ЕВРЕЙ ТӘРБИЕСІНІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ — БАЛАСЫНА ӨЗІН АРНАЙТЫН АНАДА!
1. Еврей анасы баласына ешқашан: «сен жамансың, ақымақсың»,-деп айтпайды, есесіне «осындай жақсы бала неліктен мұндай жайсыз қылық жасады екен, бұл өте ыңғайсыз нәрсе болды ғой»,-деп ғана айтады. Қателік жасау, тәртіп бұзу деген дүниелер балаларда болуы тиіс әдеттегі жағдай деп көреді. Өйткені балалар бұл өмірде бұрын өмір сүріп көрмеген және барлық нәрсені жаңадан үйренуде.
Балаларды істеген ісінің бәрін сынап-мінеу жақсылыққа әкелмейді, керісінше жағдайды қиындатады. Демек, бала әрқашан жақсы бала, бірақ оның істеген ісі пайдасыз, жаман, теріс болуы мүмкін. Тәрбиенің маңыздылығы дәл осының себептерін табу мен түсіндіруде. Басқаша айтқанда, баланың өзін емес, баланың іс-әрекетіне назар аударған жөн.
2. Еврейлер өте үйжанды. Балалары қатысқан әртүрлі жарыстар, іс-шараларды әке-шешесі, ата-әжесі түгелдей барып көреді. Бала жарысқа қатысып ең соңы болып келсе де: «Иә, бұл шапшаң жүгіретін бала — біздің баламыз. Тез жүгіретін әдемі аяқтарын қараңызшы. Менде кішкентай кезімде осылай ақырын жүгіріп бастап, жылдамдығымды біртіндеп арттырып, ең жылдам жүгіретін оқушы болған едім. Менің ұлым дәл әкесіне ұқсайды екен»,-деп айтады.
Музыка сабағын жаңа үйреніп жүрген кішкентай қыз скрипкасын шиқылдатып алса да, әжесі орнынан тұрып, қол шапақтап, құрметпен қошемет көрсетіп: «Дыбыстың өңін дәл тапты, қандай талантты еді. Менің алдымда болашақ атақты Ростропов тұр ғой!»,-дейді. Осылайша, әр бала болашақ атақты Абрамович, Аршавин және Билл Гейтске айналады және осы сеніммен өскен баланың мақсатына жетуге деген құлшынысы зор болады.
Анасы баласының жетістіктері мен сәтсіздіктері, жығылғаны мен тұрғаны… барлық сәттерінде жанында болуы керек деген қағида бәріне ортақ. Бірақ бұл сізге балаңыз үшін бәрін жасау керек дегенді білдірмейді. Бала бәрін өзі жасайды. Анасы қолдайды. Анасы жанында болған кезде бала мықты, ынталы-жігерлі және өзіне сенімді, қандай-да бір жасырын сиқырлы күш көмек жасағандай бәрін жасай алады.
3. Еврей аналар бала тәрбиесінде қарама-қарсы екі принципті қатар қолданады. Олар баласына ең жоғарғы еркіндік пен ең жоғары талапты қатар ұсынады. Бала мектеп пен үйде атқаруға тиіс барлық ісін жауапкершілікпен орындағанда ғана басқа еркіндіктерді пайдалана алатынын түсінеді.
Мұны қарапайым түсіндрсек, қатты қабырғалы мен мықты құлыптары бар үлкен де кең бөлме ретінде елестетуге болады. Балаға көп нәрсеге еркіндік беріледі, ұсақ-түйек нәрселер үшін ұрсып, сынамау және шығармашылық ойын дамыту үшін тәжірибе жасауына кедергі келтірмейді. Мысалы, музыканы қатты ойнату, тұсқағазға сурет салу, алдында тұрған объектілерге ғылыми тәжірибе жасау т.с.с барлығына бала еркін бара алады.
Осы үлкен еркіндікке қосымша тыйым салынған немесе міндетті болып табылатын нәрселер де бар. Мысалы, қарттарды құрметтеу, сәлем беру, мектебіне, ұстаздарына құрметпен және жауапкершілікпен қарау, денсаулығына мұқият болу, гигиенаны сақтау, айналасына кедергі жасамау және адал болу. Оларды қайткенде орындап дағдылану керек деп көреді.
4. Баланы дұрыс уақытында, дұрыс мадақтау принципі. Осы арқылы кішкентай жетістіктерін жігерлендіріп, келесі жетістікке жету баспалдағы ретінде пайдаланады. Бұл баланы өзіне және өз күшіне сенімді етіп тәрбиелеудің ең тиімді әдісі. Бала «мен мұны жасағанда, келесісін де жасай аламын»,- деген сенімде болады.
