«Езге атылдым, жебесі боп намыстың»
Ол кезде 14 жастағы баламыз. Сарысу ауданын дүр сілкіндірген қайғылы оқиға 50 жылға жуық уақыт өтсе де күні бүгінгідей көз алдымда. «Артығали Ыбыраевты Жамбыл қаласындағы «Тараз» қонақ үйінің алдында әлдебіреулер өлтіріп кетіпті» деген суық хабар ел-жұртты есеңгіретіп тастағандай. Байқадамдағы қара шаңыраққа «Ой, бауырымдап» ағылған елде есеп болған жоқ. Қайғылы қазаға жанары жасқа толмаған бір жан қалмады-ау! Артығали ақынның інісі Рысбек досымыздың қайғысын бөліскен болып, өзіміз де бүкіл сыныптастар түгелдей екі көзге ерік бердік. Мектепте жүргенде- ақ қазақ өлеңіне олжа салған аса талантты ақын, көркем жігіттің жанын кім, қалай ғана қиды екен, деп әркімнің ойы он саққа кеткен…
– Артығали 1953 жылы 28 қазанда Сарысу ауданының Байқадам ауылында дүние есігін ашты. Жастайынан оқуға зерек болды, көп ізденді. Ерте есейіп, өлең өлкесінде қабілет-дарынын ерте танытты. 1970 жылы Байқадам орта мектебін үздік аяқтап, Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түседі. Өкінішке қарай, ғұмыры тым қысқа болды. 1974 жылы 4 сәуірде 21 жасына қараған шағында Тараз қаласында суық қолды қасқөйлердің қолынан қаза тапты. Артында аз ғана мұрасы – 30 шақты өлеңі мен аңызға айналған аты қалды. Ол өлеңдер ағамның бозбала шағында мектеп қабырғасында жүргенде жазған өлеңдері. Алматыда студент кезінде жазған өлеңдері қайтыс болғаннан кейін ізім-қайым жоғалып кетті. Сұрау салып іздестіріп көрдік, табылмады.
Жас ақынның талантын республика көлемінде алғаш танытқан «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алаш» газеті болды. Оның қабілет-қарымын жазбай таныған жастар басылымы балауса жырларын жариялап, сәт-сапар тілеп отырды. 17 жасында осы газетте жарияланған «Соқпақ соңы» атты өлеңі арқылы талантты ақын екенін таныта білді. Мұндай жыр-өлеңді өзінің дарын-қабілетінде, болашағына нық сенген үлкен талант иесі ғана тудырса керек. Артығали дарын иесі болумен қатар, мінезді еді.
Тұлпар – өмір,
Жалыңа ерте жабыстым.
Тіршілікпен,
Тізе қағып таныстым.
Езге атылдым,
Жебесі боп намыстың, –
деп өзі жырлағандай, жас та болса жалғандық, жағымпаздыққа жаны қас, өр мінезді еді, – дейді тетелес інісі Рысқали Ыбыраев.
Артығалидың талантына тәнті болып, жырларының жарыққа шығуына белгілі сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың еңбегі зор. Артығалидың біршама өлеңдерін 1978 жылы жарық көрген «Бастау» жинағына ендірді. 1984 жылы «Жалын» баспасынан «Бәйшешек» атты жеке кітабын шығаруға қол жеткізді. Біраз өлеңдері қаламгер Қали Сәрсенбайдың қолдауымен сексенінші жылдардың аяғында «Социалистік Қазақстан», бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Белгілі ақын Есенбай Дүйсенбаевтың құрастыруымен 1997 жылы «Жазушы» баспасынан «Арманда кеткен ақындар» атты жинақ жарық көрді. Бұл кітапқа да Артығалидың біраз жырлары енді.
2001 жылы Үкiметтiң арнайы қаулысымен «100 кiтап» сериясы бойынша жарық көрген «Қос қанат» кiтабында Артығалидың өлеңдерi бүгінде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулеттiң ұсынысымен жарияланды. Сол жылы әдебиетіміздің қара шаңырағы – «Жұлдыз» журналдың бас редакторы, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин, журналдың сол кездегі қызметкерлері, белгілі ақындар Несіпбек Айтов және Ғалым Жайлыбай бас болып, жас ақындардың арасында ақын Артығали Ыбыраев атындағы «Жыр мүшәйрасын» өткізді. Мүшәйраға республикамыздың түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелден жас таланттар қатысты.
