тілдері бөлімінің басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ақбота Мырзаханова, облыстық білім басқармасы оқу бөлімінің бас маманы Зүбайра Алтаева өңірде этностар арасында мемлекеттік тілді насихаттау және дәріптеу бағытында сөз қозғап, тілді үйренудің тиімді жолдарын түсіндірді.
Сала мамандары жиында барлық салада іс-қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізу арқылы грамматикалық сауаттылықты арттыруға жол ашылатындығын атап өтті. Түркістан облыстық мәдениет басқармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы Гүлмира Исатайдың айтуынша, өңірдің барлық аудан, қалаларында Мәдениет басқармасына қарасты тіл орталықтары жұмыс істейді. Өткен жылы осы курстарға 4 мыңға жуық адам қамтылды.
Жиында атап өтілгендей, қазіргі таңда Түркістан облысындағы Ассамблея құрылымдарының ұйытқы болуымен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретін іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінде «Достық үйінде» жексенбілік мектеп ашылған. Жалпы қазіргі таңда облыстағы этнос өкілдерінің 92 пайызы қазақ тілін жетік біледі.
Іс-шарада сөз алған «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева: «Мемлекеттік тілді меңгеру – Отанға, елге деген құрметтің белгісі әрі барлығымызды біріктіре түседі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында «Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз», деді. Сондықтан мемлекеттік тілді үйрену, оның қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосу – азаматтық парыз» дей келе, этнос өкілдерін мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, күнделікті қатынас құралы ретінде қолдануға шақырды.
«Дөңгелек үстел» барысында қатысушылар мемлекеттік тілді ілгерілету бойынша ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі