Ғаламшар да адамды бағып-қағады

Қазақтың танымының тереңдігіне бүгінде өзіміз таң қалатын болдық.

Ұятты тірлік екені рас енді, бірақ бабалардан жеткен мұраны қайта қаузап, насихатын жасап, үнемі айтып отырмағымыз керек екендігін түйсінеміз. Ұлттың телегей-теңіз танымында баланың өмірге келуінен, қария болып, бақиға аттанғанына дейінгі кезеңді қамтып, пенденің өсіп-өнуінің қалай болмағын сипаттап беретін ескі әңгімелер бар. Солардың бірін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазып қалдырыпты. Оның «Жұлдыздардың бізді бағып-қағу реті» деп аталатын еңбегі бізге таңсық болғанымен, бұрыңғылар үшін әдеттегі ұғым саналатын біраз мәселе қамтылған. Біз осы әңгімені тарқатып көрмекке бекіндік.
ipj09

Жалпы, адам тәрбиесі, ұрпақтың саналы һәм сапалы болуы қазақ үшін өте өзекті болыпты. Алаш баласы «текті­ден текті туады» деп, қан таза­лығын сақтау, жүйелі тәрбие беру төңірегінде талай нақыл мен аңыз-әңгіме қалдырған. Бағ­зы заманда ерлікке толы ғұ­мыр кешкен Майқы би «Кім­нен кім туады?» деген сұраққа былай деп жауап берген екен:

Тұлпардан тұлпар туады,
Сұңқардан сұңқар туады.
Асылдан асыл туады,
Жалқаудан масыл туады.
Масылдан мал бақпас туады,
Тілазардан қылжақбас туады,
Таздан жарғақбас туады,
Сараңнан бермес туады.
Соқырдан көрмес туады,
Мылжыңнан езбе туады,
Қыдырмадан кезбе туады.

Ақылгөй баба тізбектеп, жіктеп, жіліктеп бәрін айтып кеткен сияқты. Дегенмен за­ман­мен бірге адамзат бала­сы­ның табиғаты да құбылып, сан өзгеріске ұшырары хақ. Қазақтың ғұлама ғалымы, әу­лиесі Мәшһүр Жүсіп Көпей­ұлы: «Бала деген Құдайдан сұрайтұғын нәрсе емес, ерлі-байлы екі кісінің еңбегі, қолдан жасап, егіп, өсіріп алатұғын ағашы. Осы ағашты жеміс ағашы қылып өсіріп, өндіріп алатұғын қайратты сабаздар да бар. Кісі – сол, адам – сол! Ол бір жерден өрік-мейіздің тұқымын алып келіп еккен жоқ. Бірақ жытһады, тілеуі жемісті ағаш болуын ойлап, баққан, қаққандықтан» дейді. Ал енді «шыр етіп дүние есігін ашқан баланың ендігі жердегі тәрбиесі қалай өрбиді?» деген сұраққа толық тұшымды жауап алу үшін қайтадан Мәш­һүр Жүсіп Көпейұлының «Жұлдыздардың бізді бағып-қағу реті» деген шығармасына жүгініп көрелік. Аталған шығар­мада «Күн – айдай әлем­нің патшасы болса, басқа жұлдыздар күннің қара бұқара әскері есепті. Ай болса күннің уәзірі, сондықтан «Ай мен Күндей – әмбеге бірдей» дейтұғыны – сол. Ғытард де­­ген жұлдыз – хатшысы, Зәһре деген жұлдыз – ойын­­шы, сырнайшы, сауық жа­сай­тұғын өнерпазы. Мәріх деген жұлдыз – әскербасы, қылыш ұстайтұғын батыры. Міштірі деген жұлдыз – қазы, би, төрешісі, Зұхал дейтұғын жұлдыз – қазнашысы» дейді ғұлама. Мұнда айтылған Ғытард деп отырғаны – Меркурий, Зәһре – Шолпан, Мәріх – Марс, Міштірі – Юпитер, Зұхал – Сат­урн ғаламшарлары. Мәш­һүр Жүсіп осы аспан денесінің адам өміріне қалай әсер ете­тіндігі жайлы толғанады. Яғни, қазақтың адам жасына қатысты айтатын әңгіменің астарында өзгеше сыр жатқанын ұғамыз. Ғытарды немесе Меркуриді хатшыға теңеу арқылы қазақ жас кезде білім алудың маңыз­ды екендігін атап өткен. Қарттық кезеңде адамды қам­қорлығына алады дейтін Зұхал немесе Сатурнды «қазынашы» депті бұрыңғылар. Қазақтың қартты қазынаға теңейтіні содан болса керек. Дегенмен осы тұста ескере кететін бір жайт – біз Мәшһүр Жүсіптің шығармасындағы аспан дене­лерінің атауын автор өзі қалай жазды солай келтірдік. Әйтпесе, бұл ғаламшардың барлығының атауы арабша. Арабтар Ғытард емес Утәрид, Зәһра емес Зуһра, Мәрік емес Миррих, Міштірі емес Мұштари деп атапты ғаламшарларды. Мәшекең бұл атауларды қазаққа бейімдеп атай салған. Бір қызығы, ХХ ға­сырдың басындағы ұлт зия­лылары өзге тілден келетін сөздерді көп аудармаған, тек ұлттың тіліне бейімдеп қолдана берген. Әлихан Бөкейханның «Дүниенің құрылысы» не­месе «Астрономия» оқу­лы­ғында да өзге тілден енген атау­ларды қазақ қалай айтса, со­лай жазылған. Мысалы, ағыл­шындар көне грек ті­лінен енген  деген сөзді көп өзгертей planet деп қол­данса, Ә.Бөкейхан оны қа­зақ­ша «пыланет» деп атай салған. Мәшекең де солай араб тілінен енген атауларды қазақ қалай атаса, солай хатқа түсіре салыпты. Бірақ бұл  – басқа әңгіме. Біз шығарманың тереңіне үңілуімізді жалғас­тырайық.