Артығалидың жерлес інісі, талантты ақын Маралтай Райымбекұлының бастамасымен, «Қазақ әдебиетін қолдау қорының» демеушілігімен 2008 жылы «ҚазАқпарат» баспасынан Артығалидың «Бiр қыз туралы баллада» атты жеке өлеңдер жинағы жарыққа шықты.
Тараз қаласының тұрғыны, композитор Қалия Орманова Артығалидың «Далам менің», «Соқпақ соңы», «Орамал», «Ана», «Көзімнің алды көрініс», «Үміт», «Тамшылар» атты өлеңдеріне, Астана қаласының тұрғыны, әуесқой композитор Ерсайын Нарымбаев Артығалидың «Қаршыға» атты өлеңіне ән жазды, олар танымал әншілердің орындауларында кеңінен шырқалып жүр.
Ақын Артығалидың бірнеше өлеңін белгілі ақын, аудармашы, Қазақстан әдебиетші-аудармашылар қоғамының басшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайрат Бақбергенов орыс тіліне аударды. Ол өлеңдер Мәскеу қаласынан шығатын «Юность» әдеби-көркемдік және қоғамдық-саяси журналының 2013 жылы №9 нөмеріне жарияланып, Ресейдің жырсүйер қауымының жоғары бағасын алды.
2000 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен республика көлемінде ақын Артығали Ыбыраевты еске алу кештерi үнемi өткiзiлiп тұрады. Сонымен бірге облыс, ауданда да осындай игі шаралар өткізіліп келеді. Тағы бір сарысулық жерлесіміз, жезтаңдай, күміс көмей әнші Сәуле Жанпейісова облыстық филармонияны басқаруға келген кезде Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Жатсынба мені, жас ғұмыр» атты өмірден өткен бір топ жамбылдық талантты ақындарды еске алуға арналған әдеби-сазды кеш өткізді. Сонда ғой, 21 жаста қаскөйлер қолынан мерт болған Артығали мен 31 жасында қыршын кеткен Бауыржан Үсенов бейнесі экранға шыға келгенде кең залға лық толған халық тебіреніп кетіп, екі көзге ерік бергені. Бұл жамбылдық жырсүйер қауымның өлмес өлеңмен қатар, асқан сұлулықты сағынуы еді, қос талантты аңсаудан туған көз жасы еді…
Ақынның туып-өскен жерінде есiмiн ел есінде қалдыру мақсатында Сарысу ауданының орталығы – Жаңатас қаласының орталық көшелерiнiң бiрi ақын Артығалидың атымен аталды. Осы игі іске бастамашы болғандар – сол жылдары Сарысу ауданының әкімі болған Болат Мәдікенов, аудандық білім бөлімін басқарған Мейрамбек Есмаханов, аудандық «Сарысу» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов сынды ел азаматтары еді. Ал, Артығалидың өзi оқыған Байқадам орта мектебiнде «Артығали бұрышы» ашылып, оны еске алу мақсатында әдеби кештер ұйымдастырылып тұрады. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, аудандық орталық кітапхана ұжымдары да Артығали Ыбыраевты еске алуға арналған әдеби- сазды жыр кештерін жүйелі түрде өткізіп келеді. Артығали – өлең өлкесінде шоқ жұлдыздай жарқ етіп, ерте сөнген құбылыс. Оның артында қалған аз ғана мұрасы әдеби ортада ерекше ықыласпен аталады.
…1990 жылы 26 маусым күні Қаратау қаласында Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің аудандық, қалалық радиохабарлары редакциялары жауапты редакторларының семинары өтті. Оған Қазақ КСР Телерадио комитетінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Сағат Әшімбаев қатысты. Ақын-жазушыларға, журналистерге үлкен құрметпен қарайтын қазақ әдебиетінің көрнекті сыншысы, төрағамыз үзіліс кезінде фойэде кофе ішіп тұрған біздермен емен-жарқын әңгімелесті. Әрқайсымызбен жеке-жеке танысып, қайда оқығанымызды, қашан бітіргенімізді, қандай облыстан, қай ауданнан келгенімізге дейін сұрап жатыр.
