Ежелгі дұшпандар елдесейін деп жатыр

Көптеген мұсылман жұртының санасына сіңген «мұсылманның жауы- яһуди» дейтін көзқарас бар. Исламның қағидаларын қатаң ұстана бермейтін, атеистік қоғамнан кеше ғана құтылып шыққан қазақ жұрты мұндай жаулық пиғылдың қай заманнан бастау алғанын анық біле бермейді. Тіпті оның саяси мақсаттан немесе діни бұйрықтардан туындағандығын да безбенге салып отырмайды. Себебі Алаш баласының алтын басына Кеңестің темір ноқтасы кигізілгелі, дін қарындас мұсылманнан көз жазып қалмаса да, тәрихат пен шәриғаттан алыстап қалғаны жасырын емес. Сөйтіп арғы тегі бір атадан тарайтын араб пен еврей халықтарының ортасындағы мың жылдық жаулықтың тарихы туралы тым терең түсініп кеткен жоқ.

«Жер астынан  жік шықты…»

БҰҰ Бас Ассамблеясының 1947 жылы 29 қарашадағы «Палестинаны бөлу туралы шешіміне» сай, ғасырлар бойы отансыз болып босып жүрген еврей жұрты 1948 жылы 14 мамырда егемен ел ретінде тәуелсіздіктерін жариялады. Анығында бұған АҚШ мемлекеті айтарлықтай рөл атқарғаны белгілі. Осылайша 640 жылы Халифа Омар бастаған мұсылман әскерлері жағынан «азат етілген» қасиетті Құддыс қаласы Израиль мен Палестина ортасындағы даулы аймаққа айналып шыға келді. Бұл даудың соңғы нүктесі қашан қойылатынын ешкім де болжай алмайды.Арабтар «жер бетінде Израиль деген мемлекет жоқ» деп жар салса, сол Израиль мемлекеті айналасындағы Сирия, Египет, Ливан, Иордания қатарлы араб елдерімен сан рет соғысып, өздерінің іргесін кеңейтіп алды. Мұнымен қоймай «жоқ жерден пайда болған» Израиль, қазіргі таңда әлемнің алдыңғы қатарындағы қуатты мемлекеттердің біріне айналып үлгірді. Жер үшін, иелік үшін болатын ірілі-ұсақты қақтығыстар бұл аймақта кез келген сәтте бұрқ ете түсуі ғажап емес. Израиль мемлекетімен көптеген араб елдерінің ортасында ресми дипломатиялық қатынас жоқ. Яғни бір-бірлеріне деген жаулық көзқарастан арылмай келе жатыр. Мұның ең басында тұрғаны Сауд Арабиясы патшалығы болатын. Ал Қазақстан азаматтарының «халықаралық қырбайлықты» анық сезінгені тәуелсіздіктен кейін ғана.Тарқатып айтсақ, мұндай салқындықты қасиетті қажылық сапарын орындауға ниеттенген мұсылмандар мен араб елдеріне және Израильға саяхаттап баруды мақсат еткен туристер алдымен түсінді. Соңғы кезге дейін Қазақстаннан Сауд Арабиясына баруға ниеттенген азаматтың төлқұжатында Израиль мемлекетінің визасы болса, оларға Сауд Арабиясы визасы берілмей келді. Алайда, арабтардың қолдан жасаған кедергісін айналып өткісі келгендей Израиль елі электронды виза қағидасын енгізді де, туристер үшін кедергі жойылды.Әлемде өзара жауласқан мемлекеттер арасында мұндай жағдайлар кездесіп отырады. Мысалы сіздің төлқұжатыңызда Армения кеденшілерінің таңбасы болса, сол төлқұжатпен Әзербайжанға кірерде кәдімгідей кедергіге жолығасыз…
Біз жоғарыда сөз болған тақырыбымызға қайтып оралайық. Мұсылмандар үшін аса қасиетті саналатын Мекке және Мәдина қалаларын өз аумағында ұстап отырған Сауд Арабиясы жер бетіндегі күллі мұсылмандар үшін маңызды ел саналады. Яғни әрбір мұсылман өмірінде бір рет осы елге барып қажылық парызын өтеуге асығады. Сол Сауд елі «мұсылманның қас жауы – яһудилермен» мүлде байланыссыз отырған мемлекет ретінде танымал болатын. Біз осы арада Таяу Шығыс аймағындағы үш маңызды ойыншы, Иран, Израиль және Сауд Арабиясы елдері арасындағы дипломатиялық қатынастардың нашар екендігін айта кетпекшіміз. Исламның сүннит бағытын ұстанатын Сауд елі Шитт мұсылмандары шоғырланған Иран Ислам Республикасын онша ұната бермейтіні белгілі. Ал мұсылман мен яһуди ортасындағы өштік Иранға да, Сауд Арабиясына да ортақ пиғыл. Осылайша өзара текетіреспен келе жатқан үш мемлекет кейде «қағаз оқтармен» атысса, кейде АҚШ секілді алпауыттарға иық сүйеп, айналасына доң айбат шегетіні бар.
Тарихтың соңғы он жылдығында орын алған «Араб көктемі» Таяу Шығыста ішкі соғыстардың туындауына әкеліп соқтырды. Оның ақыры әлемдік саясат пен экономиканың тепе-теңдігіне айтарлықтай әсер етумен қоса алпауыттар арасындағы саяси ойындарды да күрделілендірген оқиғаларға ұласты. Бұл өңірдің саяси тұрақтылығы мен тұралаған экономикасы туралы тұжырымдар жасау біздің мақсатымыз емес. Дегенмен соңғы кезде орын алған үлкен бір «тарихи жаңалық» туралы айтпай кетуге тағы болмайтын секілді.