Ғұламаның айтуынша, бала туып, жарық жалған дүниенің жүзіне келген соң, бірінші болып Ай құшағына енеді екен. Төрт жыл айға шейін Ай бағып қағады. Ай өзі қандай асығыс болса, жас баланы да сондай тез-тез өсіруге ыңғайлайды. Солай болғаны үшін айтылады: «Бесік баласы бес түлейді», – деп, бес жылда бес түлейді. Абай атамыз айтпақшы, осы тұста баланың жаны семіреді. Осы кезде бала мейлінше шығармашылық еркіндікте болады. Қазақтың «Бес жасқа дейін балаңды патшаңдай ұста» деп баласын тыймай ер­кін ұстауы осыдан болар бәл­кім?! Қош, мұнан кейін ба­ланы өз құшағына Ғытард жұл­дызы алады. Он екі жасқа жет­кенше бағып қағады. Бұл жұлдыз баланы ғылым – білімге, жазушылыққа баулитын көрінеді. «Солай болатұғыны үшін төрт жастан асқан соң, баланы мектепке берудің керегі де сол» дейді. Дәл осы сөздерді жазып отыр­ған Мәшһүрдің өзі бес жасында мектепке беріліп, алты жасында Шар кітапты мәнісімен жаттап, жұрт аузына ілініп, көп көзіне түскен. Он екі жастан асқан соң отыз жасқа жеткенше адам баласын Күн құшағына алады. Күн баққан кісісін көзге түсі­ру­ге тырысады екен. «Отыз жас­та көзге түсуге жарамаған жаман өмірінде түк кеспейді» дейді автор. «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» деген тәмсіл осыған байланысты болу керек. Отыз­дан асқан соң Мәріх жұл­дызы құшағына алады. Бұл қай­рат, жігер, өткірлікпен алас ұрғызады. Мұнан кейін Міш­тірі құшағына алады. Бұл кү­йініп, түйініп, бай болу, әр нәр­сесі сай болуды ойлатады. Ал­пысқа жеткенше бағады, қа­ғады. Алпыстан асқан соң Зұхәл құшағына алады.«Бұл Зұхәл жұлдызы адамды ойға салып, дүниеге харыс қылады». Осы ретте жоғарыда аталып өткен жұлдыздардың адамзат баласына әсерін Бұқар жырау бабамыздың бай бейнелі тілімен көркемдесек артық болмас:
Жиырма деген жасыңыз
Ағып жатқан бұлақтай,
Отыз деген жасыңыз
Жарға ойнаған лақтай.
Қырық деген жасыңыз
Ерттеп қойған құр аттай.
Елу деген жасыңыз
О да бір көшкен ел екен,
Алпыс деген жасыңыз
Қайғылы-мұңлы күн екен,
Сексен деген жасыңыз
Қараңғы тұман түн екен,
Тоқсан деген жасында
Ажалдан басқа жоқ екен.