«Амангелді, сен Сарысу ауданынан болсаң, Байқадамдағы Артығалидың үйін білетін шығарсың, ертең бізді сонда апарсаң қалай болады? Артығалиға және ата-анасының рухына тағзым етейік» деді. Облыстағы басшым Әбжан Жақсыбеков «Сәке, апарамыз, бұл жігіт жол бастайды» деп жатыр. Түстен кейін мені семинардан босатты да «Жолай Жаңатасқа, редакцияға соғамыз, Сарысу ауданының басшыларына ескертіп қоярсың» деді. Айтқандай, ертеңіне жұмыс орнымда аудандық кеңестің төрағасы Еркінбек Солтыбаев және аудандық атқару комитетінің жауапты қызметкері Жұмабек Сақыпбеков үшеуміз республикадағы, облыстағы басшыларымды күтіп алып, қалалық радионың жұмысымен танысқан соң, Байқадамға Артығалидың үйіне бастап бардым. Үлкен үйге ие болып қалған Артығалидың інісі Рысбек (марқұм) әлдебір жаққа шығып кетіпті. Үй жабық. Сағат Әшімбаев құдықтан су тартқызып ішті де, ақын інісінің рухына іштей дұға жасап, бетін сипады, бәріміз де қол жайдық… Көрнекті сыншы, Қазақстанның телерадиосын басқарған үлкен кісінің 100 километр жердегі Қаратаудан Байқадам ауылына арнайы келіп, қазақтың талантты ақыны шыққан шаңырақта дұға жасап, рухына тағзым етуі оның қарапайымдылығын, Артығали ақынның талантын ерекше бағалайтынын көрсетсе керек.
Қазақтың тағы бір талантты ақыны, жақын досым Бауыржан Үсенов Артығали ақынды аузынан тастамай, жырларын жатқа оқитын. Талантпен қоса, ерекше сұлулықты бере салған Артығалидың суретіне қарап, өзі де көркем ақын досым 21 жасында қыршын кеткен жас ақынның талантымен қоса сұлу жүзіне таңғалумен болатын. «Мынадай талантты, сұлулықты өлтіру деген – нағыз жауыздық» деп кейитін.
Тағы бір қазақтың талантты ұлы, бард әнші Табылды Досымовты жамбылдық белгілі журналист Қуаныш Иембердиев екеуміз Тараз қаласындағы «Тараз» қонақ үйінің алдына Артығали ақын жантәсілім еткен жерге ертіп барғанымыз бар. Табыл дос та жанары жасаурап, ақын рухына тағзым етті. Жалған дүние, бүгінде арамызда жоғарыда аты-жөндері аталған қазақтың аса талантты үш перзенті де жоқ. Алла алдарынан жарылқап, имандары жолдас болсын, есіл ерлердің!
Бауыржанның «Артығалидың ақырғы жыры» атты өлеңін оқып көрейік:
АРТЫҒАЛИДЫҢ АҚЫРҒЫ ЖЫРЫ
(Өмірден 21 жасында қыршын кеткен ақын Артығали Ыбыраевқа)
Тұлпар емен қуырған жер танабын,
Тағдыр, тағдыр, талмастың бер талабын.
Қайыстым ба, салмақтан өзім салған,
Тұтқыны боп жатырмын емхананың.
Тастай батып жамбасқа төсек деген,
Ауыр шаншу ұрады қос өкпеден.
Қайтқан құстай барады көзімнен ұшып,
Қайран уақыт сауықтан бос өтпеген.
Бөлмелестің көреді бәрі бала,
Беріге де жүгіріп, арыға да.
Көретінің ұйықтасаң жаман түстер,
Ал оянсаң ине мен дәрі ғана.
Өйтіп-бүйтіп күнді де кеш қыламыз,
Пікірталас, әңгіме, естіп аңыз.
«Көп қыдырып қыздармен суық тиген»,–
Деп әзілдеп қояды сестра қыз.
Деймін оған, «Салады бұл ағаң ән»,
Сосын дәрі ұйықтатар сұрап алам.
Құтқарушы періште секілденіп,
Көрінеді кейде ол мына маған.
Бақ тұр сыртта, ынтызар көктеміне,
Гүл тұр іште зәру боп оттегіне.
Ал мен болсам жатамын саяхаттап,
Болашақ пен оралмас өткеніме.
Балалық жүр кетпеген бұла бастан,
Бақыт анау түлкідей тұра қашқан.
Арман шіркін алма емес албыраған,
Түсе салар топ етіп бір ағаштан.
Қайғы ойламас қамсыз шақ қайда қалған,
Күннен қиял іздейтін, айдан арман.
Дос таптым мен қаншама төңіректен,
Қас таптым мен қаншама айналамнан.
Жүретін көз таймастан мұзда берік,
Осал емес, қызығар қыз да көрік.