Баланы тек өзін-өзіне мақтап қана қоймай, сонымен бірге достарының, таныстары және туыстарының алдында жасаған жақсылықтары мен жетістіктеріне мақтанады. Баланың көзінше, және ол еститін ортада мақтанышпен сөйлеу балаға көп жұмыс істеуге және табысқа жетуге үлкен мотивация береді.
5. Жақсы немесе жаман мінез-құлқы үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алу қағидасы еврей отбасының ата-ана болу стилінде үлкен рөл атқарады. Бір нәрсені балаға бірнеше рет қайталаудың қажеті жоқ, бірақ өзі денелей үлгі көрсету өте жақсы әсер етеді.
Ата-ананың бір ғана дұрыс емес үлгісі, дұрыс емес мінез-құлқы, немесе дұрыс емес сөзі мен әрекеті балаға берген мың жақсы кеңестің нәтижесін бір сәтте жоюы мүмкін. Сіздің жасаған әрекетіңізді көрген бала оны бірден қайталайды. Сондықтан сіз балаңыз жоқ кезде де байқаусыз теріс әрекет жасамай үлгі бола алсаңыз ғана ештеңеге алаңдамай еркін бола аласыз.
6. Бала тәрбиесінің негізі отбасы тәрбиесімен қаланады. Іргетас неғұрлым берік және жақсырақ болса, соғұрлым нәтиже жақсарады. Ата-ананың өнегесі мен тәрбиесі болашақ балаңыздың отбасында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Егер сіз балаңыздың бақытты отбасы болуын, және жақсы өмір сүруін қаласаңыз, сіз өзіңіз бақытты өмір сүруіңіз керек.
Отбасы сүйіспеншілікке, сенім мен құрметке негізделеді. Бала ата-анасын алдымен бір-бірін сүйетін, бақытты жұп ретінде, содан кейін балаларын сүйетін ата-ана ретінде қабылдауы маңызды. Еврейлер отбасы балаларын сәби кезінен бастап болашақ жақсы ата-ана болуына баса назар аударады. Тәрбиенің бұл әдісі балалардың ойын- сауықтарына да енгізілген.
Олар отбасын алып жүру, ата-анасына қамқор болу, балаларын тәрбиелеу дегенді ауыртпалық пен жауапкершілік деп емес, бұл адам өмірінің мәні, бақыттың кілті деп үйретеді. Балалар өсіп, отбасын құрған кезде оларға отбасылық қатынастардың қыр-сырын таныстырып, мәселені қалай шешуге болатынына дейін үйретеді.
«Әйел», «күйеу», «ана» немесе «әке» болу дегеніміз мамандық игеруден бұрын үйренетін негізгі «кәсіп» екендігін барлығы біледі. Ата-ана болуға дайындау сабақтары мен курстары синагогада және еврейердің білім алу бағдарламасында міндетті пән болып есептеледі.
7. Балалар көп уақытын мектепте өткізеді. Себебі балалар тіл, әдебиет, есеп, химия, физика, география сияқты негізгі пәндерден басқа дене шынықтыру, спорт, шет тілдері, музыка секілді физикалық және эстетикалық пәндерді де меңгеруі керек. Білім өмірдегі сәттіліктің негізі және кілті болып саналады.
Еврей балаларының бос уақыты жоқ сияқты көрінуі мүмкін, бірақ олар істеп жатқан нәрселерін ауыртпалық деп көрмейді және оны қарапайым өмір салтына айналдырып, одан ләззат ала алатындығы негізгі білім берудің басты маңыздылығы болып табылады. Мұндайға өте кішкентай кезінен бейімделетіндіктен, олар үшін бұл күнделікті нәрсе, баланың организмі, ақыл-ойы оған дайын, сондықтан ешбір жалықпайды, есесіне қуанышты, бақытты өмірдің бастамасы ретінде арманын орындап, өздері қалағандай өмір сүруіне үлкен күш-қуат береді.
Егде жастағы бір адам: «Анам әрдайым менімен бірге болып, қолдап-қолпаштап отыратын. Қазір ол басқа дүниеде болса да, мен барлық қайғы мен қуанышта анамның менімен бірге екенін сезінемін. Анамның жанымда екенін сезіну өте жағымды»,-депті. Сондықтан олардың тәрбиесінің қайнар көзі — баласына өзін арнайтын ана деуге болады.
Amantay Toyshybayuly фейсбуук парақшасынан алынды.