Г.ҚАРАҚҰСОВА ХАЛЫҚТЫҢ АЛДЫНДА КЕШІРІМ СҰРАСЫН!

Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсованың қарттар туралы айтқанын естіген шығарсыздар. Сіздерді қайдам, мен оның осы сөзін естіп, қатты түңіліп, көңілім құлазып отыр. Масқара ғой. Депутаттар деген мемлекеттің миы. Депутаттар қалай ойласа, халық солай өмір сүреді. Сонда бұл біздің мемлекеттің миында аса қауіпті рак клеткалары бар деген сөз. Парламентімізде осындай адамдардың жүргені ұлттың трагедиясы. Ондай рак клеткаларын сылып алып тастамай болмайды.

Ол былай депті: «…Надо строить нам дома, куда мы в старости пойдем, не мешать детям жить. Это не дома для престарелых. Это наши личные кооперативы. Вот еще несколько лет — и с Татьяной Михайловной (вице-министр финансов Савельева. — Прим.) и Татьяной Ивановной (депутат Мажилиса Яковлева. — Прим.) построим, чтобы детям не мешать, уйдем туда жить на свои доходы». (Үзінді «Мәдениет» порталынан алынды).
Қарағұсова қазақтың ұғымына, ұлттың дүниетанымына жат көзқараста екенін осы сөзімен-ақ әйгілеп тұр. Ата-бабаларымыздың «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» деген ертегісінен тіпті де хабарсыз. Оның ойынша, алпысқа келген адам балаларынан, немерелерінен ажырап, Қарағұсованың өзі баратын үйге баруға жинала бастауы керек екен. Соны дәстүрге айналдыруы керек екен. Әлемге Ресейдің көзімен қарайтын Косарев сияқты, Қарағұсованың мына көзқарасы да қазаққа жат қой. Өзін Татьяна Михайловна мен Татьяна Ивановнаның қатарына қосыпты, осыдан кейін оған не деуге болады? Е-е, де де қоя ғой.
Біздің қазақтың ұғымында өзімізге жарық күн сыйлаған, бағып-қаққан, адам қылған ата-анамыздан артық, олардан қадірлі адам жоқ. Біз өзіміз есейген соң, мейлі қандай жағдайда болсын, ата-анамызды әлпештеп бағамыз, алақанымызда салып жүреміз, не ішкісі келеді, не кигісі келеді, бәрін орындаймыз. Ана дүниеге де өз қолымыздан аттандырамыз. Ана дүниеге аттанып кеткен соң да ұмытпай, еске алып, ас беріп, құран оқытып, әруағын құрметтеуді парыз санаймыз. Оған біз қабағымызды шытпаймыз, қайта ата-анамызға жақсылық жасаған сайын рақаттанамыз, жақсылық жасаған сайын сол жасаған жақсылығымыз ата-анамыздың біз үшін түн ұйқысын төрт бөлген жалғыз сәтіне тұрмайтынын сезіне түсеміз. Кезегі келгенде біз өзіміз де балаларымыздан осыны дәметеміз. Қарағұсова айтқандай қарттар үйінде емес, о дүниеге өз балаларымыздың алдында аттанғымыз келеді. Көрге де балаларымыздың қолымен кіргіміз келеді. Біздің өмір сүргендегі барлық мақсат-мұратымыз, арманымыз осы ғана. Әрі осы үрдістің мұрты шағылмай, одан әрі жалғасын тапса дейміз. Сонда ғана біз хайуан болмай, адам қалпымызды, қазақ қалпымызды сақтап қаламыз.
Тек қазақтар ғана емес, өзге ұлт адамдарының барлығы солай ойлайды.
Мына сөзімен Қарағұсова Парламентте бір күн де қалмауы тиіс. Былтыр Алматыда Әли Демір атты түркиялық түрік қызуқандылықпен бір славяндыққа қол қатып қойғанда оған не демедік? Тіпті, оған бүкіл қазақ халқының алдында кешірім сұратып, айызымызы қандырдық қой. Әли Демир қазақтан кешірім сұрайтындай қазақтың алдында жазығы жоқ еді сонда. Ал мынау, Қарағұсованың айтып отырғаны күллі қазақты қорлайтын сөз ғой.
Сондықтан Қарағұсова бүтіндей бір ұлтты, оның дүниетанымын қорлағаны үшін бүкіл қазақтың алдында жария түрде кешірім сұрасын!

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ, жазушы