Есер көңіл, әйтсе де, елеуреген,
Ұрынарын білді ме құзға келіп.
Қайран, жүрек, төгетін жырға терді,
Боздайды кеп, сезе ме бір қатерді.
Ақыл айтқыш достым-ау, мезгіл өткен.
Енді менің түзейді кім қатемді.
Сыйлаған жоқ бұл науқас аз күн елес,
Мұны ешкім де қиялдап жазды демес.
Не көрінді жап-жас боп дей көрмеңдер.
Ақындардың барлығы Мәжнүн емес.
Сезім шіркін сергек-ақ жүрген еді,
Қинайды кеп, бүгін ой-түрме мені.
Не көрінді жап-жас боп дей көрмеңдер,
Сезінген соң айтам ғой бірдеңені.
Талантымен таласар қандай ұлан,
Алды қайғы досыңды шалғайынан.
Кейінірек бота өлең боздап жүрген көрсең егер,
Сипай сал маңдайынан.
Артығали ақын туралы қазақтың қай таланты толғанбады, қай ақын өлең арнамады?! Сарысудан шыққан тағы бір арқалы ақын Маралтай Райымбекұлы бүй дейді: «Артығали – жұмбақ ғұмыр кешкен тағдыр иесі. Ол небәрі жиырма бір жыл өмір сүрді. Бұл уақыт Артығали үшін жеткілікті еді. Артығали он бесінде-ақ сол кездегі қазақ әдебиетінің бүгінгі марғасқаларына айналған Мұқағали, Төлеген сияқты алыптарынан дүниені түйсіну, оған көркемдік тұрғыдан баға беру, тіпті, ақындық болмыс жағынан да ілгері тұрғанын айтуға тиіспіз. Ол өз отына өртеніп кетті. «Жүрегін шың-құзға емес, жұлдызға соғып жарған қаршыға» еді. Өзі солай жазған…»
Расында да шын ақындар табыт түгілі, уақытқа сыймайтынын ол жақсы түсінген. Ол өзімен бірге көп нәрсені о дүниеге ала кеткен сияқты. Ол көбіміздің әлі түйсіне қоймаған жұмбақтарымыздың шешіміне нүкте қойды».
Маралтайдан асырып не айтарсың, енді Артығали ақынның төмендегі өлеңдерін ұсынайық, ойлы оқырман қауымға.
Ұнату
Он бестің үйірінде,
Өзгерді сылқым денең.
Білінді бүйіріңде,
Бір арман бүлкілдеген.
Бұл сенің өмірге енді,
Бұлқына бастағаның.
Тым ерте мөлдіреді,
Қос қара тостағаның.
Әркім-ақ қиялдады,
Көп айтып Тәңір-ауын.
Көйлекке сыя алмады,
Оянған омырауың.
Біртіндеп бақты сезді,
Мендегі асқақ әлем.
Қыз деген жақсы сөзді,
Ұната бастаған ем.
Қосарланып қаққаныңда,
Қанатың еркін түсіп.
Қанағат таппадың ба,
Қасымнан кеттің ұшып.
Басқа жол бастауына,
Қайысып, көнбеді екпін.
Сен қонған жақсы ауылға,
Көп ұшып мен де жеттім.
Өткіздік күнді өрлеген,
Еңіске сырып бәрін.
Қалайша өзгермеген,
Қыз күнгі қылықтарың?!
Көз деген күлімдейді,
Ләззатын тапты ма ерін?
Топ сәуле дірілдейді,
Жарқ етсе ақ білегің.
Қасың да қияқтанып,
Шашың да мүлдем бөтен.
Шіркін-ай, қыпша белге,
Қол тимей жүрген екен.
Қыз едің кіл атарым,
Көңілің неден безді?
Қазір мен ұнатамын,
Келіншек деген сөзді…
Ақын
Көремін сені түсімде,
Орның әсте бөлек қой.
Екеуміз жырлау үшін де,
Көңілге жағдай керек қой.
Қой емес,
Көңіл-күй бағам,
Мінберім жақын дөңес-ті.
Ұғымына жұрттың сыймаған,
Екеуміз ғана емеспіз.
Өмірдің өзі жетпейді,
Олжаға оңай құныққан.
Қызуымен күннің көктейді,
Дүние біздің иықта.
Қамықпа, досым, қамықпа,
Көктеме күнін сыйлайды.
Адамдар сияр табытқа,
Ақындар бірақ сыймайды.
Амангелді ӘБІЛ
Сарысу ауданы