Фармацевтика өнеркәсібінің көлемі артты
Қарағанды облысында фармацевтика өнеркәсібінің көлемі 4 есеге жуық өсті. Онлайн режиміндегі аппараттық кеңесте аталмыш саланы дамыту әлеуеті талқыланды. Коронавирустық инфекция пандемиясы жағдайында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету маңызды мәселелердің біріне айналды.
— Облыстың өңдеу өнеркәсібіндегі фармацевтика саласының үлесі 1%-ды құрайды. Сонымен қатар, бүгінгі таңда бұл сала облыс үшін өте маңызды және әлеуетті болып табылады, сонымен бірге ол тұрақты дамуда. 8 ай ішінде өндіріс көлемі 12 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8 есе өсті, – деді Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмасұлтанов.
Сондай-ақ ол облыста 6 фармацевтикалық кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың үшеуі өндірістің 90% -ын құрайды. Бұл Қарағанды фармацевтикалық кешені, «Фармация 2010» ЖШС, Қарағанды фармацевтикалық зауыты. Саланы дамытуға инвестициялар да өсті деп атап өтті. Қарағанды облысында онкологиялық науқастарды, қант диабетімен ауыратын науқастарды, эндокриндік жүйе ауруларын және т. б. емдеуге арналған дәрілер шығарылады.Карантин кезеңінде өңірде медициналық маскалар мен антисептиктер өндірісі жолға қойылды. «Мерей» компаниясы тәулігіне 20 мыңға дейін бетперде шығарды. Кәсіпорын қуаттылығы күніне 50 мың дана өнім шығаратын жаңа желіні сатып алуды жоспарлап отыр.Өңірде фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту жалғасатын болады.
–Фармацевтика саласының болашағы зор, — деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
–Бізде өндірістің даму қарқыны тұрақты. Ал биыл айтарлықтай өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Фармацевтикалық бизнеспен өте белсенді айналысу қажет. Бұл біздің тұрғындарға көмектеседі,– деді аймақ басшысы.
Өңір басшысы сондай-ақ эпидемиологиялық жағдайды қатаң бақылау қажеттігін еске салды. Ол әуе рейстерімен шетелден келетін азаматтардың жағдайын бақылауды тапсырды.
Аяулым СОВЕТ,
ҚАРАҒАНДЫ.