Елді елеңдеткен  «тарихи жаңалық»

Таяу Шығыстың жаңалықтары мен саяси өмірі туралы шолулар жариялап тұратын танымал «middleeasteye.net» сайтында 26 қаңтар күні «Израиль елі өз азаматтарына Сауд Арабиясына баруға рұқсат беретін болды» (Israel to allow Israelis to travel to Saudi Arabia: Reports) деген мақала жарық көрді. Онда «Израильдың Ішкі істер министрі Арье Дери жексенбі күні тұңғыш рет ел азаматтарының Сауд Арабиясына саяхаттап баруына рұқсат ететін құжатқа қол қойды» делінген. Құжат мазмұнында Израиль азаматтарының Саудияға 9 күндік іскерлік визамен және қажылық визасымен баратындығы, ол үшін Саудияның шақыртуы керек екендігі айтылған. Бұл «тарихи жаңалық» туралы араб тілді сайттар да хабарлап жатыр. 1948 жылдан бері ресми дипломатиялық қатынас орнатпаған екі мемлекет ортасындағы мұндай шешімді шынында маңызды жаңалық деуге тұратындай.
Түп-тегі бір ағайынды халық делінетін «ежелгі дұшпандар» осылайша өзара тілге келе бастады. Ендеше мұндай тарихи қадамға баруға не түрткі болды? Біз төменде осы сұраққа жауап іздеп көрмекпіз.
2010 жылы Тунистен басталған аласапыран, Таяу Шығысты есеңгіретіп-ақ жіберді. Қазір бұл аймақтағы соғыс өрті толастап, лаңкес қарулы топтар ауыздықталғанымен, ішкі соғыстардың салған ойраны талай гүлденген мемлекеттерді қиыншылық қыспағына тастап кетті. Ендігі жерде қираған қалалар мен тұралаған экономиканы қалпына келтіру, ішкі тұрақтылық пен саяси сенімді қайта тіктеу үшін бұл елдердің қанша жыл жұмсайтындығын ешкім де болжай алмаса керек. Осы қақтығыстар кезінде өздерін аман сақтап қалған Иран мен Сауд Арабиясы, аймақтың қауіпсіздігі үшін өзара селбестікке барудан гөрі, қырғи қабақтық жағдайды сақтап отырғаны белгілі. Алайда екеуі де әлемдік саясат пен алпауыттар арасындағы күрделі ойындардан шет қалған жоқ.Таяу Шығыстың геосаясатына айтарлықтай ықпал жасап отырған АҚШ мемлекеті болса, талай жылдан бері Иранды қырына алып келе жатыр. АҚШ-пен етене тату ел Израиль болса, Сауд Арабиясы да жақын қарым-қатынас ұстанатыны белгілі. Алайда соңғы кездегі экономикалық өзгерістер кімді де болсын ойландырмай қалған жоқ. Әлемдік сарапшылар мұндай бетбұрыстарға қарата «ежелгі дұшпандардың» елдесуіне түрткі болған маңызды себеп – экономикалық мүдде дегенге көбірек тоқталып отыр. Бұған қоса ядролық қаруы бар ел саналатын Иранның Таяу Шығыстағы ықпалын әлсірету де көзделген дейді олар. Әрине бұл айтылғандармен келісуге болады. Дегенмен Саудия мен Израиль арасының жақсаруына тек қана экономикалық мүдделер мен Иранның ықпалы басты себеп болды деуге келмейді. Бұл жерде аса күрделі саяси ойындар жатыр. Ол алпауыттардың әлемді өз ықпалында ұстап тұрсам дейтін арам пиғылынан туындаған шахмат жүрістері болмақ. Қазіргі таңда Таяу Шығыс аймағында Қытайдың, Ресейдің, АҚШ-тың, Түркияның, Иранның бәсекелестігі күшейіп тұрғаны белгілі. АҚШ болса Иранды ауыздықтау саясатын арабтар мен еврейлер арқылы да жүргізе бастауды ойлайтын сияқты. Яғни Иран Ислам Республикасы ядролық қаруын жалаңдатып отырған мұсылман елі ретінде яһудилердге ұнамайтын болса, шиттік бағыт ұстанатын «азғындығы» себепті сүнниттік бағыттағы «мұсылмандарыдың лидері» Саудияға да ұнамайды. Демек, парсылар бұларға «ортақ дұшпан» саналады. Ал «әлемнің бас сақшысы» болып отырған АҚШ өзгелердің ядролық қару ұстауына тиым салу мақсатымен Иранды талай жылдан бері санкцияға салып, титықтатып келеді. Бұл жерде Иран мен Қытай қатынасының жақсаруы, АҚШ-қа ұнамай отырғандығын байқау қиын емес. Қазіргі таңда Иранның ең үлкен экономикалық әріптесі Қытай болып отыр. Иран мұнайының экспорты да тікелей Қытайға бағытталған. Си Циньпин ортаға қойған «Бір белдеу, бір жол» стратегиясының маңызды нүктелерінің бірі Парсы шығанағы. Сондықтан бұл аймақтағаы Иран мүддесіне АҚШ-пен тайталасып отырған Қытай елі де бей-жай қарай алмайтыны белгілі. Бұған қоса, жақында ғана Ресей, Қытай, Иран үш елдің теңіз үстінде өткізген әскери жаттығуы да әлемдік саясаттағы жіктелісті анық көрсеткендей болды. Яғни, «ата жаулардың» диалогқа келе бастауының маңызды бір себебі – АҚШ мүддесі деуге толық негіз бар.

