Форум   Тәжірибелі кәсіпкерлер білгенімен бөлісті

Жамбыл облысында кәсіпкерліктің көкжиегі күн санап кеңейіп келеді. Оған дәлел шағын және орта бизнестің кең қанат жаюы.  Таразда тұңғыш рет бизнес бастауға ниеті барлар үшін Жетістік форумы өтті. Тараз қаласындағы еңселі мейрамханалардың бірі «Інжу-Маржанда» өткен форумға қатысушыларға облысымздың табысты іскер әйелдері кеңес беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Форумды ұйымдастырушы Эльмира Байназарованың айтуынша, мұндағы мақсат – жеке кәсібін ашуға ниетті, бірақ алғашқы қадамды бастауға жүрексінетін жандарға мотивация беру, іскерліктегі табыс кілтін көрсету.

–Бұл жерде жетістігі биік іскер әйелдер тек сәтті сәтттерді ғана әңгімелемей, кездескен кедергілерді қалай жеңгендерін де сөз етеді. Сәтсіздіктерден сабақ алып, келесі қадамды қалай бастау керегін айтып, бағыт-бағдар береді, -дейді Эльмира Тілеубердіқызы.

Бұл форумда мінберден сөйлеген іскер әйелдердің бәрінің де пікірлерінен «Толайым табысқа кенелу үшін басқаларға шарапатыңды тигіз, өзгеге көмектес» дегенді естідік. Бабалардан қалған «Кең болсаң кем болмайсың» деген нақылдың нақ дәлелін бүгінгі бизнесмен бикештер көрсетті.

Көне шаһардағы «Гауһартас», «Інжу-Маржан» мейрамханаларының иесі Меруерт Қаттабайқызы бұған дейін талай рет сүрініп, қайта тұрып, алға басқанын айтты.

–Көп кісілер ауқатты адамдарды «көке-жәкесінің арқасында көтерілген» деп ойлайды. Шынымды айтайын, мен әкемнен ерте айырылып, өзі науқас анам үйелмелі-сүйелмелі балаларын жалғыз өзі жеткізді. Жағдай болмай, мектептен соң оқуға түсе алмадым. Анама көмектесіп, саудамен айналыстым. Кейін мейрамханаларда салат әзірлеуші болдым. Небары алатын жалақым 300-ақ теңге. Ол тек азын-аулақ тамақ пісіруге қажетті аздаған азық-түлекке жететін. Сол кезде өз ресторанымды салуды жоспарлайтынмын. Түн жарымында жұмыстан келіп, өзім салатын ресторанымның сызбасын сызамын. Қанша шаршы метріне қанша кірпіш кетініне дейін есептедім. Күйеуімнен, достарымнан олардың бағасын сұрап, қажетті соманы есептейтінмін. Күйеуім «ары-бері шығындары болады» десе, «Менде ондай болмайды, бәрін тиынына дейін есептеп қойдым» деймін жұлқынып. Бір күні туыс ағамыз үйінде той беріп, мені салаттарын жасап беруге шақырды. Сол қызметім үшін мейрамханадан алатын 300 теңгеден әжептәуір көбірек ақысын берді. Сонда ойладым «Мен не үшін 300 теңгеге бола түн қатып жүрмін, осы жұмысыммен-ақ одан да көп таба алады екенмін ғой» деп. Сол ойдың жетегімен жай-орынды жалға алып, өз кафемді аштым. Жөндеу жұмыстарын бала-шағаммен бірге өзім жасадым. Кейін қайын ағаммен бірлесіп, Шымкенттен 2 мейрамхана салдық. Бірақ, оны ағамызға қалдырып, Таразға қайтып келдік. Ол қадамым сәтсіз болғанымен маған үлкен сабақ берді. Мойнымда 13 миллион ттеңге несием бар, тыраштанып барымды салған қос мейрамханадан айырылып келу де оңай тимеді. Ішім алай-түлей болып жатса да жабырқаған күйеуімді жұбататынмын. Мен үшін сондай қиын сәтте отбасымды сқатап қалу бірінші орында тұрды. Шүкір, шаңырағымды шайқалтпай, сыналған сәттен сүрінбей өттім. Мұнда келген соң «Балташ» мейрамханасын жалға алып, оны-мұнысын реттеп, жөнге келтіріп, мейрамханамды аштым. Көктем шығысымен той беретін адамдар көбейеді де бір ай бұрын күн құрғатпай тапсырыс беріп тастайды. Той беруге келіп, бос күн таппай қалғандар көп кездесті. Содан мен тағы бір мейрамхананы ашуды қолға алдым. Сол кездерде Таразда «Түрксіб» деген мейрамхана бар еді. Күтімсіз қалғандықтан шығар, ел оны ат-қора дейді екен. Мен соны жалға алғанда таныстарым «бекер жасадың» деп сенімсіздік танытты. Шымкентке барғанымнан тапқан үлкен пайдам – құрылыс жұмыстарын үйренгенім. Әлгі ғимаратты өз қолыммен жөндеп алдым. Бұған да адамдар ағылып келе бастады. Кейін К700 техникасын жөндейтін цехтың орнын сатып алып, «Гауһартасты» салдық. Үлкен техникалар кіретін есігін жаппай, лимузин тойханаға кіретін есік етіп қалдырғанды жөн көрдім. Себебі, ауылда келін алып келе жатқан көлік үйдің есігіне дейін «бипілдетіп» сигналын басып келетін. Сол сәттің өзіндік қызығы, көңілге сыйлар қуанышы ерекше ғой. Сол үшін тойхананың ішіне келінді көлікпен сигналдатып алып келетіндей етіп, жасадық. Кәсібімді алғаш бастаған кезде қасымнан табылып, көмектескен жұмысшы келіншектерге «егер 10 жыл менімен бірге жұмыс істесеңдер, үй әперемін» деген едім. Шүкір, уәдемді орындауға мүмкіндік туып, бүгінге дейін 13 келіншекке баспана әпердім. Бұйыртса, биылғы жылы 3 келіншекке үй әперемін деп отырмын. Бұрын кеңес одағының кезінде «артық ақшалы болу қажет емес, бай адамның проблемасы да көп» деген ұғымды санамызға сіңдіретін. Себебі, сол уақыттағы саясат сондай болды. Негізінде артық ақшаң болған проблема әкелемйді, керісінше түйінді мәселелерді шешуге көмектеседі. Мысалы, мен басқалардан артық тамақ ішіп, көбірек киінбеймін. Өмірде бір адамға қанша шығын кетеді, мен де соны тұтынамын. Бірақ, маған ақша мейірімділік жасау үшін керек. Артық ақшам болмаса біреуге керегін әперіп, көмектесе алмас едім, -дейді.

Көмектессең көктейтіннің рас екенін «Мейірім» медициналық орталығының басшысы, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлдара Нұрымова да әңгіме етті.

–Толайым табысқа кенелгіңіз келсе, айналаңыздағы адамдарға қол ұшын созып, қажетіне қарай мүмкіндігінше көмектесе біліңіз. Асыл дінімізде де садақа отбасыңа береке ендіріп, сауапқа кенелтетіні айтылған. Оның дәлелін өмірде де көріп жүрміз. Жетістікке жетудің тағы бір жолы – адамның өз ойын түзеп, бойын тіктеуінде. Біздің бар әрекетімізді басқаратын бастағы ойымыз. Міне, сол ойды бықсыған пенделіктен, күншілдіктен тазартпайынша, игіліктерге қол жеткізбейміз. Сен айналаңдағыларға қандай көзқараспен қарасаң, саған деген басқалардың да көзқарасы сондай болады. Сосын ешқашан еңсеңізді фәнилік уайыммен баспаңыз. Уайымға салынған сайын адам еңкіш тартып, бүкшие береді. Бойыңызды тік ұстап жүруді әдетке айналдырыңыз. Өмірде шешілмейтін мәселе болмайды. Жалғыз ғана шешімі жоқ проблема – тіке келген өлім. Өзгесінің бәрі де өз ретін табады. Еңбектеніп, табыс табуға мүмкнідік беретін – денсаулық. Оны күту үшін қыруар қаржының қажеті жоқ. Күнделікті ішетін суыңыз таза, минералды болсын. Пластик ыдыстағы су адам ағзасына зиян келтіреді, шөлмек ыдыстағы суды қолданыңыз. Суды 2 рет қайнатсақ, құрамындағы пайдалы минералдарын жойып жібереді, сондықтан көп қайнатпаңыз. Денсаулыққа аса қауіптінің бірі – қант. Мүмкіндігінше қанттан бас тартқан жөн. Себебі, ол табиғи өнім емес, оның орнына балды қолданыңыз, -деп өзінің ісін өрге жүргізуде қолданған тиімді тәжірибелерімен бөлісті.

Форумға қатысушыларға «Ажур» шығармашылық студиясының жетекшісі Дилафруз Махмадулоева мен «La villa» мейрамханасының иесі Гүлдана Атабаева да көрген-білгендерін айтып, жігерлендірер әңгіме өрбітті.

 

Төлен Дедек