Фарида Мерхамитқызы: Ұлт пен ұлтты айырып тұратын өлшем болады, оның бірі — тіл, екіншісі — ұлттық киім

Сән өнеріндегі қазақ киімінің соңғы үлгідегі жаңалықтары өзін алаштың ұрпағымын деп санайтын әрбір адамға қызық та. Әдетте бұндай сән көрсетілім бір ғимарат ішінде көрсетіледі. Ал жуырда Алматыдағы “Mega” ойын-сауық орталығында Тұңғыш Президент күніне орай «Ерке-Нұр» сән театырының «Этно Fashion — Дала Дидары» атты сән кеші болып өтті. Ұйымдастырылған бұл кеште сұлулығымен, ерекше сәнді өрнегімен көздің жауын алатын, халқымыздың сан ғасырлық тарихынан сыр шертетін ұлттық киімдеріміз заманауи үлгіде көрсетілді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бола-шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты — ол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс», — деп жазылған. Қазақтың салт-дәстүрінің бірегейі шашу шашумен басталған «Ерке-Нұрдың» бұл сән көрсетілімі Президенттің осы бір сөздерімен өзіндік үндестік тапқандай.


Сән театрының «Ұлттық киім — ұлттық рух» ұранымен ұйымдастырған бұл сән кешінің басты мақсаты — ұлттық киім тарихын зерделеу. Сол арқылы ұлт тағдырын зерттеуге қызығушылықты арттыру, жастардың эстетикалық талғамын арттырып, ойы мен қиялын ұштау, оларды осы тараптағы ізденістерге жетелеу. Сонымен қатар ұлттық нақышты өнім тудыруға шабыттандыру, қазақ халқының салт-дәстүрін құрметтеуге, мақтан етуге, өркендетуге тәрбиелеу. Отансүйгіштікке, адамгершілікке, әдептілікке баулу, сондай-ақ, қазақтың әдебиеті мен өнер-біліміне қызығушылықтарын арттыру болып саналды.


Фарида Мерхамитқызы, “Ерке-Нұр” сән үйінің директоры: — «Этно Fashion — Дала Дидары» атты шараны ұйымдастыру ұзаққа созылды. Бір жылдай дайындалдық. Сол еңбектеріміздің нәтижесінде бүгін «Томи¬рис», «Дүрия», «Саламат», «Бәтима», «Сал¬та¬нат», «Кербез», «Сұлтан», «Аруана», «Дала иісі» сынды сән топтамаларымыз таныстырылды. Осы топтамаларда жүз елудей киім үлгісі көрсетілді. Бұл негізінен қазақтың қазіргі заман үлгідегі ұлттық киімдері. Топтамадағы барлық өнім де, дизайнерлік безендіру де өзіміздікі.


Ұлттық киіміміз, ол біздің ұлттық рухымыз, ұлттық қазынамыз. Ұлт пен ұлтты айырып тұратын өлшемі болады, оның бірі — тіл, екіншісі — ұлттық киім.
Кезінде, ата-бабамыз құлазыған кең даланың үскірік аязы мен аптап ыстығында, салқын самалы мен аңызақ желіне қамсау болар киімнің түр-түрін ойлап тапқан. Табиғатпен біте қайнасып, жер еміп еркін өскен бабаларымыз дүниенің шексіздігіндей кең даланың дидарын жылдың төрт мезгіліне арналған киім үлгілеріне сыйдырған.


Сондықтан да аталмыш сән шарасында көпшілік назарына ұсынылған ұлттық киім үлгілеріміз арқылы, ең алдымен, қазақтың осы шабыттың қайнар-бұлағындай табиғат-шебермен етенелігін танытуды көздедік, — дейді дайындаған киім үлгілері қазақтың рухани өмірімен, мәдениетімен астасып жатқандай әсер қалдырған Фарида Мерхамитқызы.
Айта кету керек, сондай-ақ бұл көрсетілімде, жас көрермендерге де сахнаға шығып сән көрсеткендері үшін, Фарида Мерхамитқызының қолынан шыққан киімдер тегін берілді.

Гүлшат Бақытжанқызы
Суретті түсірген Гүлназ Жұмабекқызы