Мәшекеңнің айтуы бойын­ша, адам баласы туған бетте оны­мен қатар күн-көктегі жұл­дыздардан да бір бала туады. «Пері деген мақұлық бар, онан да бір бала туады. Шайтан де­ген мақұлық бар онан да бір бала туады. Осы жұлдыздар адам баласымен жалған дү­ниенің жүзіне бір сағатта ке­леді. Осы бала тірі жүрсе, осы­лардың бәрі бұл баламен ма­ңайлас, бастас жолдастары бо­лады. Бір қызығы, адамзат баласы секілді жұлдыздың да жаманы, жақсысы бар. Жа­манын нас жұлдызы десе, жақсысын сәтті жұлдыз деседі. Егер де баламен бірге туған жұлдыз сәтті болса, демек онда бақыты талайлы, жұлдызы жоғары болып, басқадан үс­тем болады. Ал нас жұл­дызымен айқасып туған бала өмірде сәтсіздікке көп ұшырап, құты қашып, жа­ман атанатындығы содан екен» дейді Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Осы шығармадан бізежелден адам баласымен бірге жасасып келе жатқан жын, сайтан, перілердің де адам тағдырына әсері айрықша болатынын білдік. Яғни, ұлттың танымында адамының өсіп-өнуіне, дамуына қатысты айы­рықша ұғым болды деген сөз. Ғұлама өз еңбегінде: «Адам қа­раптан қарап жаман атан­байды екен, біреудің перісі күш­ті болады, біреудің жыны күшті болады, ал біреудің сай­та­ны күшті болады. Адамды осы­лардың қай-қайсысы болса да, билеп кетуі бек мүмкін. Өз басын өзі алып жүруге мыңнан біреу-ақ жарайды. Осы көрініп жүрген жамандарды біресе жын билеп кетіп, біресе сайтан билеп кетіп, жаманның жаман атанатындығы содан екен. Біреу кісі өлтіреді, біреу ұрлық қылады, енді біреуі ойнас қы­лады» – деп тоқталады бұл мә­селеге. Автор осыған Құдай­дың еш қатысы жоқ екенін айта отырып, жын-шайтанның бірі олай, бірі бұлай ұйытқытып, адамды есінен адастырып, әуре-сарсаңға түсіретінін айтады. Тәңірі ерік беріп, таңдау құ­қы­ғын берсе, жын-сайтан тек сыбырлаушы. Түптің түбінде балшыққа белшесінен бататын адамның өзі.

Тәрбие басы адам­ның өзінен басталары дау­сыз ақиқат. Жәлеладдин Руми бұл әлемнің құдды тау сияқ­ты екенін, ал біздің істеген істе­рі­міздің сол тау арасындағы ай­қайға ұқсайтынын, содан шы­ғатын жаңғырық біздің ісі­міздің қайтарымы екенін ай­тады. Көп жағдайда мұ­ны біз өкінішке қарай есі­міз­ден шығарып аламыз. Жы­рау­лардың жырынан, ға­лымдардың еңбегінен баян­дап, үзінді келтіргендегі мақсатымыз «Үлгісіз сөз бол­майды, мақтасыз бөз бол­майды» демекші, көнекөз қариялардың бізге қалдырған өсиетін жадымыздан еш шығармай, үлгі етсек деген тілек еді.

Олжас ОМАРҰЛЫ