ФОРТ-ШЕВЧЕНКО ҚАЛАСЫНДА ЖАҢА БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢДАРЫ МЕН ЖАҒАЖАЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Бұл туралы Форт-Шевченко қаласының әкімі Өсер Тлепов мәлімдеді. Оның айтуынша, қала халқының саны жыл санап өсуде. Өткен жылмен салыстырғанда 397 адамға өсіп, 7666 адамға жетті. Сәйкесінше, жеке тұрғын үйлер саны артуда. Бұл өсімдер жаңа қажеттіліктерді тудырып отыр.
«Форт-Шевченко қаласының Досан Тәжіұлы және Жамбыл Жабаев көшесіне балалар ойын алаңының құрылысы бой көтерсе, «Оңдасын Строй» ЖШС мекемесінің демеушілігімен Жаңа Кетік шағын ауданының V кварталында балалар ойын алаңы салынуда», — деді Өсер Тлепов.
Бұдан бөлек, Форт-Шевченко қаласының теңіз жағалауын абаттандыру жұмыстары басталды. Осы мақсатта қала тұрғындары мен қонақтарына арналған жарақтандырылған орындар жасалуда. Жағажайда шағын футбол алаңы, воркаут алаңы, балалар ойын алаңы, волейбол алаңы, авто тұрақ, амфитеатр, күннен қорғайтын шатырлар салынады. Мердігер мекеме «Түпқараған» ЖШС. Биыл қыркүйек айында тұрғындардың игіліне беріледі деп жоспарланған.
ТҮПҚАРАҒАН АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