Ғаламға хат (аударма)

– Қымбатты Ғалам!

Саған бұл хатты алматылық Аружан жазып отыр. Мен бақытты болғым келеді! Мені сүйетін, мен сүйетін жақсы жарды, кішкентай ұл баланы берші, ал мен, солай-ақ болсын, ақшасы көптеу жаңа жұмысқа ауыспай-ақ қояйын.
Сәлеммен, Ару.
– Қымбатты Аружан!
Шынымды айтсам, жұмыс туралы оқығанда сәл ыңғайсыздандым. Не дерімді де білмеймін. Сен жаңа жұмысқа ауыса беруіңе болады. Оған дейін мен саған жақсы жар іздестірейін.
Сәттілік болсын! Сенің Ғаламың!
– Қадірменді Ғалам!
Осылай лезде жауап қатқаныңа көп рақмет! Бірақ… әжем айтушы еді: кімге көп берілсе, содан көп сұралады деп. Егер менде күйеу де, жұмыс та болса, трамвай басып кетіп, аяғымнан айырылып қалмаймын ба? Жоқ, одан да былай болсын: мен жаңа жұмысқа тұрам, күйеуім бар болсын, бірақ мен сол үшін өмір-бақи ескі үйде тұруға келісемін. Қалай, келісесің бе?
– Қымбатты Ару!
Аяқ туралы оқып, ішек-сілем қатты. Әжеңнің сөзінің мағынасы басқаша еді. Кімге көп қабілет, талант, білім берілсе, содан көп жақсылық күтіледі. Сен Алматы түбіндегі екі бөлмелі пәтерге ақша жинап жүрсің ғой, соны ала ғой. Аяғыңды өзіңе қалдыр.
– Қадірлі Ғалам!
Аяқ туралыны оқып өзім де қуанып қалдым. БІРАҚ: менің күйеуім болады, балам, махаббат, пәтер, және аяғым. Яғни, аяқтарым. Осы үшін саған не берешекпін?
– Ару!
Түф. Неге сен менімен коллекторлық мекемемен сөйлескендей сөйлесесің? Менен сұрадың – мен жасаймын. Сен маған бірдеңе берешексің деп пе едім?
– Иә! Жоқ дегенім ғой. Бәрі жақсы болуы мүмкін емес қой? Түсінесің бе? Бүгін түнімен жыладым: пәтер үшін алғашқы жарнамды төледім. Жақсы пәтер, терезесі сарқырап ағып жатқан өзенге қарайды. Мүмкін күйеуім ұсқынсыз болатын шығар? Шыныңды айтшы? Негізі, оған да дайынмын.
– Қымбатты Ару!
Күйеуің, әрине, Бред Питт емес. Есесіне айнаға да ол секілді жиі қарамайды. Жуырда жолығып қаласыңдар. Сұрағыңа жауап берейін: бәрі жақсы болуы МҮМКІН. Менен кім не тілейтіні маған бәрібір, жақсы ма, жаман ба, ең бастысы адам өзі не қалайтынын тура білсе болғаны.
– Қадірлі Ғалам,
ҰЗАҚ уақыт жақсы болса бола ма? Тым құрығанда бес жыл болса, қуанар едім, онда төбеден су сорғаласа да ренжімеймін.
– Ару қыз,
Саған шынымды айтайын. Ұзақ уақыт жақсы болуы мүмкін. Бірақ ұзақ уақыт біркелкі болмайды. Бәрі өзгеріп тұрады. Тек өлген адам өзгермейді. Өзгерген сайын саған жаман боп кеткендей көрінеді. Ол да уақытша.
– Ғалам!
Аяғыма тиме!!! Одан да күйеуім жүргіш бола берсін.
– Аружан,
Менімен саудаласқанды доғар. Сен өзің армандардың базарында жүргендейсің ғой, түге. Мен тағдырға иелік етпеймін. Менің ісім – адамның қалауын орындау. Саған бір ғана өтінішім бар: өте бақытты болған кезіңде біраз қолың босайды. Сол кезде тігін тік. Сен өте жақсы тігіншісің. Көрпе тікші. Сенің көрпең әр үйдің сәні болуға лайық. Адамдарға қуаныш сыйлайтын боласың.
– Қымбаттым менің!
Қуанғаннан секіріп жатырмын. Әрине! Сенің айтқаныңның бәрін істеймін. Сонда саған мүлде ештеңе берешек емеспін бе? Маған бұдан да жақсы жұмыс ұсынып жатыр. Дәмханада танысқан сымбатты жігіт кездесуге шақырды. Алақай!!! (бұлай болмайды ғой, а?!)
(тігін мәшіңкесін сатып алдым!)
Сүйдім!
– Қымбатты Ару!
Бәрі жақсы. Парыз бен Құран Кәрім аясында бәрі де МҮМКІН. Саған ол үшін ештеңе болмайды. Керісінше. Сен қыңқылдай бермеші, мен соған қуанар едім. Жылауықтардың көңілінен шығу қиын. Сондықтан, тек сәттілік тілеймін! Менің шаруам шаш етектен. Үшемге тапсырыс түсіп жатыр, олар да саудаласып әуре. Есесіне денсаулығын тықпалайды. Олардың денсаулығы маған не керек?…
Сенің Ғаламың.
– Ғалам, сәлем!
Қалайсың? Қызымыздың атын Айша деп қойдық. Әлемдегі ең әдемі құрақ көрпені тіктім. Көрмеде бірінші орын алдым. Тапсырыстар түсіп жатыр. Өз ісімді ашсам ба деп ойланып жүрмін. Таңертең оянсам, құстар ән салып жатады… Кейде ойлаймын – осы бақыттың бәрі маған не үшін берілді екен деп? Сенің Аруың. Күйеуімнен сәлем!
– Ару, сәлем!
Аздап ұятты боп қалдым, сен тапсырған ұлды қызбен шатастырып қойыппын. Бірақ, байқаймын, бәрібір бақыттысың. Бақытты болу – қалыпты нәрсе. Оны тосынсый деп қабылдама, сенің өміріңнің қалыпты тынысы деп біл. Ал, кейде көңіліңді жай ететін нәрселерге менің қатысым да болмайды. Құстарға ән салғызу менің қолымнан келмейді. Ол тапсырыс ішінде кешенді түрде орындалатын қосалқы сый. Ести білу сенің ықтиярыңда. Ары қарай өзің ойлан. Қолың бос кезде жазып тұр.
Сенің Ғаламың

Аударған Шынар Әбілдә