«Eurasian Book Fair-2016» көрмесі: марапатқа ие болған 25 қаламгер және халықаралық семинар
Кітап көрме-жәрмеңкесі Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдыстырылуда. Бұл мәдени-ағартушылық мақсаттағы іс-шара ауқымды зияткерлік ортада ТМД, Еуропа және Азия мемлекеттері баспаларының, кітап саудасымен айналысатын және ғылыми, білім беру мекемелерінің, сондай-ақ полиграфиялық компанияларының басын қосуды көздеп отыр. Кітап көрмесіне таяу және алыс шетелдердің 20 елінен, оның ішінде Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қытай, Германия және т.б. елдерден 80-нен астам компания қатысуда. Мемлекеттік хатшы халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесін аралау барысында жұртшылық назарына ұсынылған кітаптар экспозициясымен танысып, көрменің Франкфурт, Мәскеу, Бейжің сияқты қалалардағы ірі кітап көрме-жәрмеңкелері деңгейіне көтерілуіне тілектестік білдірді.
Сонымен қатар, көрме аясында Қазақстанның шығармашылық зиялыларының «Тәуелсіздік. Әдебиет. Қаламгер» атты республикалық форумы өтті. Оған елімізге белгілі ақын-жазушылар қатысып, қазіргі қоғамдағы әдебиеттің рөлі мен орны сөз болды. Сондай-ақ, оқырмандардың да деңгейі талқыға түсіп, олардың сүйікті қаламгерлері кімдер деген сұраққа жауап іздеді. Сөйтіп, 3-7 қараша аралығында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Фейсбуктегі парақшасында ұйымдастырылған байқаудың нәтижесі көпшілік алдында жария болды. Онлайн дауыс беру арқылы желі қолданушылары «Үздік жазушы», «Үздік ақын», «Үздік балалар жазушысы», «Үздік балалар ақыны» және «Үздік драматург» номинациялары бойынша барлығы 25 қаламгерді таңдаған. Олардың қатарында белгілі зиялы қауым өкілдері Әкім Тарази, Мырзатай Жолдасбеков, Сәбит Досанов, Дулат Исабеков, Толымбек Әбдірайымұлы, Арасанбай Естенов, Тұрсын Жұртбай, Рақымжан Отарбаев, Қасымхан Бегманов және оқырманы көп, елімізге кеңінен танымал Қалқаман Сарин мен Алмас Темірбай да бар.
Марапат иелерінің қатарынан өзінің есімі айтылғанда таңғала сахнаға көтерілген абайтанушы, алаштанушы-ғалым Тұрсын Жұртбай:
-Мен марапаттайтын шығармын десем, керісінше оны маған ұсынып жатыр екенсіздер, көп рахмет. Қаламым түскенше қазағыма қызмет етіп өтемін!,-деп қысқа қайырды.
Ел Тәуелсіздігінің қарсаңында оқырмандар үздік деп таныған 25 қаламгерден бөлек «Оқырман қалауы» номинациясы бойынша Қабдеш Жұмаділов, Серік Тұрғынбекұлы, Несіпбек Айт, Дәулеткерей Кәпұлы сынды қара сөз бен өлең шеберлері марапатталып, жұрт алдында бір жасап қалды.
Одан кейін ел назары Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) «Түркітанудағы аударма ісінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ашық семинарына ауды.
Академия басшысы Дархан Қыдырәлінің жүргізуімен өткен алқалы жиынға Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Рашад Маммадов, Венгрияның Қазақстандағы елшісі Андраш Барани, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы елшілігінің І хатшысы Чолпонай Аджиматова, Моңғолияның Қазақстандағы елшісінің кеңесшісі Баатарчулуун Лхагва сынды дипломаттар, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Абзал Сапарбекұлы, Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Жандос Асанов, сондай-ақ түркі халықтарының ежелгі ескі мұраларын қазіргі тілімізге аударған белгілі түркологтар, әдеби шығармаларды аударып насихаттаған кәсіби аудармашылар, аударма теориясын зерттеуші ғалымдар қатысты.
Семинардың алғашқы бөлімінде көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков «Түркі мұрасынының тәржімалары: тәжірибе және тағылым», Н.Назарбаев университетінің профессоры, түрколог Юлай Шамильоғлы «Түркі тілдерінің қазіргі әлемдік аударма өнеріндегі орны мен мүмкіндігі», сондай-ақ Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Жандос Асанов «Аударма – түркі халықтарының рухани бірлігінің алтын көпірі» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасады.
Сонымен қатар, белгілі философ ғалым Ғарифолла Есім, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жалпы тіл білімі және аударма теориясы кафедрасының меңгерушісі Серікгүл Сәтенова мен түркітанушы Нәпіл Базылхан да аударма ісі жөнінде пайымды пікірлерін ортаға салды. Қатысушылар аударманың түркі әлемін тұтастырудағы рөлі, көне түркі мұрасы және ғылыми аударма мен аудармашы мамандар дайындаудағы өзекті мәселелерді талқылап, өзара пікір жарыстырды.
Бұдан бөлек, семинар барысында TWESCO тарапынан әзірленген, Түркі әлемі аударма ісіне маңызды қызмет ететін екі ғылыми басылымның тұсаукесер рәсімі өтті. Осылайша Академия түркітанудағы іргелі еңбек саналатын «Древнетюркский словарь» («Көне түркі сөздігі» мен қырғыз ғалымдары К.Конкобаев. Н.Усеев, К.Шабданалиевтің авторлығымен жарық көрген «Атлас древнетюркских письменных памятников республики Алтай» («Алтай республикасының көне түркі жазба ескерткіштерінің атласы» кітаптарын көпшілікке таныстырды. Аталған басылымдар кәсіби түркітанушылар және көне түркілердің мәдениеті, тілі мен тарихына қызығатын жалпы оқырман қауымға арналған.
Келесі ретте Академия басшысы Түркі әлемі аударма ісіне ерекше еңбек сіңірген тұлғаларды марапаттады. Атап айтсақ, «Түркі әлемі ақын-жазушыларын насихаттау мен аударуға үлес қосқаны үшін» түркиялық жазушы, көркем сөз шебері Зафер Кибар және көрнекті түркітанушы ғалым Сейсенбай Құдасов «Көне армян-қыпшақ мұрасын зерттеп, тәржіма ісіне қызмет еткені үшін» TWESCO Алғыс хаттарына ие болды.
Айта кету керек, бүгін тұсауы кесілген кітаптар мен Академия әзірлеген өзге басылымдар 11-ші қарашаға дейін жалғасатын халықаралық кітап көрмесінде ұсынылып отыр. Түркі академиясының кітапхана қорындағы құнды еңбектермен де TWESCO павильонынан танысуға болады.
«ЕлАна»
Көрме суреттерінің авторы — Ержан Жаубай