Басты себеп экономикалық  саясат па, әлде…

Әлемдік сарапшылар айтып отырған «экономикалық мүдде» деген көзқараспен де толық келісуге болады. Себебі, Израиль елі де сыртқы экономикалық саясаттың орнықты болғандығын қалайтыны белгілі. Бұл мемлекет АҚШ және Еуроодақ елдерімен ғана шектеліп қалуды қаламайтын сияқты. Сондықтан да арабтармен тіл табысудың пайдалы екендігін мойындауға бет бұрғандай. Ал Сауд Арабиясы болса мұнай экспортының арқасында байлыққа белшесінен батып отырған «бақытты ел» еді. Алайда, соңғы кездегі әлемдік экономиканың өзгерісі, мемлекет қазынасының 75 пайызын әкеліп отырған мұнай саудасының тым баянды бола бермейтіндігін көрсетті. Былтыр БАӘ де өткен Араб елдері лигасының жиналысында, Саудия патшасы өзге әріптестеріне, Дональд Трамп ортаға қойған «әлемдік сауданы жақсарту» стратегиясын қолдау туралы ұсыныс айтқан екен. Бұл соңғы жылдары діннің қатаң шектеулеріне ептеп реформа енгізе бастаған Сауд Арабиясының маңызды бір қадамы деуге болады. Олар Сауд Арабиясында парақорлықпен күресті бастады. Сондай-ақ мемлекет қазынасына салық жинауды қолға алды. Осы жерде Саудияны көп жылдардан бері басқарып келе жатқан Сауд әулетінің саяси ықпалына дақ түсірмеудің де керектігі маңызды орында тұрғандай. Себебі патша әулетінің ішкі алауыздығы туралы да алып-қашпа әңгімелер соңғы кездері жиілеп кетті.
Қорыта айтқанда Саудия мен Израиль арасының жақындай бастауына маңызды себеп, экономикалық мүдделердің қажеттігінен болса, екіншіден аймақтағы геосаясаттағы көшбасшылыққа ұмтылудың маңыздылығынан туындап отырғандай. Бұған қоса АҚШ бастаған сыртқы күштердің де өз мүдделері айтарлықтай әсер еткені жасырын емес. Әлемнің бейбітшілігі мен ортақ гүлденуі үшін бұл шешімдердің маңызы зор екені баршаға түсінікті болса керек.

Ерқазы Сейтқали

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған